Қали Сәрсенбай «ақшамға» неге байланып қалды?

none

«Қазақ әдебиетінің» өткен аптадағы санында «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбайдың «Сағынтаев неге Жазушылар одағына барды?» деген тақырыппен көлдей мақаласы жарияланды. Газеттің бір жарым бетіне жайылып кеткен мақала кеше болған оқиғаның шұғыл репортажы емес, автор Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың былтыр күзде жазушылармен кездескенін еске алып, соны аса бір тектілікке балайды, оның «рухани тұлғаға айналғанын» толғаныспен баяндайды. Автордың жазуынша, Сағынтаев қалаға әкім болып келгелі Жазушылар одағына қарасты «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Простор» басылымдарының қаржы жағдайы жақсарып, жазушылардың шығармашылық әлеуеті күшейіп кетіпті, одақтың ғимаратын күрделі жөндеуге 250 млн. теңге бөлінеді екен, т.б.с.с. Автор мұның бәрін жалғыз Сағынтаевтың шапағатындай санап, оны тасырта мақтай жөнеледі.

Былтыр тағайындалған Алматы әкімінің Жазушылар одағына көңіл бөліп, жазушыларды қолдап-қолпаштап жатқаны рас шығар. Онда біздің шаруамыз жоқ. Бұл мақала журналистикадағы этикет мәселесіне қатысты қозғалады, «Алматы ақшамының» бас редакторы өзінің газетіне емес, айдаладағы «Қазақ әдебиетіне» арнап мақала жазғаны қай сасқаны?», «Әкімқараларды мақтап ода жазатын жағымпаз жазғыштар Жазушылар одағының аппаратында қалмаған ба?», «Сырт көзге салмақты көрінетін Қали Сәрсенбайдың осындай мақала жазатындай басына қандай күн туды?» деген сұрақтарға жауап іздейді.

Мәселенің мәні түсінікті болу үшін қазақы журналистикадағы бір келеңсіз оқиғаны еске ала кетейік. Мемлекет бюджеттен қаржыландырылатын ақпарат құралдарының тиімділігін арттыру үшін түрлі өзгерістер жасап тұрады. Былтыр бірнеше газет-журналы бар «Қазақ газеттері» ЖШС-не жасөспірімдерге арналған басылымдардың басын біріктіріп келген «Жас өркен» ЖШС-ін қосты. Бірінші ЖШС-нің директоры Шәмшидин Паттеев, екіншісінің директоры Жүсіпбек Қорғасбек еді. Үкімет қаулысын қаперге алған Ақпарат министрлігінің шешімі бойынша, «Жас Өркен» «Қазақ газеттеріне" қосылды, біріккен ЖШС директоры болып Ш.Паттеев тағайындалды да, Ж.Қорғасбек оның орынбасары қызметін атқаруы тиіс болатын. Міне, осы жерден бүлік шықты. Өмірінің басым бөлігін бастық болып өткізген Ж.Қорғасбектің патша көңілі Ш.Паттеевтің қарамағында жұмыс істеуге жібермеді. Бір шаңырақ ішіндегі әсіре амбициядан туындаған дауды шешуге білдей Ақпарат министрі араласуға мәжбүр болды, ол Жүсіпбек Қорғасбекті қолынан жетектеп апарып «Егемен Қазақстанның» Алматыдағы тілшілер қосынына бастық қылып тағайындап, оның амбициясын әзер дегенде қанағаттандырған.

Жас шамасы жағынан Паттеев, Қорғасбек секілді «мәңгі басшылармен» қабилас Қали Сәрсенбайдың басындағы жағдай да осындай. Ол «Алматы ақшамына» байланып қалғандай, 2005 жылдан бері сонда бастық болып тапжылмай отыр. Мұнда гәп бар: Алматы әкімдігіне қарайтын «Алматы ақшамы» мен «Вечерний Алматы» редакциялары бір ғимаратты жайлағанымен, екі газеттің еншісі бөлек. Алматы қаласына Сағынтаев әкім болып тағайындалған соң, әкімдікке қарайтын ЖШС-лердің ақпараттандыру саласындағы тиімділігін артыру үшін екі газеттің шаруашылық басқару жүйесін қосу жөнінде шешім шықты. Сол шешіміге сәйкес, «Алматы ақшамы» мен «Вечерний Алматы» біріктіріліп, оған Төлеміс Құлмұхамедов директор етіп тағайындалған. Әкімдік шешіміне бой ұсынған «Вечерний Алматы» газетінің басшысы Е.Грюнберг бас редактор қызметіне місе тұтып, бұлданбай-ақ жұмысын жасап тыныш отыр. Ал 15 жылдан бері өз білуінше билеп-төстеп жаман қалыпқа түскен Қали Сәрсенбай әкімдіктің газеттерді ыңғайластыру әрі тиімділігін арттыру мақсатында жасап жатқан шаруасына кедергі жасап бағуда.

Екі апта бұрын республикалық «Жас Алаш» газетінде жарияланған «Бабақұмаров бабын таппады ма? Алматыда идеологияның иі қанбай тұр» атты мақала соның дәлелі. Мақала авторы Тоқтар Жақаш мәселедегі басты гәп Қали Сәрсенбайдың әсіре амбициясының кесірі екенін ескермей, барлық кінәні Алматы әкімінің идеология мәселесімен шұғылданатын орынбасары Ержан Бабақұмаровқа үйіп төкті. Ол Қали Сәрсенбайдың жеке мүддесін күйттеп сөз қозғады: «Бұл (екі газетті қосу – ред.) қазақ тілінде шығатын «Алматы ақшамы» газетіне күтпеген соққы еді. Өйткені орыстілді басылымға қарағанда «Алматы ақшамының» тиражы мол, танымалдығы басым. Ал «Вечерний Алматы» газетінің тиражы, қоғамдық пікір қалыптастырудағы орны қазақтілді әріптесіне қарағанда анағұрлым солғын еді. Оның үстіне жаңадан келген директор шығармашылық кестеден гөрі әміршіл-командалық әдісті қолдайтыны алғашқы күннен-ақ білініп тұр. Соның салдарынан қазақ редакциясы бірте-бірте орыс редакциясының ықпалына байлануы әбден мүмкін. Сондықтан бұл реформаға «Алматы ақшамы» редакциясы өре түрегелді. Бас редактор Қали Сәрсенбай Ержан Бабақұмаровпен бұл мәселені бірнеше мәрте талқылап, қала әкімінің орынбасарын иліктіре алмады» деп жазды.

Мақаладағы «Алматы ақшамының» тиражы мол, танымалдығы басым», «Вечерний Алматы»... солғын» деген тұжырымға назар аударған жөн. Егер Қали Сәрсенбай 15 жыл қожалық жасап келген «Алматы ақшамының» бухгалтериясына аудит (қаржының жұмсалуын тексеру) жүргізсе, талай былықтың беті ашылуы мүмкін. Газетке әкімдіктен бөлінген қаржының мақсатты-мақсатсыз, тиімді-тиімсіз жұмсалғаны сонда анықталады. Сол аудиттің нәтижесі бойынша ғана «Вечерний Алматы» мен «Алматы ақшамы» газеттерінің тиімділігін салыстырып, төрелік айтуға болады. Әлде Қали Сәрсенбай ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір болатын аудиттің алдын орағытып астыртын байбалам салып жүр ме?

Оны мазалап жүрген қалың ой не екенін білмейміз. Білетініміз – «Алматы ақшамын» 15 жыл басқарған оның әлі де газетке жеке-дара билік жасап қала бергісі келетіндігі. Сол орынтақ үшін сарысулық жерлесі Асанәлі Әшімовтей ақкөңіл абыз ақсақалдың «бетінің суын бес төккізіп» талай рет алдыға салды. «Жас Алаштағы» мақалада Қали Сәрсенбай жеке мүддесін күйттеп, Рахман Алшановтай қоғам қайраткерін «ақшамның» қоламтасы күйіп тұрған бықсық-интригасына итеріп жібергені байқаусызда әшкере болып қалды. Міне, енді ол Алматы әкімдігіне қарасты ақпарат құралдарына реформа жасау жөніндегі игі бастаманы өзінің жеке бас мүдесінің құрбандығына шалып жібергісі келетін қулыққа басып отыр.

Алдымен «Жас Алашта» Алматы қаласы әкімінің орынбасары, идеология саласының білгірі әрі тәжірибелі медиа-менеджер Ержан Бабақұмаровты жаманатты қылды. Енді жерлестігін жасырын бойтұмар қылып, қала әкімі Бақытжан Сағынтаевты ерекшелеп тасырата мақтай жөнелді. Ақиқатында Сағынтаев пен Бабақұмаров бір командада емес пе?! Қаладағы идеология мәселесін, оған қала аумағында орын тепкен Жазушылар одағының жай-күйі де кіреді, жалғыз Сағынтаевтың ісі деп көрсету жеке мүдде аясынан шыға алмай үйлеп қалған Қали Сәрсенбайдың тағы бір қулығы емес пе? Ол «Қазақ әдебиетіндегі» көлдей мақаласымен әкім мен оның орынбасарының арасына сына қағып жіберуді көздеді ме?..

Министрлер мен әкімдер «өздеріне сеніп тапсырған саладағы жұмыстың тиімділігін арттырмайды, қажет кезде реформа жасамайды» деп сынға қалып жатады. Көбінесе ондай сынды жазатындар – журналистер. Мұндай кезде жаңаруды, жандандыруды қажет етіп тұрған саланың бел ортасында отырып алып реформа дөңгелегіне таяқ тығып, кедергі жасап отыратын кертартпалар атаусыз қалады. Олар өзгеріске, жаңаруға бейім емес, жеке мүддесін қоғам қажетінен әрқашан жоғары қояды. Қарап отырсақ, «Алматы ақшамындағы» жеке биліктен айырылып қалғысы келмей отырған Қали Сәрсенбайдың тірлігі де сол санатқа жатады. Мұндай адамды қалайша зиялы деп айтамыз? Газет ата-бабасынан мұра болып қалған дүние болса, мейлі екен-ау. Алматылықтар табысынан төлеген салықпен қаржыландырып отырған басылым қала халқының мақсат-мұраты үшін қызмет етуі керек емес пе?!

Ондай мақсатқа жету үшін заман талабына сай реформа жасап отыру керек, екі басылымның ресурсын бір ортаға топтастырса, әлеуеті күшейе түсетіні анық. Қазір ақпарат құралдары заман талабына сай электронды нұсқаны күшейтіп жатыр. Ал аталмыш басылымның интернетте орны жоқ, тіпті атауына «Алматы» сөзін жалғаған басылымдардың бар екенін жұрт біле бермейді. Егер тездетіп реформа жасамаса, «Алматы ақшамы» мен «Вечерний Алматы» үшін жарқырап таң атпайды, олар уақыт тоқтап қалғандай ақшам-іңірде қалып қояды. Осы басы ашық ақиқатты Қали Сәрсенбай неге мойындағысы келмейді? Ол әкімдік саясатына саботаж жасап қырсығып қашанғы отырады? Әлде оған қара көлеңкелі өлара ұнай ма?

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 18.05.2020 565

Қатысты мазмұн