Молдалар қайыр сұрап мүфтидің беделін көтере ме?

none

Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы Өтпенов өзіне қатысты баспасөзде жарияланған сыннан кейін жұмысты күшейтті. «Ол тобыққа дейін түсіп кеткен беделін көтеру үшін ҚМДБ жанындағы «Зекет және қайырымдылық» қорының жылдық жоспарын бұзып, оның орнына төтенше қайырымдылық шараларды шұғыл іске қосты. Бұл іс-шаралар кәсіпкерлерге де, қатардағы молдаларға зор ауыртпалық салып жатыр» деп хабарлады мүфтият маңындағы құпия дереккөз.

text

Дереккөз жіберген хатта (2-суретте) «Зекет және қайырымдылық» қоры осы жылдың соңғы үш айында (қазан, қараша, желтоқсан) «Әр аптада бір шара» өткізуді жоспарлаған. «Әр аптада бір шара» жобасының (3,4 – сурет) асығыс жасалғаны қайырымдылық пен басқа жарнамалық іс шаралардың тақырыбынан көрініп тұр. Оның ішінде мешіт қызметкерлеріне де, дәрігерлер мен жастарға,сонымен қатар қарттарға да көмек беру жоспарланған – ашығын айтсақ ҚМДБ Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің функциясын атқарып жатқандай әсер қалдырады.

text

text

Шындығында, ҚМДБ-ның зекет қорында апта сайын соншама іс-шара өткізуге жететін ақша жоқ. Мешіттер христиан дінін басшылыққа алатын монастырьлер секілді егін егіп, бақша салып, өнім өндірмейтіні, молдалар монахтар секілді белі қайысып егістікте жұмыс істемейтіні белгілі жайт. Мешіт молдалары, жалпы ҚМДБ халықтың үстінен күн көріп жатыр, тұрғындардан пітір-садақаны жинап алады, кәсіпкерлерді иектеп, соларды спонсорлық және басқа да көмек беруге мәжбүрлейді. «Төтеннен іске қосылған «Әр аптада бір шара» жобасы «Құдай үшін» қайыр сұрауды күшейтуді қарапайым молдалардан талап етеді. Мұның бәрі бас мүфтидің беделін көтеру үшін жасалып жатқан шаруа» дейді дереккез.

Дереккөздің мәліметінше, ҚМДБ-ның орталық аппараты да, мешіттердің штаты «далиып» үлкейіп кеткен. Орташа мешіттерде де бірнеше наиб-имам мен кезекші имам, азан шақырушы және басқа да дін қызметкерлері толып жүр. Кейбір мешіттерде штатына кірмесе де сол жерден «нанын тауып жеп жүрген» внештатный молдалар кездеседі.

«Қарапайым молдалардың айлық жалақысы 42 мың теңгені құрайды. Екі¬-үш айдан бері жалақы берілмеді. ҚМДБ қорында қаржы жоқ. Өзіміз жалақы ала алмай, тиынды тиынға соғып қиналып жатқанда «Әр аптада бір шара» атты жобаның не қажеті бар?!» деп,өкпесі қара қазандай болған Атыраудағы құпия дереккөз ренжіді.

Дереккөздің мәліметінше, Бас мүфти Наурызбай Өтпенов Атырау өңіріне бес күндік іссапармен барғанда өңірде салынатын 25 мешіттің орнын нақтылап кеткен. Атырау қаласының,яғни Атырау ықшам ауданында жоспарланған мешіт құрылысына 2 га жер бөлінеді екен. Ол мешіт мемлекет қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтың өмірден озған анасы Ділдә апаның атымен аталады.

«Дін қызметкері болсам да айтайын, соншама мешіттің бізге не керегі бар?! Халыққа дәл қазір керегі – балабақша, мектеп, спорт және балалар ойнайтын алаң» дейді Атыраудағы дереккөз. Дереккөздің ойынша, мешіттер көбейсе, молдаларға да жақсы емес. Бұрын бір мешітке топтасқан жамағат шашырайды, ұнаған мешітіне барады, ұнаған имамына жүгінеді. Оның үстіне, халықтың діни рәсімдерін өтеуде бәсекелестік күшейеді. «Садақа ас пен жаназада Құран оқып, қарапайым адамдардың берген тиын-тебенімен жан бағып жүрміз. Ауқатты, дәулетті адамдар бас имам, наиб имамды бедел тұтып садақасына шақырады, ал бізді менсінбейді. Мешіт көбейсе, қарапайым молдалар табыссыз қалады» дейді дереккөз.

Атыраудағы дереккөздің ойынша, төтеннен іске қосылған «Әр аптада бір шара» жобасын жүзеге асыру қиын. Коронавирус пандемиясы кәсіпкерлерді тұралатып тастады. Жыл соңында олардың қайырымдылыққа бөлетін ақшасы жоқ. «Бізде, қарапайым имам-молдаларда, сірә, ақша жоқ. Күнімізді зорға көріп отырмыз. Басшылардың бәрі қолы ашық деген бір-бір спонсорды иемденіп алған. Оларға бізді жақындатпайды, тыйым салып тастаған. Ұрланып барып көмек сұрағаныңды біліп қойса, жұмыстан қуып жібереді. Басшылар бізді «Зекет» қорына ақша тартыңдар» деп, өзі күнін зорға көріп отырған кәсіпкерлерге жұмсайды. Бұл қайыршыдан қайыр сұрағанмен бірдей іс қой. Сонда біз қайыр сұрап тапқан қаржыны қайрымдылыққа жұмсаймыз ба?! Қайыршының қайырымдылық жасағанын кім көріпті?! Қайыр сұрау арқылы Бас мүфти беделін көтеру деген ақымақтың іс емес пе?!» дейді дереккөз.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Текемет 04.10.2021 1327

Қатысты мазмұн