Молдалар кілемге мініп ұша ма?

none

Қазақ ұғымында дін адамы, соның ішінде имамдар терең білім иесі, ақиқатқа бастаушы, жөн-жоралғыны жақсы білетін тұлға ретінде саналады және оларға халық құрметпен қарайды. Тағдыр тауқыметінен қажығандар имамға барып жүгінеді, солардың ақыл-кеңесін алуға ұмтылады. Десек те, «Ет сасыса – тұз себеді, ал тұз сасыса – не себеді?!» дейтін тығырықтағы ой қазіргі қазақ қоғамын мазалап тұр. Имамдар мен молдалардың біліктілігіне күмән артып барады. Оған негіз де жоқ емес. Себебі, жамағатқа уағыз айтып, жол сілтеп отырған имамдардың көбінің алған білімі күмәнді, кейбірінің тіпті қолына ұстап жүрген дипломы ақшаға сатып алғандай көрінеді. Солай болса да, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Өтпенов білімі күмәнді молдаларды бас имамдыққа тағайындауды тоқтатпай келеді. Діни биік лауазымға тағайындалатын молданың біліктілігінің тексерілмеуі «пәленше Өтпеновтың адамы» деген ой түюге итермелеп отыр. Мұндай жағдайда имамға, мүфтиге деген құрмет қайдан болсын. Бұл мақалада еліміздегі үш ірі қаланың бас имамдарының қайда және қалай оқығанын талдауды жөн санап отырмыз.

text

Алдымен Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы Оспаннан бастайық. Оның ресми өмірбаянына қарасақ, Төлеби Оспан 2000-2005 жылдары Оңтүстік Қазақстан Ашық университетінің «Филология» факультетінде «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша жоғары білім алыпты. Бұл жекеменшік оқу орны ҚР Білім және ғылым министрлігінің кезектен тыс тексеруі кезінде «талапқа сай емес» деп танылып, 2007 жылы жабылып қалған. «Талапқа сай емес» университеттің студенті болған Төлеби Дәділұлы 2002-2003 жылдары Алматы облысы, Талғар ауданы, Қызыл Қайрат ауылында бас имам болған. Сонда Алматы маңында күні-түні қызмет атқарған студент-имам Шымкентте қалай оқыған?! Ол бір мезгілде екі жерде жүретін әруақ па еді?! Мұндай таңғажайыпты былай ғана түсіндіруге болады. Төлеби имам не Талғар ауданындағы мешітте сыртай уағыз оқыды немесе ол университеттегі сабағын «прогул» жасап, ешқандай білім алмай айдалада жүрді. Мына жерде «имамның дипломы жалған» деген қорытынды жасауға әбден болады. Төлеби Оспан 2003-2005 жылдары ҚМДБ төрағасы әрі Бас мүфтидің көмекшісі қызметін де атқарыпты. Сонда Қызыл Қайрат мешітінің имамы бір мезетте екі жерде емес, үш жерде жүре беретін қасиет қонған әулие болып шығып отыр. Әлде ол қиял-ғажайып ертегілердегі ұшатын кілемге мініп алған ба?!

Төлеби Оспан 2011-2013 жылдары «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінің «Дінтану» факультетін тәмамдаған. Тағы да сол оқуына сәйкес келетін дәл сол уақытта ол астанадағы білдей «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы қызметін атқарыпты. Сонда оқуы бір қалада, жұмысы мың шақырымдағы басқа қалада болған бұл молда қандай ғайыптың күшімен оқуды да оқып, жұмысқа да үлгеріп жүргені түсініксіз. Бұл еліміздегі діни білім беретін оқу орындары мен мешіттердегі жағдайдың сыйқын көрсетеді. Бұл – сорақылықтың бергі жағы ғана. Төлеби Оспан ресми өмірбаянында 2016-2018 жылдары «Шет тілдер және іскерлік карьера» университетінде «Дінтану» мамандығы бойынша оқып, гуманитарлық ғылымдар магистрі атағын алғанын жазады. Дәл осы уақытта Төлеби ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша бас имамы және «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің бас имамы қызметін қатар атқарған. «Нұр Мүбәракта» сырттай оқыды» дей салайықшы, ал магистратураны сырттай оқуға рұқсат жоқ. Сонда Төлеби Оспан Алматы мен Ақтөбенің ортасында күнде ұшақпен қатынап жүрген бе?!

Егер Төлеби имам магистратурада шынымен оқыған болса, екі жылға имамдық қызметінен ақысыз еңбек демалысын алуы тиіс еді. Ол олай істемеген, магистратураны да оқып тастаған, имам болып күреп ақша да тапқан. Міне, осындай білімі мен біліктілігі дүдәмал молданы, яғни Төлеби Оспанды Бас мүфти Наурызбай Өтпенов 2021 жылдың мамырында білікті имам әрі мықты қари Еркінбек Шоқайдың орнына - Алматы қаласының бас имамы қызметіне тағайындады. Бұл ҚМДБ-дағы жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстық емей, немене?! Себебі, Төлеби Оспан «Нұр-Астана» мешітінде наиб имам болып жүрген кезінде оның тікелей бастығы қазіргі Бас мүфти Наурызбай қажы Өтпенов еді. Білімі күмәнді Төлеби соның сеніміне мықтап кіріп алғанға ұқсайды. Сол сыбайластық білікті әрі білімді Е.Шоқайды ойланбастан қызметтен ысырып тастауға итермеледі.

text

Шымкент қаласының бас имамы – Бақдаулет Нұрматұлы Абдурахманов. Ол бұл қызметке былтыр ғана бас мүфти Наурызбай қажы Өтпеновтің өкімімен тағайындалды. Бұл діни қызметте бұған дейін Ташкенттегі Орталық Азиядағы ең атақты діни білім ордасы – Имам Бухари атындағы ислам институтын тәмамдаған, «Нұр-Мүбәрак» университетінің докторантурасын бітірген, сауаттылығымен жамағатқа сыйлы болған Бақтыбай қажы Бейсенбаев еді. Бас мүфти осындай сауатты әрі білікті имамды қызметінен алып тастап, оның орнына Бақдәулет Абдурахмановты қонжита салды.

Бақдаулет Абдурахманов 2001-2005 жылдары Шымкенттегі Халықаралық қазақ-араб университетін «Дінтану және араб тілі» мамандығы бойынша бітіріпті. Ол студент болып жүріп-ақ, яғни 2003-2008 жылдары Жезқазған өңірі бойынша өкіл имамның орынбасары - наиб имам қызметін атқарған. Сонда ол екі жыл бойы екі қаланың арасында әрі-бері кілемге мініп алып ұшып жүрген бе, әлде оған да Төлеби молда секілді бір мезетте екі жерде пайда бола кететін ерекше қасиет қонған ба?!

Айтпақшы, Халықаралық қазақ-араб университеті деген оқу орны қазір жоқ. Кейін оның аты «Отырар» университеті болып өзгерген. Бұл университет те Төлеби Оспан бітірген Оңтүстік Қазақстан Ашық университеті секілді БҒМ-нің кезекті тексеруі кезінде сыннан өте алмай жабылып тынған. «Талапқа сай емес» университетті бітірген молда қалайша «талапқа сай, білімді, білікті» бола алады?!

Бақдәулет молда 2008-2014 жылдары Жезқазғанда, одан кейін Сәтпаев қаласындағы мешітте бас имам болып қызмет атқарып жүріп-ақ Алматыдағы Қазақ қатынас жолдары университетін 5 жыл бойы оқып, «экономист» дейтін екінші мамандық алып үлгеріпті. Сонда бұл кісі қай кезде оқып, қай уақытта тікелей міндетімен – имамдықпен айналысты екен?!

Бақдәулет имамның мешіт жамағатын қараусыз қалдырғанына дәлел бар. Мысалы, Сирияға «халифат құрамыз» деп аттанған қазақстандық радикалдардың көбі осы Сәтпаев қаласынан шықты. Бұған діни саланы қадағалауға алған ҚМДБ да, осы ұйымның Сәтпаев қаласына жіберген имамы да кінәлі. Осындай жұмысты ақсатқан, қаладағы мұсылман жамағаттың радикалданып кетуіне жол берген Бақдаулет Абдурахмановты Шымкент қаласының бас имамы етіп тағайындаған Бас мүфти Наурызбай қажы Өтпеновте ес жоқ екен.

text

Наурызбай қажы Тағанұлы мүфти болғалы мансабы күрт жоғарылаған үшінші адам – Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы Жүсіпов. Бұл адамның да біліміне қатысты көкейде күмән туады. Ол 1995-97 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Ынтымақ совхозындағы «Таяқты ишан» мешіті жанындағы медреседе діни сауатын ашқан соң, 1997-2001 жылдары Қызылорда қаласы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің экономика факультетін тәмамдаған. Ерболат Жүсіпов әрі қарай өмірбаянында 2001-2003 жылдары Сирияның астанасы Дамаск қаласындағы шетелдіктерге арналған араб тілі институтының толық курсын аяқтағанын жазады. «Атауы түсініксіз бұл не қылған институт» деп интернеттен іздегенімізбен, ештеңе таппадық. Есесіне, Дамаск қаласында шетелдіктерге араб тілін үйрететін «Ma`had» дейтін жедел курс барын білдік. Араб оқу институты деп аталатын бұл оқу орны араб тілін үйренгісі келгендерге 2-3 айлық курс ұсынады. Сонда Нұр-Сұлтан қаласы бас имамының «институт тәмәмдадым» деп атын дардай қылып айтып жүргені әншейін курс болғаны ма?!

Бұл үш имамға ортақ нәрсе не? Үшеуінің де алған біліміне қатысты күмән мен күдіктенетін сауал көп. Үшеуінің де діни лауазымы Наурызбай қажы Өтпенов Бас мүфти болған соң күрт өсіп кетті, яғни бұл үш имамды да «Бас мүфтидің сенімді серіктері» деп атауға болады. Олай болса, Наурызбай Тағанұлының да алған білімі мен өмір жолына қатысты күмәнді қалтарысына үңіліп, зерттеу жүргізіп алған жөн секілді. Мүмкін, сонда ғана Бас мүфтидің «талапқа сай емес» оқу орнын тәмамдаған имамдарға құсы түсіп, қызметін өсіруінің себебін анықтаймыз.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Текемет 02.09.2021 2654

Қатысты мазмұн