Мәсімов және Қазақстанды тонаудың ғаламат жобасы

none

Атышулы қазақстандық саясаткер Кәрім Мәсімовке қазір тағылып отырған «Отанға сатқындық жасау мен мен ұрлау айыптары», шын мәнінде оның Қазақстанды тақырға отырғызу бойынша жасаған қылмысының бір бөлігі ғана. Жақында ғана қоғам назарына ұсынылған қымбат көліктер, жауһар-жақұттар, хан сарайындай үйлері мен миллиондаған доллары – ол үшін жай күнделікті тұрмыстық шығын десе де болады. Яғни, алып мұздықтың су бетіне шығып тұрған ұшар басы ғана.. Оның халықтың несібесін ұрлап, қоғамға жасаған опасыздығының ауқымы өте кең...

Мәсімов мырза қамауға алынбай тұрып БАҚ-да оның мықты менеджер екені туралы ода жиі айтылатын. Өзіне тиесілі медиа арқылы оны ұйымдастыру оған қиын емес те еді.. Оның қысқа уақыт ішінде қызмет лауазымында биікке көтеріліп, елдегі ең ықпалды тұлғалардың біріне айналуын терең білімі мен кәсіби білігінің арқасы деп түсіндіретін. Ал шын мәнінде, ол біреулер үшін жай ғана «ақша толы қоржынның» рөлін атқарды. Бірақ, оның асқан ыждаһатпен асыра орындай алатын бір ісі болды. Бюджет ақшасын жеке қалтаға тоғытуды көздейтін жымысқы жобаларды ойлап тауып, оны жүзеге асырудан алдына жан салмайтын. Ондай жобалардың қоғамдық тиімділігі мен халық игілігіне тигізер әсері туралы сөз қозғаудың өзі артық екені түсінікті шығар..

Шет елде алған білімі мен байланысының арқасында Мәсімов мырза мемлекеттік қызметтегі карьерасын 2000 жылдары бастады. Ғарыштық жылдамдықпен көтерілген Кәрім Мәсімов 2007 жылы Премьер-министр орынтағына қонжиды. Халық арасында оның Тимур Құлыбаевтың адамы және Қытай мүддесіне жұмыс жасайтын агент деген сөз айтылып жүрді. Лақап аты – «Қытай» болды. Мына сәйкестікке қараңыз. Министрлер кабинетінің басшылығына келе сала жұңголықтарға 1 миллион гектар жер телімін жалға беру туралы жоба басталады. Яни, ашық түрде қытай мүддесіне қызмет ету бейімділігін көрсетіп қойды...

Мысалы оның қытайлықтардың еліміздің егістік алқабына соя мен рапс өсіруін қолдап, Үкіметтің барлық жобаларын қытайлық «Эксимбанк» арқылы несиелеу туралы атышулы шешімдері белгілі.

Оның Оңтүстік-Азия елдеріндегі бизнесі мен Сингапурде сатып алған қымбат жылжымайтын мүліктері туралы бүгінде халық енді біліп жатыр. Оның барлығына мемлекеттік қызметте жүріп, қалай қол жеткізді деп ойлайсыз?..

Дағдарыс кезінде кедей кедейлене түседі, бай байый береді деген сөздің дәлелі біздің Кәрім ака. «Сұмырай келсе су құриды» дегендей ол Премьер-министр креслосында отырған кезде әлемде қаржы дағдарысы басталып, мұнай бағасы мен ішкі жалпы өнім құлдырап кетті.. Осы кезде біздің «кейіпкер» «Үдемелі индустриалды-инновациялы дамудың мемлекеттік бағдарламасын» ойлап таба қойды. Бұл нағыз «ғасыр алаяқтығы» атағына лайық жоба болды. Ол бойынша елдегі ЖІӨ 2008 жылмен салыстырғанда 50%-ке өседі деп болжанған болатын. Бір қызық жайтты айта кетуіміз керек. Бағдарлама 2010 жылдың ақпан айында қабылданды. Ал осы жылдың жазында Мәсімов мырза жалпы құны шамамен 2 миллиард долларды құрайтын 72 жоба табысты аяқталды деп жалғанға жар салды. Бұл расында сау адамның миына сыймайтын таңғажайып рекорд еді.. Ары қарай тыңдаңыз. Жалпы Бағдарлама бойынша икемді экономика құрамыз деген желеумен құны 8 трлн теңге (шамамен 50 млрд доллар) болатын 294 нысан салу көзделді. Ең бастысы, ақша бюджеттен бөлінді. Алайда іс бітпеді, қу кетті.. Ал нәтижесі – нөл! Бағдарламада аты айқайлап тұрған нысандардың бірі де жоқ...

Халықтың тірнектеп жиған-тергенінің құнын бір-ақ сәтте көкке ұшырған теңгенің құнсыздануының ең ауыр екі толқыны – Мәсімовтың премьер-Министр болған кезеңінде орын алды. Біріншісі 2009 жылы 4 ақпанда Ұлттық Банк теңгені бірден 25%-ға девальвациялап жіберді. Қара шаруаның қалтасына әдеттегідей ауыр тиген бұл оқиға, Мәсімов пен оның серіктестері үшін бұл өздері ойластырғандай шықты. Алдын ала алып долларларын сатып, курстағы айырмашылықтан байып шыға келді.

2015 жылдың тамызында дәл осы махинацияны тағы қайталады. АҚШ доллары 180 теңгеден – 250 теңге бірақ қарғыды. Нәтижесінде 2015 жылы теңгеміз Еуропа мен ТМД елдерінің ең құнсыз валютасы болып танылды. Бірден 85,2%-ға құнсызданды.

2011 жылғы қаңтар-ақпан айларында Астана мен Алматы қалаларында өткен Қысқы Азия ойындары кезекті популистік жоба болды. Бұл жоба еліміздің бюджетіне 1,7 миллиард доллар шығын әкелді. Қазіргі талдау көрсеткендей қаржы мүлдем негізсіз жұмсалды. Негізгі бөлігі ұрланды, ал ойындар аяқталға соң, кінәлілерді іздеу операциясы негізінде әдеттегідей айран ішкендер құтылып, шелек жалағандар тұтылып жатты. Ал осы жобадан көсіп тұрып пайда тапқан батырымыз өзінің кезекті алаяқтық жобасына кірісіп кетті... Әңгіме ЭСКПО туралы екенін оқырманның іші сезіп отырған шығар.

Қазақстан халықаралық мамандандырылған ЭСКПО көрмесін өткізу құқығына 2012 жылы қараша айында ие болды. Дәл таптыңыз. Кәрім Мәсімов Премьер тағында отырған сәтінде. Тағы да ақша ұрлау, тағы да жемқорлық фактісі шықты. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшылығына 10 млрд теңгені жымқырды деген айып тағылды. Топ-менеджментке қарсы қылмыстық іс 500 томға жүк болды. Сот отырыстары бірнеше айға созылды. Нәтижесінде ұлттық компанияның бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев 14 жылға сотталды. Ал, біздің Мәсімов, мұртын жыбырлата жылы жымиып қойып, ақша жымқырудың келесі жобасына кірісіп кетті.

2015 жылы қыркүйек айында Мәсімовтің басшылығындағы Үкімет елдегі ең сұранысқа ие жанар-жағар майдың – АИ-92 маркасының бағасын еркін айналымға шығарды. Литріне 108 теңге болған марка бағасы 150 теңгеге бірақ өсті. Халық қалтасының түбін қағып жатқанда, біздің Мәсімовтың қоржыны томпая берді. 2016 жылдың тамызында Үкімет дизель отынын әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдері тізімінен шығарды. Нәтижесінде оның бағасы 115 теңгеге дейін көтерілді.

ҰҚК төрағасының креслосы Кәрім Мәсімовтің аранын да, мүмкіндігін де аша түсті. Байлыққа құқнығып, халықты тонаудың ләзәтына батқан біздің батыр «ар-ұят», «қорқыныш» деген сезімдерді мүлдем ұмытты. 2020 жылы оның отбасының үшін «Қазақмыс» қаражаты арқылы Лондонға жасаған сапары туралы ақпарат елді елең еткізді. Ағылшын елінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері Мәсімовтің көмекшісі мен «Қазақмыс» тұлғалары арасында электрондық хат алмасудың мәтініне назар аударды. Яғни, көмекші «Қазақмыстың» атқарушы директоры Эдуард Огайға электронды хат жолдап, Мәсімовтің отбасы үшін «ең үздік 12 орындық ұшақ» пен қатарлас қоныстаған үш қонақ үй нөмірін дайындауды талап етеді.

«Көп асқанға, бір тосқан» деген. Халықтың назасы ешкімді жібермейді. 2022 жылдың 6 қаңтарында Мемлекет басшысы ҰҚК-нің төрағасын қызметінен босатады. Келесі күні оған «сатқындық жасады» деген айып тағылғаны жария етіледі. Қазір кезінде өзі басқарған Ұлттық қауіпсіздік комитеті Кәрім Мәсімовтің және басқа да тұлғалардың мемлекетке опасыздық жасағаны, билікті күшпен басып алу, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану істері бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Алғашқы нәтижелері де жарияланды. Премьер-министр кезінде Мәсімов бизнес-құрылымдардың бірінен элиталы қонақ үй және құны 2,5 млрд теңге болатын жер телімінен сыйлыққа алған. Оның үйінен 17,2 млн доллар қолма-қол ақша, жауһар әшекейлер, бизнес-класс санатындағы 11 қымбат автомашина тәркіленді.

text

Тергеу қорытындысы бойынша ҰҚК экс-төрағасының Нұр-Сұлтан қаласындағы екі элиталық пәтері, Алматыдағы екі пәтері мен сарайы, Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы 1 га жер телімі бұғатталды. Мәсімовтің жақындарынан 5,1 млн доллар тәркіленді.

Сондай-ақ, ол ҰҚК төрағасы қызметінде отырғанда құпия келісімшарт негізінде шет ел агентінен 2 млн доллар пара алғаны белгілі болды. Осылардың негізінде ғана Мәсімовті 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға болады. Алайда, мұның бәрі оның ұрлықпен тапқан негізгі байлығының қасында түкке де тұрмайды. Ал Мәсімовтың алаяқтығы арқылы күн көріп жүрген адамдар түрлі ақпарат көздері арқылы қоғамды Мәсімовтың еш кінәсі жоқ дегенге сендіруге күш салуда. Алайда тұтас халықты алдай алмайсың. Қазақстан қоғамын ондаған жылдар бойы тонап, бір Жарлыққа қол қою арқылы халықты кедейліктің тұңғиығына тастай салуға еш шімірікпеген адамның тағы қандай оапасыздыққа бара алатынын барлығы түсінеді. Бірақ, түптің түбінде ешкім де әділдіктің жазасынан қашып құтыла алмайды..

«S»

Айдары: Түтін 06.04.2022 389

Қатысты мазмұн