Кете руын кемсіткен шежіре қайта жазылуы тиіс

none

Халқымыздың шығу тегі, таралуын баяндайтын, өзге ұлттарда көбінесе кездеспейтін құнды дүниеміз – қазақ шежіресі екендігі анық. Алайда түрлі тарихи құбылыстарға, шежіренің атадан балаға ауызша аманатталуы салдарынан төл шежіреміздің түрлі замандарда ақиқи діңгегінен ажырағаны баршаға аян. Кешегі тарихы қилы өзгеріске ұшырап, өз алдына жеке ру болса да өзімен тетелес атадан тараған деген жаңсақ пікірмен екі ғасырдан астам уақыт бойы саналып келген тайпаның бірі – Кіші жүздің ішіндегі Кете руы.

Бүгінгі күнге дейін Кете руы туралы шежіре екі тұрғыдан өрбіген болатын. Ел аузында таралып, бүгінде ресми пікір ретінде қабылданып жүрген «Алты ата Әлімұлы» шежіресіне үңілсек, алғашқы нұсқасы келесіні баяндайды: ауызекі шежіреде Құдиярдың үлкен ұлы Қадырқожаны ел арасында Қаракесек атап кеткен екен. Осы Қаракесек Ханбибі есімді әйелге үйленеді. Алайда Ханбибі Қаракесектің табалдырығын атағанға дейін жүкті болып, кейін келін атанған кейін Байсары есімді өгей ұл дүниеге келеді. Байсары ер жетіп Кетебикеге үйленген соң, Майлыбай мен Бозаншар дүниеге келеді. Кезекті бір соғыста Байсары мен үлкен ұлы Майлыбай көз жұмады, осылайша Бозаншар жалғыз қалады. Мұнан кейін Бозаншардан Адамқожа (Адамқожа Кете) есімді ұл туады және ол жалғызсырамасын деген ниетпен Бозаншар Сәду (Ожырай Кете) есімді баланы асырап алады. Байсары шейіт болған соң Кетебикеге әмеңгерлік жолмен Әлім үйленеді. Әлім мен Кетебикенің шаңырағында Тойқожа (Ақ Кете) туылады. Ал Әлім өлген соң Кетебикені ең кенже інілері Шөмен алады және одан Түменқожа (Қара Кете) туады. Ал шежіренің екінші нұсқасында Қаракесектің үш ұлы болған. Бірінші әйелінен Байсары, кейінгісінен Әлім мен Шөмен. Байсарыдан Майлыбай мен Бозаншар тарайды. Соғыста Байсары мен Майлыбай қаза тапқан кезде Бозаншар жастай қалған екен, сол себепті оны кіші әкесі Әлім асырап алған. Әлімнің өзге ұлдарымен сыйыспаған соң, Бозаншар Шөменнің тәрбиесіне өтеді. Шейіт кеткен Майлыбайдан ұрпақ қалмаған соң барлық Кетелердің майдан алаңындағы ұраны «Майлыбай» болған көрінеді. Бозаншар ес біліп, етегін жиып ер жеткен соң Әлімнің төрт ұлымен араздасып, әкесіне тән болған барлық мал-мүлкін өз қолына алған көрінеді. Бұл туралы алашқа аты мәлім Тұрмағамбет шайырдың шәкірті, Сыр бойының атақты шежірешісі Әлиакбар Жұматайұлының толғауларының бірінде былай дейді:

Бозаншар қатарынан болды мықты,

Өзгеден өз күшімен озып шықты.

Бір күні тойға барып төбелесіп,

Әлімнің төрт баласын ұрып жықты.

Әлімге бұдан былай сыйыса алмай,

Шөменге қашып барып паналапты.

Содан кейін Бозаншар отау құрып, Адамқожа, Сәду, Тұменқожа және Тойқожа атты төрт ұлы дүниеге келеді. Бұл нұсқада Кете ұрпағы Бозаншар мен Байсарыдан тарайды.

text

Жоғарыда келтіргеніміздей осы екі нұсқаның алғашқысы екі жүз жылдан астам уақыт бойы Кете руы туралы санаға сыймайтын жаңсақ пікір қалыптастырып келген. Бұған дәлел, тарихшы, әлемдік деңгейдегі генетика маманы Сәбит Жақсылықов пен Ұлттық биотехнологиялық орталығының Адам генентикасы зертханасының жетекшісі профессор Мақсат Жабағинның АҚШ-тың Техас штатындағы Хьюстон қаласында жасаған заманауи генетикалық сараптамасының қорытындысын келтіруге болады. Қос ғалымның өткізген сараптамасынан түйгеніміз:

Байсары ешқандай да «кірме» емес, себебі ол Алшынның ұрпағы;

Тойқожа Әлімнің ұлы емес;

Түменқожа Шөменнен тарамаған;

Адамқожа мен Сәду бір атадан тараған бауырлар;

Кетелер жаңсақ нұсқалардағыдай Әлім мен Шөменнен тарамаған, керісінше олардың бір туған бауырлары, яғни үшеуі де Қаракесектен тараған;

Тойқожа мен Түменқожа Әлім мен Шөменнен тумағаннан кейін, Кетебике деген әйел өмірде болмаған;

Барлық Кетелердің жауға шапқандағы ұраны «Майлыбай» болған және бұл олардың бір әкеден тарағанын көрсетеді.

Міне, ДНҚ, яғни генетикалық ақпараттың ұрпақтан-ұрпаққа берілуін, сақталуын, дамуы мен қызметін зерттейтін ғылымның нақты нәтижесіне жүгінген қос ғалымның бұлтартпайтын уәжі осындай. Осыдан кейін Кете руының кешегісіне күмәнмен қарап, түрлі нұсқада ойдан шығарылған шежіре құрау осымен доғарылса керек.

text

P.S. Сөз соңында тағы бір ескерер жәйт, барлық шежіре мен құжаттарда Кіші жүздің Қаракесектен тарайтын осы туыс-тайпалық бірлестігі, яғни Әлім, Шөмен және Байсары ұрпақтарының «Әлімұлы» аталып кетуі жөнінде бірнеше пікір бар. Оның бірінде 18-ғасырдың екінші жартысында Патшалық Ресей Кіші жүз жерінде қолға алған реформасы нәтижесінде осы жүзді үш тайпалық-рулық бірлестікке бөледі (Әлімұлы, Байұлы және Жеті ру). Және осы реформа кезінде осы бірлестіктің билігін олардың құрамындағы үлкен, бақуатты руларға беруі салдарынан «Әлімұлы» аталып кеткен. Ақиқат тұрғысынан қарағанда бұл бірлестік «Қаракесек» аталуы тиіс.

Құрмаш Жүгінісов

Айдары: Текемет 29.12.2021 6728

Қатысты мазмұн