Маңғыстау «Ауыл» партиясына «майлы жілік» ұстатты

none

«Ауыл» партиясының Маңғыстау облыстық филалының жетекшісі Аллаберген Қонарбаев өткен сайлауда Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты болған. Ал бүгін Аллаберген Қонарбаев облыстық мәслихатта тұрақты жұмыс істейтін комиссияның 800 мың теңге айлық алатын төрағасы болып тағайындалды.

Кәсіпкерлік, аграрлық сала, жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселесі жөніндегі тұрақты комиссияның тізгінін аталмыш салаларға ешқандай қатысы жоқ Аллаберген Қонарбаевтың қолына ұстата салу оңаза ой туғызды. Себебі, ол алғашында инженер мамандығын алған, бірақ мамандығы бойынша бір күн де жұмыс істемеген, кейін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі деген диплом алып әртүрлі шаруаның басын бір шалып өмірін өткізіп келеді. Ол көбіне аймақтағы журналистиканы, қоғамдық ұйымдарды төңіректеген, руханиятта қандай «тау» қопарғаны беймәлім, солай болса да Журналистер одағына, Жазушылар Одағына мүше болып алыпты.

Аллаберген Қонарбаев соңғы жылдары облыстық Дін істер басқармасына қарайтын «Дін мәселелері бойынша ақпараттық-талдау орталығының» маманы болған. Маңғыстау - діни алауыздық әбден ушыққан өңірдің бірі. Аңқау қазақты зікіршілер – ояққа, сәләфилер – бұяққа, нақышпанды сопылар тағы басқа жаққа тартқылап, берекесін алды. Осыдан-ақ көрініп тұр емес пе, Аллаберген Қонарбаевтың қолынан ешқандай іс келмейтіні, «жүрген жеріне шөп шықпайтыны». Әр саланың басын бір шалып, қоғамға пайдалы оңды бір іс тындырмаған осындай «маманды» Маңғыстау облысында маңызды бағыттың тізгінін ұстатып қойған дұрыс па?! Міне, осы сұрақ маңғыстау халқын мазалап жатыр.

«Ауыл» деген сөзді естісе, аңқау қазақтың бүйрегі бүлкілдеп, әлденеден үміт күтіп елеңдей қалатынына таңым бар. Ақиқатында, «Ауыл» партиясының аты бар да, заты жоқ ұйым ғой, оның ауылға, аграрлық саладағы кәсіпкерлік проблемасына, жер қатынастары мәселесіне жаны күйген емес.

Жигули Дайрабаевтың тоқпан жілікті жұдырығымен ұрып сындырумен ғана «Ауыл» партиясының аты шықты. Оның екі ұлының мемлекетттік сатып алу тендері бойынша жемқорлықққа ұрынып, қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны тағы бар. Жақында Дайрабаевтар отбасының славян ұлтының бір жігітін ұзақ уақыт құлдықта ұстағаны әшкере болды. 21-ғасырда зайырлы Қазақстанды осындай масқараға ұшыратса да Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев моралдық жауапкершілікті сезініп қызметінен өз еркімен кеткісі келмей отыр, креслосына кенеше жабысып алды. Ал «Ауылдың» Маңғыстау облыстық филиалының басшысы Аллаберген Қонарбаев «көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап алғаны» тіпті ұят болды ғой. Әлде ол 800 мың теңге үшін «бетінің суын бес төгіп», лайықты емес орынға жайғасқанын «Ауыл» партиясының абыройынан артық көре ме? Жигули Дайрабаев тоқпан жілікті ұрып сындырса, онда Аллаберген Қонарбаевтың да «майлы жілік мүжуге» қақы бар ма? Бұған сенатор креслосына жабысып қалған «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев не дейді екен?!

(Материал Ораз Әлімбековтің Фейсбук парақшасынан алынды)

Айдары: Түтін 25.05.2023 106

Қатысты мазмұн