Қазаққа демократия керек пе?

none

Осы біздің депутаттардың қылығы біртүрлі – өздерін президент Тоқаевтың адвокатымыз, қолдаушысымыз деп ойлайтын сияқты, соған жағымпазданып жүруді міндетіне алған сияқты. Әнеугүні Тоқаев Мәскеуге барып, парадқа қатысып әбес қылық жасап қойып еді, депутаттар соны ақтап әуреге түсті.

Халықаралық сот Путинге іздеу жариялаған. Сол күдікті адамның парадқа шақыруын қабыл алған Тоқаев, ал оны ақтап-жақтап жатқан біздің депутаттар. Ата заңға қарасаң, Президент биліктің бір тармағында отыр, депутаттар биліктің тәуелсіз екінші тармағына иелік етеді. Екі тармақтың өкілеті теңестірілген, заң бойынша бірі екіншісіне тәуелді емес.

Қазақстанда бәрі бар: парламент, президент, тәуелсіз сот, үкімет, француздардікі секілді Конституция, саяси партиялар, сайлау жүйесі, оппозиция, тәуелсіз БАҚ, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар, т.б. құрылымдар. Бірақ демократия жоқ.

«Биліктің қайнар көзі – халық» дейміз. Бірақ Конституцияға жазып қойған сол халық билігін (демократияны) іске асыра алмай келеміз. Қаншама сайлау өтсе де, бәрі барып автократияға – бір адамның билеп-төстеуіне барып тіреледі. Парламент пен сот сол автократтың билігін күшейтуге қызмет етіп кетеді. Айналаға қарап отырсаң, Азия құрлығында орналасқан елдердің түгелге жуығында автократия. Жапония да оңып тұрған жоқ, Оңтүстік Корея ғана АҚШ-тың тәк-тәгімен демократия принципін бұзбай отыр. «Қырғызстан – Орталық Азиядағы демократияның аралы» деп еді, көріп отырмыз, билікке кім келгенін... Мирзиеевтің түрі демократ адамға ұқсайды деп едік, президенттік мерзімі аяқталар тұста ол да «өнер» шығарды, Каримов секілді билікті өмірінің соңына дейін бергісі жоқ...

Қарап отырсаң, Азия елдерінің бәрінде хандық жүйе. Сол елдердің халқына да демократия керек емес-ау, өздерін билеп-төстейтін ханды аңсап тұрады. Парламенттік сайлау, президент сайлауын өткізеді, айналып келгенде онысы елді жеке-дара басқаратын хан болып шығады. Ол билігін өзіне бағынышты депутаттарға қуаттатып қояды. Ханның да өзін мақтайтын сарай ақындары мен уәзірлері болған. Қазір біздің «депутат» деп жүргеніміз солар ғой.

Жазушылар одағы, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы, саяси партиялар секілді ұйымдар да демократия принципіне түкіріп қойған. Ол ұйымдарды да кіттай-кіттай хан басқарады, сол хан өз білгенімен қоғамдық ұйымды билеп-төстейді.

Ойланып-ойланып, демократия деген «әулие» жағырапиямен байланысты ма деп қалдым. Демократия түсінігінің қайнар көзі саналатын Ежелгі Грекия Еуразия құрлығының анау басында болды ғой. Демократияны әжетіне жаратып, пайдасы мен қызығын көріп жатқан англосакстардың бүгінгі ұрпағы – батыс Еуропа халқы.

Демократия деген «әулиенің» шапағаты да алысқа ұзамайды екен. Демократия ұлы құрлықтың еуропалық бөлігін де түгел қамти алмады. Әлі күнге шейін шығыс славяндар да хандық жүйеден, хан түсінігінен ажырамады. Путин мен Лукашенко бұ өмірден кетсе де, олардың орнына халықтың қалауымен тағы бір хан келетін сияқты. Шығыс славяндардың ішінде украиндар ғана саяси ұлт дәрежесіне жетті, олар Еуроодаққа, НАТО-ға көз тігіп отыр. Ал біздің келешегіміз күңгірт, Азиядамыз – «Жердің бір жерінде» қалып қойдық...

Oraz Alimbekov,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Текемет 16.05.2023 110

Қатысты мазмұн