Қазақстандағы заңды билікті құлатпақ болып саяси ойын ойнап жүрген экс-банкир Мұхтар Әбілязов енді аудиториясының саяси сауатын ашуға кірісті. Адам өмірінің барлық саласына саясаттың әсері барын жеткізіп, видео, мәтіндік материал дайындап, жұртшылық назарына жеткізуді қолға алды. Айта кететіні, өзіне пиар жасау үшін кей-кейде қазақша сөйлеп қоятыны, одан кейін діндар адамдарға да арнайы үндеу жасайтыны бар. Бірақ саяси сауат ашу жағын тек орыс тілінде қарастырыпты. Материалды қазақ тілінде жеткізетін мамандары жоқ болу керек немесе қазақ халқының мүддесі соңғы кезекте екенін тағы да жасыра алмай отыр. Және де ол баяғыша өзін құдды Лениндей сезініп отырған шығар. Алайда ол «мүмкін емес нәрсені де жасау мүмкін, бірақ мен Ленин емеспін» деп «сыпайылық танытып» ескертіп қояды, өйткені Ленин репрессивті мемлекет құрды, ал бұл бағыт Әбілязовқа жат нәрсе екен.
Әбілязов шынымен де посткеңестік дәуірде өмір сүріп жатқан елдің тіршілік сапасын, менталитетін, мәдениетін, ішкі бостандығын жаңа сатыға көтеріп, дамыған елдермен терезесі тең, заңның бұлжымастығына кепіл берілген шынайы демократиялық мемлекет құруға мүдделі ме? Оған бұл не үшін керек? Немесе оның мақсат-мүддесінің ауқымы одан тарлау ма?
Биыл Франция соты оның босқын мәртебесінен айырғаны, оның өзіне қатысты қозғалған қылмыстық істердегі мүдделі тарап болып отырған елдерге экстрадициялану қаупі туғаннан кейін Әбілязов істің таза саяси сипатта екенін дәлелдеуі керек. Ол үшін өзінің о бастан диктаторлық режимнің қудалауына ұшырап, оған қарсы күрес жүргізіп жатқанына, өзінің нағыз демократ екеніне сендіруі қажет. Әлбетте, экс-министр, банкир, олигарх Қазақстанның бұрынғы билігінің құрамында жүріп, лауазымы мен өкілеттігін теріс пайдаланып байыған тұста оны демократия мәселелері еш ойланбаса керек.
Бұл тақырып оның біраз жыл Батыстың заң үстемдік құрған озық елдерінде тұрып, өмір сүрудің биік стандарттарын көргеннен кейін ғана «арманына» айналған болуы мүмкін. Бірақ батыстың демократияларында жүргенде де қайта-қайта заң бұзып, сотқа тартылып жатыр. Яғни ол кез келген режимде түрлі құйтырқы әрекет жасап, заңды бұзады, заңның бұлжымай жұмыс істеуі оған тиімсіз, мүддесіне сәйкес келмейді. Әйтпесе, соттың шешімін орындайтын еді. Демек, «эволюциядан өтіп жатқан революционер» кондицияға жеткен жоқ, көздегені өзінің жеке мақсат-мүддесі ғана. Оған қалай сенуге болады?