Мұхтар Тайжан «шүкірші» ме, «зікірші» ме?

none

Мұхтар Тайжанның Қазақстанды сүлікше сорып жатқан олигархтармен байланысы және оның Қытай лоббиі жөніндегі құпия мәліметтері әшкере болып, қоғам алдындағы беделі төмендеп кеткен соң былайғы жұрт «зікіршілер» деп атайтын сопылардың белді уағызшылары оны жаппай қолдап кетті. Экстремистік бап бойынша 12 жылға сотталып шыққан Саят Ыбыраев мен зікір салуды талмай насихаттап жүрген Санжар Керімбай арнайы видео мәлімдеме жасап, жұртты Мұхтар Тайжанға дауыс беруге шақырды. Бұл жағдай діни-идеологиялық сипаты басым сайлаудың «зікіршілік» синдромын талдауды қажет етіп тұр. Сол үшін «Мұхтар Тайжан «зікірші» ме?», «Ол «зікіршілерге» тәуелді ме, әлде «зікіршілер» Тайжанға қарыздар ма?» деген сұраққа жауап іздейміз.

Мұхтар Тайжан өзін марқұм әкесі Болатханның ісін жалғастырушы саясаткермін деп санайды. Мен Болатхан аға Тайжанды жақсы танимын, талай жыл пікір алмасып, қазақ қоғамының проблемалары жөнінде үнемі әңгімелесіп жүрдік. Ол демократия мен либерализм құндылықтарына берік, саяси көзқарасы айқын азамат еді. Сондықтан 31 арнадағы «Дода» ток-шоуында кесімді пікір айтатын «Төбе бидің» бірі ретінде Болатхан Тайжанды таңдағанбыз. «Зікірші» сопылардың экстремистік, сепаратистік пиғылын әшкерелеуге үлес қосқан бағдарламаның бірі де осы «Дода» ток-шоуы болды. Әкесі қайтыс болған соң Мұхтар ұлтшыл патриоттық алаңға, яғни саясатқа шыққанда оның бойынан Болатхан ағаға ұқсас қасиет іздейтінмін. Мұхтармен сағаттап отырып сұхбат алып, шай ішіп әңгімелескем. Қарап отырсам, әкелі-балалы екеу мүлдем екі түрлі адам. Мұхтар тұрмыстағы проблемасын шешу үшін, саясаттағы амбициясын қанағаттандыру жолында «шайтанмен» де мәміле жасай беретін сияқты, кез келген саясаттың, кез келген діни сектаның ойыншығы бола кетуге бейіл.

Мұхтар Тайжанның ұлтшыл патриот имиджін қалыптастырумен алғашында журналист Қасым Аманжол айналысты. Ол Болатхан аға мен Мұхтардың «саяси сабақтастығын» насихаттайтын «Әке аманаты» атты фильм түсірді және т.б.с.с. Алматы облысындағы «Соғым байтал», «Пиаз дауы» оқиғасынан кейін Қасым Аманжол жүріс-тұрысы күмәнді Мұхтар Тайжаннан бойын аулақ салғандай болған. Бұл бекер екен...

Кезінде «Қазақстан» ұлттық арнасын жаулап алған «зікірші» сопылардың қатарында болған Қасым Аманжол секілді журналистердің бір тобы кейін АҚШ-тың «Азаттық» радиосына барып орныққан. Қазір ол «Азаттықта» басшы қызмет атқарады. Бірнеше жыл бұрын редакцияға медианың SММ маманы Жалғас Ертай жұмысқа тұрды. Адамның ойында не бар екенін білу қиын, сондықтан оның «зікіршілік» діни сипатты идеологияға қаншалықты шалдыққанын білмейміз. Білетініміз, Жалғас Ертай аяқасты «Азаттықтан» өз еркімен жұмыстан кетті, қазір кандидат Мұхтар Тайжанның сайлауалды штабын басқарады. Болжамның желісін осы тұстан тартсақ, «зікірші» Саят Ыбыраев пен Санжар Керімбайдың «Мұхтар Тайжанға дауыс беріңдер» деген насихатына тапсырыс беруші Қасым Аманжол ма?!» деп қаласың. Дегенмен, «Тайжан саяси амбициясын қанағаттандырып, биілікке жетіп алу үшін ғана «зікіршілерді» жағалап жүр ме, әлде «зікіршілер» Тайжанға қарыздар ма?» деген сұрақтың басын аша кеткен жөн.

Ақорда маңындағы құпия дереккөз Тайжан мен «зікіршілер» арасындағы байланыс күрделі екенін айтады. Оның ойынша, Исматулла тақсырдың түрмеден шығуына және оның 2022 жылы Ресей мен Түркияға сапарлап қайтуына көмектескені үшін Мұхтар Тайжанға «зікіршілер» қарыздар болып қалған. Ол Жер комиссиясына, Ұлттық кеңеске мүше бола жүріп, биліктегі байланысын «зікіршілердің» мүддесі үшін де пайдаланды деген пікір бар.

Оқырманның есінде шығар, 2010 жылдары «Сенім.Білім. Өмір» деп аталатын ұйымның аясында экстремистік әрекет жасаған «зікірші» сопылардың пірі мен тақсырлары ұзақ мерзімге сотталды. Исматулла пір -14 жылға, Саят Ыбыраев 12 жылға түрме жазасына кесілген. «Сенім.Білім. Өмір» қоғамдық бірлестігі экстремистік ұйым деп танылып, елде жұмысына заңмен тиым салынды. Санжар Керімбай секілді «зікірші» журналистер мен Зікірия Жандарбек секілді ауызы бейпіл путиншіл уағызшылар жазадан құтылып кетті.

Назарбаев режимінің соңғы жылында Исматулла тақсыр мен Саят Ыбыраев қалған жазасын шартты түрде өтеу үшін бостандыққа шығарылған, бірақ екеуі де тұрғылықты жерінен рұқсатсыз кетпеуді бақылайтын пробацияда болуы тиіс. Пробацияда бола тұра Исматулла пір Ресейге сапарлады, Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысын қолдап, азат Украинаға қарсы қарулы «жиһад» жариялаған Ресей мүфтиі әрі ФСБ полковнигі Талгат Таджуддинмен кездесті, Ресей президентін «Пөтенжан» деп еркелетіп, оны «ақырзаман жақындағанда қылыштың жүзімен әлемде әділеттілік орнататын» Мәһдиге теңеді. Исматулланы түркістандық «зікіріші» Зікірия қолдап, Ресейдің Украинаға қарсы қанқұйлы соғысын әлдебір тарихи әділеттілікті қалпына келтіру деді. Қысқартып айтсақ, қазір путиншіл Ресейді қазақстандық «зікірші» сопылар қолдайды. «Зікіршілік» діни идеологияға уланған олардың біразы Ақорданың бас идеологы Ерлан Қариннің қолдауымен сайлауға қатысып жатыр. Ал Мұхтар Тайжан былайғы жұртқа өзін бастысшыл демократ көрсеткенсіп, агрессиядан зардап шегіп отырған Украинаны қолдайтын кейіп танытып жүр. Шындығында , оның бұл ісі жымысқы, екіжүзді саяси ойын, Мұхтар Тайжан «зікіршілдердің» қолдауымен билікке жетіп алмақшы...

Oraz Alimbekov,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Түтін 13.03.2023 202

Қатысты мазмұн