ЛГБТ туын киелі Түркістанда желбіретіп, арандату туғызды

none

Қазақстандағы ЛГБТ белсенділері, «Феминита» қозғалысының жетекшілері Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержан Халықаралық лесбофобия, квирфобия, гомофобия, трансфобия және бифобияға қарсы күрес күнін атап өтетінін хабарлап желіде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі алдында 6 түсті кемпірқосақ үлгісіндегі ЛГБТ туын ұстап тұрып түскен видеоны таратты. Олардың бұл әрекеті қазақстандықтардың ашуын келтірді.

«Баршаңызды гомофобия, бифобия, трансфобия, лесбофобия және басқа да фобия түрлерімен халықаралық күрес күнімен құттықтаймыз. Биыл біз «күлгін киіз» үй іс-шарасын сәтті өткізген Алматы мен Түркістанда сіздермен бірге тойлап жатырмыз. Адам құқығы қорғалған жер киелі жер» - дейді қос белсенді.

Әлеуметтік желіні қолданушылар еліміздің киелі жеріне барып ЛГБТ туын көтеру дұрыс емес деген пікір білдірді. Бұл адамдардың құқықтарын қорғау үшін емес, хайп жасау үшін жасалды, бұл арандатушылықтан басқа ештеңе емес деп те жазылды. Жұртшылық осындай іс-шара өткізу үшін неліктен дәл осы жердің таңдалғанына ашуланды.

Әлбетте, әр адамның бұл мәселеге қатысты өзінің ұстанымы болуы заңды. Адам құқығын бірінші орынға қоятын демократиялық елдерде бұған сабырмен қарайды. Еуропада екі еркектен немесе екі әйелден тұратын жұп гетеросексуалды жұппен бірдей құқықтарға ие. Кейбір ЕО елдерінде олар үйленіп, тіпті бала асырап ала алады. Жыныстық азшылыққа жататын адамдардың ерекшелігі оларды қудалауға негіз болмауға тиіс екені түсінікті.

Бірақ осы мәселені көтеріп, мен мұндалап насихат деңгейіне жеткізу ақылға қонымсыз. Адам сексуалдық ориентациясын мамандық таңдағандай таңдамайтыны анық. Құдай о баста ер не әйел жынысты етіп жаратқан адамда мұндай сұрақ тумайды. Ал ересек болған кезде туындаған жағдайда, әлбетте, шешімді өзі қабылдағаны дұрыс. Дегенмен өзінің ЛГБТ-ға жататынын көрсетіп, баршаға паш ету орынсыз сияқты көрінеді. Сондай-ақ қазіргі заманның үрдісіне айналып бара жатқандай, жас балаларға қандай жыныс таңдайтынын сұрап, онда болашақта еркек әлде әйел болатыны өз еркінде, кез келген жынысқа үйленуге болады деген ой туғызу қауіпті.

Біздің дәстүрімізге сай келмейтінін, әлем діндерінде де бұған оң көзбен қарамайтынын былай қойғанда, мұның болашақта қандай нәтижеге алып келетіні шын мәнінде белгісіз. Қазір қалаған жағдайда операция жасап адамның жынысын өзгерту үйреншікті жағдайға айналып бара жатқаны рас. Эволюция барысында бұл үрдіс осылай кете берсе, болашақта адам мен аңдардың хромосомаларын зертханада будандастырып, ежелгі діндердегі құдайлардың үлгісімен бастың орнына құстың басын немесе дененің орнына аттың денесін таңдайтын, сөйтіп жаңа түр шығаратын фантастика шындыққа айналуы ғажап емес. Қалай болғанда да адамдар Жер бетінде адамзат ретінде сақталуын ойлауы қажет.

Айдары: Текемет 18.05.2023 87

Қатысты мазмұн