Қожа Насыр Әбілязов кімді алдамақ

none

Өзін Қазақстан оппозициясының жалғыз және нағыз көсемі деп жариялаған авантюрист, қашқын банкир Мұхтар Әбілязовтың Франциядағы саяси баспанадан айырылғаны белгілі. Экстрадиция қаупі төнгеннен кейін белсенділігін күрт арттырған ол халықтан ақша сұраумен қатар, өзін Қазақстандағы Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушы деп айтудан жалықпай келеді. Мұнысы ең алдымен экстрадиция мәселесін қарайтын сот болған кезде өзінің шынымен де диссдент, саяси режиммен күрескер деп көрсету үшін керек.

Көше-көшеге шығып, экономикалық талаппен қатар саяси талап қойған халықты рухтандырған «Ұлы Көсем» Әбілязов екен. Ол билікке кірген кезден-ақ оның саясатын сынап, елдің қамын ойлаумен жүріпті-мыс. Бүкіл өмірін өзінің орасан зор көлемде ұрлық жасап, тез баюына мүмкіндік берген, өзіне «жеккөрінішті» режимді ауыстыруға арнаған екен. Осы мантраны қайталай-қайталай берген ол бұған өзі де алданып, сеніп қалған сияқты. Психологтар бір жақсы әрекетті 21 күн жүйелі түрде қайталаса, оны саналы түрде әдетке айналдыруға болады деп айтады. Әбілязовтікі де осыған ұқсас нәтиже беріп отыр.

Оныкі баяғы совет кезде балаларға арналған бір ертегіге ұқсас. Ол кезде бір кедейдің алаяқтық жасап, байды тақырға отырғызып кетуі ерекше ақылдылық, данышпандық белгісі деп көрсетілетін еді. Ертегіге келсек, бірде Қожа Насыр кетіп бара жатқан біреуге ермек үшін: «Ана жерде інжір жемісін тегін таратып жатыр» депті. Оған сеніп қалған аңқау айтқан жеріне бет алыпты. Жол-жөнекей басқа адамдармен да бұл қуанышты хабарды бөлісіпті. Қылығына мәз болып, іштей қарқ-қарқ күлген Қожа Насыр біраздан кейін бір жаққа ағылып бара жатқан көп адамды көреді. «Не болды?» деп сұраса, олар «Тегін інжір таратып жатыр!» депті. Қожа Насыр «Ойбай, тегін інжірден құр қалмайын» деп жүгіре жөнеліпті.

Қожа Насыр Әбілязов та өзін Қазақстан оппозициясының көсемімін деп өзін-өзі алдап, өтірігіне сеніп қалған сияқты. Бірақ оның ертегі кейіпкерінен айырмашылығы бар. Ақша әлемінде өмір сүріп, цифр санауға өмірін арнаған оның барлық нәрсеге салқынқанды есеппен қарайды. Мантраны қайталауды өз-өзіне сенімді көсем образына кіру үшін пайдаланып отыр. Қазір халық ұнататын кедей кейпіне еніп, халықтың қамын ойлағаны үшін зұлым режимнің құрбаны болғанын сенгіш аудиториясының миына құюға күш салып жатыр. Еуропада қалу үшін адвокат жалдауға пәлен мың доллар жиналды деп, фейк ақпарат беріп қояды. Бірақ бұл ақшаны Қазақстанның іргесін шайқалтуды көздеп, реванш алмақ болған өзінің бұрынғы «қас жаулары» беріп жатқанын, әрине, айтпайды. Мәміле жасалды. Қазір Әбілязов қосымша құрал ретінде керек. Ол да мұны түсінеді. Бірақ бұл жолы да бәрін алдап, тақырға отырғызып кетемін деп ойлап жүр.

S

Айдары: Түтін 04.03.2023 95

Қатысты мазмұн