Elge Qaitaru қорының басшылары «судан ақ, сүттен таза» ма?

none

23 маусымда Алматыда өткен баспасөз конференциясында Elge Qaitaru қорының құрылғаны белгілі болды. Қорды құрушылар мен қамқоршылар Болат Әбілов, Оразалы Ержанов, Асылбек Абдулов, Сергей Дуванов және Евгений Жовтис. Олар заңсыз шығарылған қаражат пен мүлікті қайтару үшін президент Тоқаевтың бастамасымен құрылған ведомствоаралық комиссия жеткіліксіз деп ойлайды. Қордың басшысы Оразалы Ержанов болады.

Elge Qaitaru мақсаты – заңсыз жекешелендірілген активтер мен елден заңсыз шығарылған қаражатты қайтару үшін ақпарат жинау.

«Азаматтық қоғам ретіндегі біздің міндетіміз – әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру және заңсыз жекешелендіру мен жүйелі сыбайлас жемқорлықтың салдарын жою», деп мәлімдеді Болат Әбілов.

Қазіргі уақытта «жекешелендірілуі үлкен күмән туғызатын» ірі кәсіпорындардың және заңсыз баю схемалары мен активтерді елден шығаруға қатысы бар болуы мүмкін деген адамдардың тізімі жасалды.

Кәсіпорындар:

  1. Қазақмыс ЖШС
  2. KAZ Minerals
  3. Еуразиялық топ («Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазхром», «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту бірлестігі» АҚ)
  4. АрселорМиттал Теміртау АҚ (Испат-Кармет ААҚ)
  5. Қазцинк (Kazzinc)
  6. Halyk Bank
  7. Jusan Bank.

Олигархтар, бұрынғы шенеуніктер мен олардың отбасы мүшелері:

  1. Нұрсултан Назарбаев.
  2. Кәрім Мәсімов
  3. Тимур Құлыбаев
  4. Болат Назарбаев
  5. Динара Назарбаева
  6. Дариға Назарбаева
  7. Әлия Назарбаева
  8. Самат Әбиш
  9. Қайрат Сатыбалды
  10. Қайрат Шәріпбаев
  11. Нұрәлі Әлиев
  12. Қайрат Боранбаев
  13. Болат Өтемұратов
  14. Александр Машкевич
  15. Әділбек Жақсыбеков
  16. Бауыржан Байбек
  17. Нұрлан Нығматуллин
  18. Ерлан Нығматуллин
  19. Владимир Ким
  20. Эдуард Огай
  21. Кеңес Рақышев
  22. Патох Шодиев
  23. Ғалымжан Есенов
  24. Александр Клебанов
  25. Шухрат Ибрагимов
  26. Рашид Сәрсенов
  27. Диас Сүлейменов
  28. Данияр Абылғазин
  29. Олег Новачук
  30. Владимир Джуманбаев

«Осыған орай, жоғарыда аталған адамдар мүлкі мен активтерінің қайдан шыққанын халыққа түсіндіруі қажет деп есептейміз» деді белсенділер.

Публицист Сергей Дувановтың пікірінше, қор сыбайлас жемқорлықпен күрестің жай ғана баламасы емес, дұрыс амалы болуға тиіс. Адамдар елді тонап кеткендердің ұрлағанын қайтаратын уақыты келгенін сезінуі керек. Мұндай қорлар неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы.

Ол шетелдерден активтерді қайтару ұзақ және заңдық тұрғыда қиын мәселе екенін айтып, азаматтар қорға көмек көрсетеді деген үміт білдірді.

Қорды құрушылардың ниеті дұрыс болып көрінеді, бірақ мұның іс жүзінде қалай орындалатыны әлі белгісіз. Бұл жердегі сарапшыларды алаңдататын мәселе, 1917 жылдағыдай жағдай болмауы тиіс, дүние мүлікті тартып алып, ондаған мың қызметкері бар кәсіпорындар мен банктердің жұмысы тоқтап қалмаса екен.

Сонымен қатар, сарапшылар тоқсаныншы жылдарда басталған жекешелендіру процесінің бел ортасында жүрген және сол кезде өзінің капиталын жасаған саясаткер әрі бизнесмен Болат Әбіловтың тұлғасына да назар аударады. Оның «Бутя Капитал» деп аталған инвестициялық жекешелендіру қоры азаматтардың қолындағы сол кездегі ПИК деп аталған жекешелендіру ваучерлерін тиынға сатып алып, «кәсіпорындағы үлесті иеленуден көп пайда аласыздар» деген бос уәде берді. Мұның немен аяқталғаны баршаға мәлім.

Әбіловтың қоры «Ақтөбемұнайгаз», «Шымкентфосфор» компанияларының акцияларын иеленді. 2000 жылдардың басында Әбіловтің иелігінде «Рамстор» гипермаркеттер желісі, «Тойота» орталықтары, «Астана-моторс» және басқа да коммерциялық ұйымдар болды.

Elge Qaitaru қорының басшысы Оразалы Ержанов та «сүттен ақ, судан таза» емес. Оған және оның дүние-мүлкіне қатысты талай даулы мәселе болған. Соның бәрі қазір ұмыт болғандай. Әбілев те, Ержанов та қазір бизнесті таза қолмен жасағандай болып жүр. Ақиқатында, тіпті олай емес.

Сондықтан, шындығына келгенде, осынау популистік идеяға құрылған саяси шара Әбіловтың үлкен саясатқа тез оралуы мақсатымен ғана ұйымдастырылып отыр деген пікірдің жаны бар.

S

Айдары: Түтін 26.06.2022 123

Қатысты мазмұн