Мамай әліге дейін бірде-бір дәлел ұсынбапты

none

Жанболат Мамайды сотқа берген Бауыржан Байбек "40 күн болды, [жауапкер жағы] дәлел ретінде бірде-бір құжат көрсетпеді" деп мәлімдеді.

– Бәрі сотта дәлелденуі керек. Айтатын нәрсе айтылды. Қазақта "Айтылған сөз атылған оқ" деген жақсы сөз бар. 40 күн уақыт өтті, ол кісі дәлел ретінде бірде-бір құжат көрсетпеді. Сот бәрін ашық, әділ шешуі тиіс деп санаймын, – деді Байбек 27 мамырда Азаттыққа берген сұхбатында.

Бұған дейін шенеунікті жемқорлық жасады деп айыптаған саяси белсенді Жанболат Мамай "дебат өткізейік, таза екенін халық алдында дәлелдесін" деп оны пікірталасқа шақырған еді. Тікелей эфирде пікірталас өткізу туралы идея жөнінде саясаткер:

– Бұл жерде дебат артық деп ойлаймын... Жала жапқан адаммен не жайлы сөйлесемін? Ол жала жапты ма, менің құқықтарымды бұзды ма, мен сұхбат бердім бе, нақты құжаттарды бердім бе? [Бердім]. Ал Мамай мырза бірде-бір құжат берген жоқ. Айтқан әңгімесінің бәрі жала. Айтқан сөзін құжатпен дәлелдесін, - деді.

Ал Мамай 27 мамырда "негізгі процесс басталмады, алдағы уақытта бүкіл қоғам Байбекке қатысты көп шындықты біледі" деп мәлімдеді.

– Қарап отырсақ, сотқа берген арызында ол фильмде көрсетілген мәліметтердің бір бөлігін ғана жоққа шығаруды талап еткен. Ол отбасының негізгі бизнесі туралы, жемқорлығы туралы, Ахметовтермен байланысы туралы мәліметті жоққа шығарып отырған жоқ. Сондықтан біз қазірдің өзінде Байбектің жемқор екенін дәлелдедік деп есептейміз. Біз енді Қазақстанда соттың қандай екенін білеміз. Қазақстан сотында әділдік жоқ екенін білеміз. Бірақ сотты шындықты жеткізудің мінбері ретінде пайдаланамыз, – деді Мамай "Азаттық" тілшісіне.

Саяси белсенді Жанболат Мамай сәуірде Youtube-тегі "Демократиялы Қазақстан/Демократический Казахстан" арнасында "Бауыржан Байбек: Назарбаев сыныптасы баласының жемқор бизнес-империясы" атты видео жариялаған. Деректі фильм стилінде түсірілген видеода Мамай Алматының бұрынғы әкімі Байбекті "мемлекеттік қызметте жүріп үлкен бизнес-империя құрды", "Алматы әкімі болған 4 жылда 1 миллиард доллар заңсыз ақша тапты", "құрылысқа және көлік тұрағына" қала аумағының және Іле-Алатау ұлттық паркінің "жерін берді", "пара алды", "көмір мафиясын құрды" және Алматыдағы ЖЭС-2-ні "газға көшіруді кешеуілдетті", "адам құқықтарын бұзды" деп айыптаған.

Фильмге байланысты Байбек Мамайдың айтқанын жоққа шығарған. Оның заңгері жауапкерлер бұл сөздерді "нақты фактілер мен құжаттар негізінде дәлелдесін" деп сотқа шағым түсірген.

Айдары: Түтін 27.05.2021 44

Қатысты мазмұн