Құрбанәлі ишан ба, пір ме?

none

Ұлты өзбек Құрбанәлі Ахмедов 1955 жылы Ташкент облысында дүниеге келген. Нақышбанды сопылық тариқатының орталығы саналатын Бұхара қаласында діни білім алған соң, Құрбанәлі ишандық дәстүрді жалғастырып Қазақстан мен Ресейде бірнеше жыл тұрды. Бұл орталығы Ташкентте болған Орта Азия мұсылмандары діни басқармасынан Қазақстан мұсылмандарының бөлініп шығып, өз алдына мүфтият (ҚМДБ) құрған кезеңге дөп келеді. Осы және басқа да жайтты есепке алсақ, Бұхара сопылық мектебі Құрбанәлі ишанға арнайы миссия жүктегені байқалады. Мақсат - Қазақстанда нақышбанды тариқатының ықпалын сақтап қалу және оны күшейту.

Әрине, ол кезде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына (ҚМДБ) қарайтын мешіт имамдарының басым бөлігі Бұхара мектебінің түлектері болатын. Қазір де нақышбандылардың мүфтияттағы ықпалы айтарлықтай. Олар Бұхарадан тапсырма алып келген Құрбанәлінің қолдауы мен көмегіне аса мұқтаж емес еді. Құрбанәлі ишанға қара халықты нақышбанды сопылық ілімімен «сусындату» мақсаты қойылған. Халықтың бұл санатының «миын шайқау» үшін мешітте имам, білікті уағызшы болудың қажеті жоқ. Алғашында Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында уағыз жүргізген Құрбанәлі ишанға ешкім кедергі болған жоқ. Десек те, 1998 жылы ҚР ҰҚК Қызылорда облысының аумағында күш алып бара жатқан діни радикал ұйымды тарату барысында оларды Құрбанәлі басқарып отырғанын анықтады. Содан кейін Құрбанәлі Ахмедовты Өзбекстанға депортациялап жіберген болатын. Бұл кезде Өзбекстанда да діни радикализмге қарсы науқан басталған.

1999 жылғы рейд кезінде Ташкент маңындағы Қарақалпақ ауылындағы Құрбанәлінің үйінен «Хизбут-Тахрир» ұйымының үнпарақтары табылды, ол қаумаға алынды. Өзбекстан соты 2000 жылы Құрбанәлі Ахмедовты 9 жыл түрмеге кесті. Бұл үкім кассациялық шағым бойынша қайта қаралып, Құрбанәлінің жазасы 3 жылға азайтылды. Ол 2001 жылы амнистиямен бостандыққа шықты.

Құрбанәлі Өзбекстанда тұрақтап қалған жылдары Қазақстанның оңтүстігіндегі халыққа Бұхара сопылық мектебінің Насреддин есімді ишаны ықпал жүргізіп келді. Өзінің жамағатын иемденіп алғанын түсінген Құрбанәлі ебін тауып Қазақстанға өтіп, Насреддин ишанмен күрес жүргізді. Екі ишанның арасы қатты ушыққан тұста ҚМДБ-дағы нақышбанды имамдар Құрбанәліні, Бұхара сопылық мектебінің ұстаздары Насреддинді қолдаған секілді. Себебі, Қазақстанның Бас мүфтиі «зікірші» сопыларды «жаһли тариқат» деп, құраншыларды «адасты» деп пәтуа шығарды, ал Құрбанәліге қарсы ҚМДБ тарапынан бір ауыз теріс пікір айтылған жоқ...

Осы оңды жағдайды пайдаланып Құрбанәлі төрт әйелге қатар үйленіп, бала-шағалы болып, Қазақстандағы позициясын бекітіп алды. Ол Тараз қаласында тіркелген «Ислам шапағаты» қоғамдық ұйымы мен «Хақ жолы» газетіне ықпал жүргізе бастады. Өзбекстаннан, Бұхара сопылық мектебінен қол үзген Құрбанәлі ҚМДБ-ның жолын қайталады. Ол Бұхара мектебінен тәуелсіз Қазақстандағы жаңа заманғы нақышбанды тариқатының пірі болып алды. «Рухнама» деген кітапта өзін «әлемнің билеушісі әрі кіндігімін» деп жариялады.

Әрине, дінпаз қара халыққа оның бұл мәлімдемесі түсініксіздеу болатын. Сондықтан ол өзінің миссиясын қарапайым сөзбен жеткізуге тырысып жүр. Мысалы, Құрбанәлі пір «Саған ғана құлшылық етіп, Сенен ғана жәрдем тілейміз» деген аятты былай тәпсірлейді. «Бұл аятта тек аруақтар арқылы болады. Кімде-кім Аллаһқа тікелей шығамын десе, кәпір болады. Аруақтың араласпайтын жері жоқ, оларсыз ешқандай іс бітпейді, тілек те қабыл болмайды. ... Адам атаның да тілегі тек қана Мұхаммедтің құрметі үшін деп сұрағанда ғана қабыл болды, Мұхаммедсіз тілек қабыл емес, аруақ арқылы тілек тілеу – дұға-тілектің жалғыз бірегей түрі» дейді. Осылайша ол Құдай мен қарапайым пенденің арасын жалғаушы пір болып алды...

Құбанәлі пір отыз күн ораза ұстауды, нәпсіге тосқауыл қоюды мына видеода былай түсіндірді:

Бұхара сопылық мектебінен қол үзіп қалған Құрбанәлі батысқа көз тікті. Айтуынша, Түркия мен Кипрге сапарлап, сондағы ірі ғұлама сопылардан пір екенін дәлелдейтін шатырхат алыпты. Әзірге мұны тексеретін мүмкіндік жоқ, себебі сопылық тариқаттардың силсаласын (пірлер тізбегін) дәйектейтін жазба құпия сақталады. Десек те, бірнеше жыл бұрын Құрбанәлі пір шетелден «Мұхаммед пайғамбардың шашы» деп шыны түтікшеге салынған бір тал қыл алып келіп, жұртты жинап «ғажайып» көрсетіп жүрген. Ол «Мұхаммед пайғамбардың шашын» Ақтау қаласындағы халыққа көрсетуге апарғанда тұтылып та қалды. Бірақ жергілікті ішкі саясаттың мамандары Құрбанәлінің қылығынан әбестік таппапты, оған және сонда жиналған жамағатқа экстремизм жөнінде түсіндіру жұмысын жүргізген соң, пірді қоя берген... Осы оқиға, Құрбанәлінің «Мұхаммед пайғамбардың шашын» алып жүруі - оның Кипрдегі ғұлама сопылардан пір дәрежесін куәландыратын шатырхат алғанын, есімінің әлдебір силсалаға қосылғанын дәлелдейтін секілді...

Ораз Әлімбеков

Айдары: Текемет 11.04.2020 2433

Қатысты мазмұн