ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Руслан Сейсембаев ШЫҰ АТҚ кеңесінің 40-отырысында биыл Қазақстанда деструктивті қоғамдастықта жүрген жастардың арасынан 80 мыңға жуық желі пайдаланушысы анықталғанын айтты.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары халықты радикалдандырудың маңызды факторы терроризмді интернет арқылы насихаттау екенін айтты.
Белсенді цифрландыру лаңкестік пен экстремизм идеологтарының үгіт-насихат қызметін интернетке ауыстыруға жағдай туғызды. Бүгінде ол жастардың радикалдануының басты факторы болып отыр.
"Өкінішке қарай, лаңкестік қауіп-қатерге ең осал және ұшырайтындар – жастар. Тек биылдың өзінде Қазақстанда деструктивті қоғамдастықта жүрген жастардың арасында 80 мыңға жуық желі пайдаланушылары анықталды. Оның ішінде алты мыңға жуығы - 18 жасқа дейінгілер. Бұл проблема үшін ШЫҰ АТҚ-да терроризмге қарсы ақпараттық-насихаттық бағыттағы прогрессивті даму қажет" - деді Руслан Сейсембаев.
Ол халықаралық лаңкестік ұйымдар халық арасында деструктивті ақпарат пен үгіт-насихатты тарату үшін цифрлық ортада ауқымды желілік инфрақұрылым құрғанын айтты.
"Сарапшылардың бағалауынша, интернетте 10 мыңға жуық экстремистік электрон платформалар жұмыс істейді. Деректер алмасу, экстремистік материалдарды тарату, лаңкестік әрекеттерді басқару әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалады" - деді Руслан Сейсембаев. . Бұған дейін ол Қазақстанда екі лаңкестік әрекеттің: Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жарылыс және Астанадағы қарулы шабуылдың алдын алғанын айтқан.
Дереккөз: Zakon.kz