
Ақорданың жобасы саналатын және соңғы кездегі сәтсіз «қойылған көріністерден» кейін жұрт арасындағы аз-маз беделінен жұрдай болған Жанболат Мамайдың «романтикалық күрескер» бейнесін сомдау процесі келесі фазасына енді. 9 шілдеге дейін күдікті ретінде изоляторда отыратын ол «жанрдың классикасы» қағидатын ұстанып «абақтыдан хат» жазыпты. Хатында халықты ертең болатын сотқа қатысуға шақырып, онда биліктің жасаған қылмысын ашық айтуға уәде беріпті.
«Абақтыдан хатын» сала-құлаш тарихи экскурстан бастаған популист биліктен кеткен Назарбаев режимін тренд бойынша қамшысымен бір сипай өтіп, жұдырығын түйіп, Тоқаевқа шүйліккен кейіп танытып, барлығы білетін нәрсені қайталап шығады.
«Тоқаевтың алдында екі жол бар: не саяси реформаларды бастап, билікті өз еркімен тапсырған басшы болып қалу, не абыройсыз, қаніпезер диктатор ретінде тарих жазасына тартылу... Екіншіден, қоғамда әділдік орнауы тиіс. Ол не деген сөз? Әділетті сот, прокуратура, халықтың қауіпсіздігін қорғайтын күштік құрылымдар қажет. Полиция адамды азаптап, прокуратура бұған көз жұмып, соттар әділетсіз шешім шығарса, қоғамда мемлекеттік органдарға сенім еш уақытта орнамайды. Үшіншіден, әлеуметтік реформа қажет. Табиғи ресурс байлығы жөнінде әлемде 11-орын алатын Қазақстанда халықтың кедейшілікте өмір сүруі – нонсенс. Кедейшіліктің шегінде өмір сүріп жатқан 2,5 млн. халықты елемеу, олардың мәселесін шешпеу мүмкін емес. Оны шешудің бірден-бір жолы Назарбаевтардың бар ұрлағанын елге қайтару. Төртіншіден, Тоқаев билігі Қаңтардың тарихи, саяси мәнін мойындауы керек. Қаза болған боздақтардың отбасына көңіл айтып, олардан кешірім сұрауы тиіс. Адам өліміне қатысы жоқ барша азаматтарға амнистия жариялап, түрмелерден босатуы керек. Бұдан бөлек, шетелде саяси себеппен қудалауға түскен барлық саяси эммигранттарға амнистия жариялап, оларды елге қайтаруымыз тиіс...» деп жалпылама «тың» ұсыныс жасайды.
Содан кейін: «Қазақ демократияны түсінбейді, бұл бізге жат» деген назарбаевшылардың сөзі бастан аяқ өтірік. Біздің алдымызда екі жол бар: бірі – демократия, даму, қуатты болу, екіншісі – авторитаризм, кедейшілік, артта қалу. Таңдау жасайтын кез келді деп санаймын» деп жалынды ұран тастайды.
«Белгілі себептермен дәл қазір сіздердің араңызда жоқпын. Бірақ, ойым, рухым сіздермен бірге. Егер 4-қаңтар айналып келсе, сол күні бейбіт митингіге шығуға қалай үндесем, қазір де сол қадамға қайта барар едім. Назарбаевтың жеке-дара билігін топалаң асырған халықтың бастамашысының бірі болғаныма еш өкінішім жоқ. Әрине, алдағы бірнеше жылды абақтыда өткізуім әбден мүмкін. Бірақ, бұған да дайынмын. Менің өмірім қаңтарда оққа ұшқан, қамалған, азапталған қазақтікінен артық та емес, кем де емес. Жүрегімде Құдайға деген сенім бар. Қазақтың жарқын, азат болашағына да сенімім мол. Түбінде жеңіске жететінімізге көзім жетті. Қоғамның, Халықаралық ұйымдардың қолдауы да қуат беруде. Алдағы сотта басымды иіп, айыпты болып тұрмаймын. Маған қарсы қозғалған қылмыстық істің артында кімдердің тұрғанын, олардың қылмысы туралы ашық айтамын. Қаңтарда қан төккендердің аттарын да ашық айтамын. Сіздерді де бұл сотқа шақырамын. Кімнің кім екенін білесіздер» - деп Қаңтар оқиғасындағы өзінің рөлін асыра көрсетіп, оқырманның эмоциясына әсер ететін пафоспен хатын аяқтайды.
Естеріңізге салсақ, Жанболат Мамай 16 ақпанда Алматыда "саяси реанимациядан" шыққан Болат Әбілев ұйымдастырған Қаңтар оқиғасында қаза болғандарды еске алу шарасынан кейін «рұқсат етілмеген митинг өткізді» деген айыппен 15 күнге қамалған. 26 ақпанда оның үстінен «Билік өкілін қорлау» және «Жалған ақпарат тарату» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды. Содан соң оған Қаңтар оқиғасына байланысты «қару қолдану, қирату, өртеу жолымен жаппай тәртіпсіздік жасау» және «төтенше жағдай кезінде жаппай тәртіпсіздік жасау» деген баптармен тағы екі айып тағылды. 10 маусымда сот Мамайдың қамау мерзімін 9 шілдеге дейін ұзартты.
Сарапшылар осы істі қозғауға түрткі болған аталмыш жиынға оппозицияның басқа да белсенді жетекшілерінің қатысқанына, бірақ билік оларды Мамай секілді қамауға алмағанына назар аударды. «Азапталушы» рөліне билік Мамайды ғана таңдапты. Осылайша оның саяси өмірбаянында Қаңтар оқиғасынан кейін басталып кеткен жаңа тарау, яки «Мерлезон балеті» жалғасының мазмұны алдағы сотта анықталады.
Көкірегі ояу, бірақ сенгіш адамдарға Жанболат Мамайдың жазғаны кәдімгідей әсер етуі мүмкін. Мамайды ел қамын бәрінен де жоғары қоятын, рухы мықты күрескер деп ойлауы ықтимал. Оның үстіне, егер ол бірнеше жылға түрме жазасына кесілсе, онда билік көздегендей, одан қазақтың Манделасын, не ең болмағанда қазақтың Навальныйын жасауға күш салынады. Бірақ Мамайдың бұған дейінгі өткен жолын, әрекетін, халықты митингіге шақырып, өзі оған келмей қалатын әдетін, «кеттлингтің» қыр сырын жақсы білетін оның бұрынғы жақтастары бұған алдана қоймасы анық.
S