
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Қазақстанға сапары алдында «ол мамайшылармен кездеседі екен, Жанболат Мамайды мырзақамақтан босатуды Қазақстан билігінен талап етеді екен» деп бірнеше сайт көлемді ақпарат таратқан. Көріп отырмыз, Блинкен мамайшыларды маңайлатқан жоқ. Ол президент Тоқаевпен кездесіп, геосаясатты әңгіме қылған сияқты. Блинкеннің де, Тоқаевтың да жарқылдап көңілді жүруіне қарағанда «Мамай» жобасы секілді оппозицияның мәселесі тіпті талқыланбаған. Қазақ билігімен келіссөз жасаған соң Блинкен Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы істер министрлерімен Астанада кездесіп, жолай Тәшкенге соғып, Үндістан асып кетеді.
Блинкеннің мына қылығы Алматының екі округінен Мәжіліс сайлауында бақ сынап жатқан мамайшыларға – Инга Иманбай мен Абзал Достияровқа үлкен саяси соққы болды. Сайттар әдейі таратқан ақпаратқа алданып қалған екеуі «тек Блинкенмен бір үстелде отырамыз» деген дәмемен бірнеше кандидат біріккен «Тәуелсіз кандидаттар», «Жас кандидаттар» деп аталатын сайлауалды блокқа кірмей, Ермұрат Бапилерге мұрынын шүйріп жүр еді. Енді Иманбай мен Достияровты саяси бәсекелестері іштей табалап жатқан шығар...
Қазақстандағы партиялар болсын, жеке саясаткерлер болсын, ешбірі белгілі бір саяси идеологияны басшылыққа алмайды. Либерализм құндылықтары, демократия принципі олардың ауызымен анда-санда айтылатын сөз ғана. Жүйелі саяси идеология жүргізіп жатқан ешкім жоқ. Осы сайлауға қатысып жатқандардың түгелге жуығы конъюктурщиктер. Оны Иманбай мен Достияровтың сайлауалды бағдарламасы мен мәлімдемесінен байқауға болады. Екеуі де әлдеқашан қалтаңдап қартайып қалған, саяси тарихтың табалдырығын әне-міне аттағалы тұрған Назарбаевты сынай береді, сынай береді. Олардың оппозицияшылдығы осы ғана. Осылайша «Жаңа Қазақстанның» ықыласына бөленеміз» деп ойлай ма, әлде «қырына ілініп қалмайық» деп қорқа ма?!
Жанболаттың ең сенімді екі серігі – Инга Иманбай мен Абзал Достияров «Мамай» жобасының мақсатын әлі түсінбейтін сияқты. Жанболат Мамайдың өзі де «бүгін Ленин секілді оппозицияда болсам, ертең бағым ашылып билікке келем» деп ойлайды. Бұл қате түсінік. Лениннің жағдайында оппозиция төменнен құрылған, қара халықты өзіне қаратып алды, сөйтіп күш алған олар патшаны төңкеріп тастады. Лениннің «Любая кухарка способна управлять государством» деп айқайға басқаны да сондықтан. Ал «Мамай» жобасы Назарбаев режимі тұсындағы саяси идеологтар ойлап тапқан «ойыншық оппозиция». Мақсат - оппозицияның рөлін ойнап, наразы халықты алдаусыратып, миын ашытып жүру ғана. Бұл жоба «Жаңа Қазақстанға» да керек, тіпті «Жаңа Қазақстаннан» кейінгі «...Қазақстанға» да керек. Қайта-қайта қаржы бөліп жаңа оппозицияшыл жоба жасай бергеннен билік ұтпайды, жап-жақсы жұмыс істеп жатқан «ойыншық оппозицияны» сындырып, талқандап тастаған жөн емес. Осыны түсінбейтін Инга Иманбай күндердің күнінде «кухарка болам» деп армандап жүр ме?! Ал Абзал Достияров «Сталин болам» деп ойлай ма?
Oraz Alimbekov,
Faceboоk парақшасынан алынды