Қазақстаннан қашып кеткен алаяққа Украина саяси баспана бере ме?

none

Кеше Киев апелляциялық әкімшілік соты Қазақстанда «алаяқтық жасады» деген айыппен сотталған блогер Жанар Ахметованың (лақап аты Жанна Бота) Украинаның миграция қызметіне қарсы шағымын қарады. Ол 2017 жылы Киевке қашып барып саяси баспана сұраған. Оның өтінішін Украинаның миграция қызметі қабылдаған жоқ, оған босқын мәртебесін беруден бас тартқан. Мұндай шешімнен кейін Украина Жанар Ахметованы Қазақстанға экстрадициялауы қажет еді. Осыдан қауіптенген ол Киев апелляциялық әкімшілік сотына шағымданды. Сот процессі 14 қаңтарда басталған, келесі сот отырысы 18 ақпанда өтеді.

Қазақстанға экстрадицияланудан қауіптенген Жанар Ахметова биыл қорғану тактикасын өзгертті. Ол өзін Қазақстанда экстремистік деп танылып, ел аумағында тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, шетелде қашып жүрген Мұхтар Әбілязовтың жақын серігі ретінде көрсеткісі келеді. Шындығында, жағдай тіпті басқаша еді.

Алғашында Жанар Ахметованың журналистикаға қатысы болған жоқ. Ол «жақсы жұмысқа тұрғызам», «арзанға пәтер, шаруа қожалығын алып берем», «өсіммен қайтарам» деп жұрттың сеніміне кіріп, оншақты адамнан алдап алған көп ақшаны қайтармай кеткен. Сол ісі үшін 2009 жылы «алаяқтық жасады» деген айыппен сотқа тартылды, түрме жазасына кесілді. Бұл кезде ол ұл туып алған болатын. Сот жас балалы Жанар Ахметованың жазасын өтеуін кейінге шегеріп, пробациялық бақылауға қойды. Осы кезден бастап ол қоғам белсендісі болып, өзін блогер, журналист, саяси тұлға ретінде көрсетуге тырысты. Оның бұл әрекеті өзінің соңынан қалмай «ақшамызды қайтар» деп арызданушылардан қорғануды тәсілі болатын. Ерте ме, кеш пе, түрмеге отыратынын түсінген алаяқ Украинаға қашып кетті. Осылайша Қазақстанда қыспақта қалған Жанар Ахметоваға елден қашу жөнінде ақыл айтып, жол сілтеген Украинада қашып жүрген Ермек Нарымбаев еді.

Баласын ертіп Украина жетіп алған Жанар Ахметова өзіне Ермек Нарымбаевтың қорған бола алмайтынын түсінді. Сондықтан ол Еуропада қашып жүрген Мұхтар Әбілязовпен байланыс жасап, соның сеніміне кіріп алды. Қазір ол Украина сотына Мұхтар Әбілязов құрған ҚТД қозғалысының белсенді мүшесі болғаны үшін Қазақстан билігінің қуғындап отырғанын дәлелдегісі келеді. Бірақ Қазақстан прокуратурасы Жанар Ахметованың алаяқтық ісін Украинаға жолдап қойған. Кезінде Мұхтар Әбілязовке де қатысты қылмыстық іс Украинада қозғалғаны белгілі. Сондықтан болса керек, Жанар Ахметова босқын мәртебесін сұрағанда Украинаның миграция қызметі оның сөзіне сенген жоқ.

Украинаның миграция қызметі Жоғарғы Раданың депутаты Марина Бардинаның ресми сұрағына «Жанар Ахметова Қазақстаннан қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып қашып келді, ол Киевте адамдарды жалдап, өзін оппозиция өкілі деп көрсеткісі келеді, шындығында ол жалған оппозиция» деп жауап берді.

Киев соты да Украина миграция қызметінің шешімін дұрыс деп санайтын сияқты. Ахметованың адвокаты Владислав Грищенко «сот миграция қызметінің шешімін заңды деп санайтын болса, Украинаның бас прокуратурасы оны Қазақстанға экстрадициялауға кірісуі мүмкін» деп мәлімдеді. Осы болжам расқа айналып, Жанар Ахметованы экстрадициялаған жағдайда оны Қазақстанда бірден түрмеге қамай қоймады. 2009 жылғы Қазақстан сотының шешімі бойынша, алаяқтық бабымен сотталған Жанар Ахметова ұлы кәмелет жасына толған соң, яғни 2021 жылдан кейін ғана белгіленген түрме жазасын өтеуді бастайды.

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 29.01.2020 112

Қатысты мазмұн