«Күн астындағы Күнекей қыз». «Ақ жолды» HIMARS-тан атқан кім?

none

«Ақорда амал ойлап тұр» деген зерттеудің соңғы бөлімінде «ақжулик» Азамат Әбілдаевті «путиноид» қылып жіберген саяси технологтар Айдос Сарым мен Ерлан Саиров екені жөнінде болжам айтылған. Ал Әбілдаевті қақпайлап әкеліп АҚШ үкіметі қаржыландыратын «Азаттықтың» эфиріне шығарып жіберуге әлгі екеудің тікелей қатысы бар ма, жоқ па, белгісіз. «Қатысы бар» деп айтуға аргумент жетіспей тұр. Дегенмен, Саиров пен Сарым «Жаңа Қазақстанның» жаңа Мәжілісін жасақтау концепциясының тізгінін ұстаған еліміздің қазіргі бас идеологы Ерлан Қарин стратегиясының тактикасын жүзеге асырып жатқаны айтылудай айтылды. Сондықтан «Азаттықты» Ақордамен, Ақорданы «Азаттықпен» жалғап тұрған «алтын көпірдің» құрылымдық жүйесін анықтауды бастаймыз.

Мен үшін «Күн астындағы Күнекей қыз» ертегісінің басы бар, аяғы жоқ. Басы бар дейтінім, алтын мүйізді киікті ұстап алып, оны ханға апарып сыйлық дәметіп, тұрмысын түзеп алғысы келген кедей жігіттің жауыз уәзірдің «косягына» кіріп кеткені ақылға қонымды, логикаға сай жазылған. Басын сауғалаған жігіттің қорқа-қорқа батыр болып, көрсеқызар ханға алтын тақ пен алтын ағашты тауып әкеліп бергені, жолсапарда қауіп-қатерден қалай құтылғаны да қызық. Ертегінің соңына қарай балаң жігіт көптеген қауіп-қатерден өтіп, күн астындағы Күнекей қызды ханға қатындыққа алып келе жатады. Күнекей қыз жігітке «Сен озып ханға бар, менің алдымнан шықсын. Ең алдымен хан, оның соңынан қырық уәзірі жүрсін, ең артында өзің жүр» дейді. Жігіт Күнекей қыздың айтқан сәлемдемесін хан ордасына жеткізеді.

«Күнекей қыз келе жатқан ханды қасқыр, уәзірлерді түлкі қылып жібереді. Олар бірін-бірі қуып кетеді» деп, одан кейін қазақ ертегілерінің соңына жазылатын «арман-мұратына» жетіпті деген жаттанды сөзбен шорт кесіп аяқтап тастайды. Мені «Күнекей қыз қайтіп ханды қасқыр, уәзірлерді түлкі қылды?!» деген сұрақ маза бермейді. Ертегіде Күнекей қыздың «ерекше қасиеті» жөнінде ештеңе айтылмайды, менің соған жыным келеді.

Камера көрсе орағытып қашып жүретін «путиноид» Әбілдаевтан «Азаттық» журналисі Нұргүл Тапаева сұхбат алып, «картоп» жарғанда тағы да Күнекей қыз есіме түсті. Әлеуметтік желі қолданушыларда да Тапаеваның парламентте кердеңдеп жүрген жүзден астам депутаттың ішінен «путиноид» Әіблдаевті тауып алғаны таңғалдырады. «Азаттықтың» қатардағы «мұзжарғыш» журналистерін бағыттап отыратын редакторлардың бірі Қасым Аманжол Нұргүл Тапаеваға редакция тарапынан «Әбілдаевті тауып ал» деп нақты тапсырма берілмегенін айтып ақталғысы келді, «Азаттықтың» Ақордамен байланысы барын жоққа шығарғысы келді. Десе де, мұндай ақталуды теріске шығаратын дәлел мен аргумент жеткілікті.

Әсіре радикал оппозицияның кейбір өкілдері АҚШ бюджетінен қаржыланатын БАҚ-ты «Нұр-Азаттық» деп атап жүргенін білеміз. Тіпті, «Азаттықтың» бұрынғы журналисі Әсем Тоқаева редакцияның ақпарат саясатына жауапты қызметкерлері астыртын билікпен сөз байласып, саяси режимге қызмет етіп жатқаны жөнінде ауқымды анализ жасаған. «Азаттық» сайтында көрініс тапқан қандай материалдың Ақорда мүддесін күйттеп дайындалғаны жөнінде нақты жүздеген дерек келтірді. Ә.Тоқаева «ақордашыл» бірнеше журналистің атын атап, оның ішінде Қасым Аманжол бар, оларды Қазақстанда демократияның орнығуын кешеуілдету үшін билікке қолғабыс жасап жатыр деп айыптаған. Әрине, әрбір редакцияның өз оппозициясы бар, ол Тоқаева секілді журналист кейпінде көрінетіні заңды құбылыс. Ал мен «Азаттықтың» Ақордамен байланысын басқа жағынан дәлелдеуге тырысайын.

Қазақстанның идеологиялық секторына Марат Тәжиннің 20-25 жылдай жетекшілік жасағанын ешкім жоққа шығара алмас. Ақиқат үшін айтайық, ол - қанатын кеңге сермеген білікті идеолог, тіпті діни идеология алаңында өзінің ізін қалдырды. Дінтанушы Тұрарбек Құсайыновтың «Шырмауық» атты кітабында Қазақстанның діни жазирасына 2000-шы жылдары «яссауиші-зікіршілер» деп аталатын сопылық тариқатың кірігуіне Тәжиннің ықпал еткені айтылған.

Зікірлершілер рухани ұстазға (пірге) зәру болғанда, Пешеварда жатқан Исматулла қариді Қазақстанға алып келген журналист Ғалым Боқаш еді. Сол кезде атеизмді артқа тастап рухани тірек іздеген жүздеген журналист «зікірші» болып кетті. Олар «Қазақстан» ұлттық арнасын шырмап алғаны да, 2010 жылдары «зікіршілер» құқық қорғау органдары күшімен талқандалғаны да, осы ауыр соққыдан кейін ес жинаған журналистер жылыстап барып «Азаттыққа» орныққаны да, медиа тарихының қойнауына кетіп қалғандай ұмытыла бастады.

Саясатта да ұрпақ жалғастығы бар. Мұнда дүние-мүлік емес, идеялар мұра болып қалады. Осы тұрғыдан алғанда кешегі Тәжиннің идеологиядағы мұрагері Ерлан Қарин екені анық. Ол «Қазақстан» ұлттық телеарнасына басшы болған тұста, Ғалым Боқаштың «Азаттық» эфирінен шығатын хабарын мемлекеттік телеарнада ретрансляция жасамақ болған. Тіпті екіжақты келісімшарт рәсімдеп қойған.

Қариннің бұл қылығын медиа менеджер ретінде әлсіздікке балап, өзі ұлттық арнада «таңсық» жасай алмаған соң, біреудің «қаңсығын» сұраншақтап тілеп алғаны ғана айтылды, оның бұл тірлігі қоғам тарапынан айыпталып, Боқаштың телехабарын «Қазақстаннан» шығартпай тастаған. Ақиқатында, бұл ретрансляцияның қамы емес, Ғалым Боқашты, соның ұйымдастырумен «Азаттық» жаулап алған журналистерді «зікіршілерден» зәрезап болған қазақ қоғамының алдында саяси реабилитация жасау еді. Боқаш-Қарин оқиғасынан кейін «Азаттық» пен Ақорданың идеологиялық секторы арасында байланыс үзілгендей көрінген. Бұл жағдай «Азаттықтың» Қазақстан билігін сынайтын бітіспес оппонент сипатында әрекет етуі де күмәнді сейілтіп тұр. Кейбір сарапшылар «Қарин - «Жаңа Қазақстанның» идеологы, ол қазір тәуелсіз, «ескі» идеолог Тәжиннің ықпалына толықтай шықты» деген пікірді қалыптастырғысы келеді. Дегенмен, кейбір мәліметте Еруропада жүрген Тәжиннің, тіпті Дархан Қалетаевтың әлі де қазақстандық біраз БАҚ-қа ықпалы етіп отырғаны дәлелмен айтылады.

Әрине, «Азаттықтан» Боқаш кетті, оның редакцияға ықпал ету мүмкіндігі тиылған шығар. Дегенмен, осыдан бірнеше жыл бұрын Астанадағы Тәжиннің зәулім үйінде Қасым Аманжолдың «ескі» идеологпен кездесіп, ауқымды әңгіме-дүкен құрғаны рас. Бұл бекер сөз десе, келісуші екі тарап қалай болғанын айтсын, сөз бостандығына ешкім тиым салған жоқ... Сондай-ақ, түрмеден шыққан «зікіршілердің» пірі Исматулла тақсырдың заңда көрсетілген пробация шартына түкіріп қойғандай шетел аралап тайраңдап кетуі де, ол және оның Зірікия Жандарбек секілді жақтастары Ресей-Украина соғысында Әбілдаев сияқты ресми Кремльді қолдап, Путиннің саясатын дін ислам тұрғысынан ақтап алуға тырмысуы «ескі» идеолог Тәжинің әлі ықпалының зор екенін немесе Тәжиннің идеологиялық мұрасын Қарин түгел қабылдап алып, енді өз бетінше әрекет етіп жатқанынан хабар бергендей.

Бар нәрсе жоқ болмайды, ол басқа күйге еніп, өзгеше сипатта көрінеді. Идеяны, идеологиялық мұраны екінші қолға ұзатқанда сол идеяны алып жүретін, сол идеяны тиімді тарата алатын субъектіні де екінші қолға жалғайды, желісін тартып береді. Сондықтан «Азаттықпен» Ақорданың қазіргі мұрагерлік айланысын «Боқаш-Аманжол», «Тәжин-Қарин» схематикасы бойынша қарастыру заңдылық. «Азаттықта» отырған Қасым Аманжолдың Ақорда идеологтары мен жымысқы саяси технологтары алдын-ала «путиноид» қылып дайындап қойған Азамат Әбілдаевты тапап-таптап тастаған журналист Нұргүл Тапаеваның «картоп» жарған ісінен басын алып қашып, оны күн астындағы Күнекей қыздай көрсетуіне кім сенеді?! Қайта HIMARS-тің бір добымен «Ақ жол» партиясына қақырата соққы беріп қиратып тастаған операцияға өзінің де қатысы болғанына мақтанып, масаттанбай ма?!

Oraz Alimbekov,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Түтін 26.01.2023 171

Қатысты мазмұн