Қызылорда: Сыбайласқан полицейлер жазықсыз жанды құрбандыққа шала ма?

none

Бүгіндері «пәлен шенеунік мемлекет ақшасын жеп қойып, сотталып жатыр» деген хабар үйреншікті нәрсеге айналды. Интернет, теледидарда жиі-жиі шығатын мұндай жаңалыққа елдің еті үйренді. Бұған ешкім таңғалмайтын болды. Ұрлық қазанның құлағына екі қолы жеткен шенеуніктердің қанына сіңген әдет, «дәстүр» болып кеткен сияқты. Істің ақ-қарасы анықталғандай болып, біреу шенінен, мүлкі мен абыройынан айырылып, түрмеге отырады. Ал қалғаны бұрынғы қызметін, әдетін жалғастырады. Кезекті «құрбанын» іздейді. Ең қорқыныштысы, адал қызмет етіп еліміздің абыройын асқақтатамыз деп мемлекеттік қызмет жолын таңдаған, санасы әлі уланбаған қарапайым жастардың ешқайсысы «подстава өнерінің» майталман шеберлерінің тұзағына түспейтініне кепілдік жоқ.

Құйтырқы амал маэстросы

Дәл осындай оқиға соңғы кезде аты шулы болып кеткен Қызылорда өңірінде болды. Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы Полиция департаментінің Қаржылық қамтамасыз ету басқармасында жұмыс істеген Жастілек Нысанбаевқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, яғни «кінәлі тұлғаға сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса үлкен көлемде иемдену немесе жымқыру арқылы ұрлау» бабы бойынша қылмыстық істі қозғап, тергеді. Қазір іс Қызылорда қаласының № 2 қалалық сотында қаралуда.

Ж.Нысанбаев Облыстық полиция департаментінің Қаржылық қамтамасыз ету басқармасы (ҚҚБ) бастығының міндетін атқарушы болып жұмыс істеген кезде өзіне сеніп тапсырылған 158 млн. теңге мөлшеріндегі қаражатты жымқыру арқылы ұрлық жасады деп айыпталып отыр. Бұл ауыр айып.

Ақиқатында, қылмыстық істі жіті қадағалап оқысақ, бұл қаражатты талан-таражға салуға Нысанбаевтың еш қатысы жоқ, өйткені іс жүзінде оны облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ж.Оспанов жымқырып кеткен.

Соңғысы Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының кадрлар және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Пазылбек Нәлібаевпен (лақап аты Ақан) сөз байласып, полиция департаментінде (!) өздерінің туыстары мен жақын адамдарын Қаржылық қамтамасыз ету басқармасындағы қызмет орындарына тағайындай отырып, ұйымдасқан қылмыстық топ құрған. Сөйтіп, департаменттің арнайы шоттарындағы аса ірі мөлшердегі қаражатты шығарып, иемденіп, өз мақсатына пайдаланған.

Бұған қоса, Ж.Оспанов өзінің қызметін пайдаланып, Ж.Нысанбаевты күмәнді қаржы операцияларын жасауға мәжбүрлеген. Ал жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері Полиция департаментінің қаржылық қызметін тексере бастаған кезде, Ж.Оспанов шұғыл зейнетке шығып құйрығын ұстатпай кетті.

Ж.Нысанбаев осы қылмысқа өзінің қатысы жоғын дәлелдеуге тырысты, бірақ еш негізсіз қылмыстық жауаптылыққа тартылып отыр.

Ерекше назар аударатыны, айыптау түгелімен бір-ақ куәнің – аталмыш Ж.Оспановтың туысы, Қаржылық қамтамасыз ету басқармасының бұрынғы кассирі Е.Жолкеновтың берген айғағына негізделген.

Департаментте құрылған қылмыстық топ барлығы 253 миллион теңгені қолды қылған. Оны облыс қазынашылығы Полиция департаментінің сұрау салуымен Е.Жолкеновтің атына ашылған корпоративтік төлем картасына аударып отырған. Е.Жолкенов болса, картаға түскен қаражатты қолма-қол ақша түрінде шығарып алып, ПД кассасына салып кіріске жатқызудың орнына Ж. Оспановқа тікелей табыстап отырған.

Майшелпекті өзіне ұстата салған туысының әрі дүмді лауазым иесінің мазасын кетірмеу және өзі де істі болмау үшін Е.Жолкенов Ж.Нысанбаевқа жала жапты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлеріне берген жауабында банктік картадан алынған бүкіл ақшаны Ж.Нысанбаевқа бергенін айтып бет бақтырмайды.

Сөйтіп отырып Е.Жолкенов сот отырыстарында айғақ бергенде әбден шатасты. Ақшаның картадан алынған күндері мен мөлшерін әр түрлі етіп айтады, айғақ бергенде біреу алдын ала дайындап қойған қағазға қарап оқиды, ал қаражатты Ж.Нысанбаевқа бергеніне қатысты қойылған сұрақтарға нақты жауап бере алмайды. Іс жүзінде ақшаны оған бергенін растайтын кассалық ордер немесе куә айғақтары түріндегі нақты бірде бір дәлелі жоқ.

Ж.Нысанбаевты тергеу басталғаннан бастап полиция департаментіндегі өзі басқарған бөлімшені тексеруден оқшаулап тастады. Бұған қоса, Ж.Оспанов тамыр-таныстары арқылы Ж.Нысанбаев отырған тергеу изоляторының камерасына кіріп, оған қоқан-лоққы жасады. Содан соң «керек жердің бәріне ақша төлеп, қылмыстық жауаптылықтан құтқарып аламын» деп алдап-арбап, оның есесіне тергеушіге істің нақты мән-жайын айтпай, бар кінәні өзіне алуын талап етті.

Мұнысы аздай, ол бұрынғы таныстарын және полиция полковнигі П.Нәлібаевтің тамыр-таныстығын пайдаланып, Ж.Нысанбаевты басқа облыстардың тергеу изоляторларына этаппен (сотталғандарды таситын пойыз) әрі-бері тасып әуреге салды. Осылайша, ол Ж.Нысанбаевты қорқытып-үркітіп, психологиялық қысым жасап, ақыр соңында рухын сындырмақшы. Сөйтіп, Ж.Нысанбаев Қызылорда облысының тергеу изоляторынан Ақтөбе облысы, содан кейін Қостанай облысы, Нұр-Сұлтан қаласы, Қарағанды облысы, Алматы қаласының тергеу изоляторларына этаппен ауыстырылып, содан кейін ғана Қызылорда облысының тергеу изоляторына қайтып әкелінді.

Оспанов деген кім?

Мемлекеттік ақшаны жымқырудың басы-қасында жүрген және тергеу барысын билеп-төстеп отырған Ж.Оспановқа назар аударайық. Бұрын Қарағанды облысының Полиция департаменті бастығының орынбасары болып жұмыс істеген кезінде Ж.Оспановтың Қызылорда облысы мен Шымкент қаласында тіркелген 7 үлестес коммерциялық кәсіпорны болған. Тек осы 7 фирма ғана тендерге қатыспай, бір көзден сатып алу шарттары бойынша Қызылорда облысының Полиция департаментіне материалдық құндылықтарды, атап айтқанда, қызметтік көлік құралдарын, механизмдерді, жанар-жағармай материалдарын, компьютерлік техниканы, оқ өтпейтін кеудешелерді, бәрін арнайы шоттар бойынша жеткізіп отырған.

Әрі қарай қаза берсе, бұдан да сорақы нәрсенің басы ашылады. 2019 жылы іс жүзінде Ж.Оспановқа тиесілі осы коммерциялық ұйымдармен жалпы сомасы 9 миллиард теңгеге, 2020 жылы - 10 миллиард теңгеге жеткізілім шарттары жасалған. Қаражаттың бір бөлігін (300 млн. теңгеге жуық) Ж. Оспанов қолма-қол ақшаға айналдырып, жымқырып кеткен. Бұл сомаға материалдық құндылықтарды жеткізу міндеті іс жүзінде орындалған жоқ, бірақ қабылдау-табыстау актілеріне дер кезінде қол қойылды. Бұл іске Бердібек Сапарбаевтың туған інісі П.Нәлібаевтың да қатысы бар.

Ұрланған ақшаны Ж.Оспановтың қайда жұмсағаны да белгілі. Ең бірінші кезекте ол қымбат су жаңа екі автомобиль (Mercedes-Benz маркалы) сатып алған, тағы қалғанын өз білгенінше пайдаланды.

Осылайша заңды белінен басып, жасаған қылмысының жүгін басқа біреуге арқалатып жіберуге әбден машықтанып алған Ж.Оспанов пен П.Нәлібаев тамыр-таныстары мен аймақтағы ықпалын пайдаланып, Қызылорда облысының тергеу изоляторында отырған Ж.Нысанбаевқа әбден қысым көрсетті.

Ретроспективалы арыз. Бұл қалай?

Ж. Нысанбаевтың «қылмысын» ауырлату үшін тағы бір жала жабылды. Мағжан Нәлібаев деген біреу Ж.Нысанбаев пен Г.Мырзабасовқа 21 000 теңге мөлшерінде пара бергенін мәлімдеген. Бұл айыпқа қатысты қылмыстық іс материалдарында (№ 1 том) негізгі куә Мағжан Нәлібаевтан 2020 жылғы 13 қараша, сағат 12.01-ден 12.33-ке дейінгі аралық деп даталанған жауап алу хаттамасы бар. Ал арызды М.Нәлібаев 2020 жылдың 13 қарашасы сағат 20:30-да, яғни айғақ бергеннен кейін 8 сағат өткен соң ғана жазған. Бұл бір. Екіншіден, оның өтініші тек келесі күні, яғни 2020 жылғы 14 қарашада 08 сағат 53 минутта тіркелді. Осындай ретроспектива Қылмыстық-процестік кодекс нормаларын өрескел бұзушылық емес пе?!

Қарап отырсақ, пара беру дерегі қолдан жасалған арандатушылық әрекет екені айдан анық. Сондықтан аталмыш процестік құжаттардың барлығы дәлел ретінде қарастырмалуы тиіс. Ал заңдылықты қадағалайтын еліміздің Прокуратурасы Қызылорда облысында болып жатқан осынау бассыздыққа назар аударып, әділеттілікті қалпына келтіру бағытында жұмыс жасағаны жөн. Әйтпесе, Қызылорда өңірін билеп-төстеп алған атышулы Сапарбаев-Нәлібаев-Оспановтар әулетінің қаржылық мүддесі үшін жазықсыз адам құрбандыққа шалынғалы тұр.

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 24.06.2021 569

Қатысты мазмұн