
Кеше, 27 шілдеде Алматыда «Elge Qaitaru» қоғамдық қорының 20 шілдеде ресми тіркелгені хабарланды. «Ешқандай саяси жоба емес, ешқандай партияға қатысы жоқ қордың мақсаты – елден ұрланған ақша мен активтерді елге қайтаруға жәрдемдесу», - деді қор құрылтайшыларының бірі, ақшасы талан-тараж болған атышулы «Наурызбанк» ісінің фигуранты Оразалы Ержанов. «Қазақстаннан шығарылған активтерді кері қайтаруда шынайы күрес болады дегенге сенбейміз», - дейді қор құрылтайшыларының бірі, тіркелмеген «Біздің таңдау» партиясының жетекшісі Болат Әбілов.
Екеуі баспасөз бен ашық интернет-ресустардағы заңсыз жолмен алынған байлық туралы толып жатқан ақпаратты елемей отыр деп прокуратураны кіналады. Жалпы, Президент Тоқаев бұл істі тездету керек деген сыңайда әңгіме айтты.
Көктемде президент тапсырмасымен құрылған экономика ресурстарының заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия құрамына кімдер кіретіні хабарланған жоқ, тек лауазымдары ғана белгілі деп шағымданды. Комиссияның ішінде құрылған тағы бір комиссия жетекшілерінің бірі Ұлан Байжанов екен. Бұл азамат Тимур Құлыбаевтың командасында жұмыс істегені белгілі, сондықтан Ұлан Байжановты комиссия құрамынан алып тастауды сұрап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазыпты.
Сондай-ақ «Біз, Назарбаев мырзамен байланысты «Тұңғыш президент қорының» жұмысына да назар аударуды сұраймыз. Алғашында білім беріп, мәдениетті дамытуды мақсат еткен қор, кейін бизнес, қаржы, банк, қонақ үйлер, яхта және тағы басқалармен айналысып кетті. Ақпарат құралдарында шыққан түрлі зерттеулер 8 миллиард доллар туралы айтады», - дейді Әбілов.
Биыл қаңтарда ірі бизнес өкілдерімен кездесу кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан байлығының жартысынан астамы 162 адамның қолында, ал Қазақстан халқының жартысының ай сайынғы кірісі 50 мың теңгеден аспайды» деген еді. «Elge Qaitaru» қоры өкілдері президент осы 162 адамның есімін атауды, олар өздері иелік ететін дүние-мүліктің заңды жолмен табылғанын дәлелдеуі керек деп отыр.
Қаңтар оқиғасынан кейін елде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның әулетінің ұрлаған қаржысын елге қайтару деген әңгіме жиі айтыла бастады. Миллионер, олигарх деген ұғым көбіне бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен айналасындағы адамдарға қатысты қолданылады. Назарбаевқа ешқандай қатысым жоқ деп мәлімдеген Болат Әбілевтің дәл соның тұсында тасы өрге домалағаны белгілі. Президентке тіпті «бала болып кете жаздағаны» да мәлім. Сол кездері елдің ең бай бизнесмені болған ол жұртшылық санасында бизнесмен ретінде пайда болған кезден бастап-ақ «семьяға жақын адам, туысқаны» деп қабылданады. Кейінгі жағдай үйреншікті сценарий сияқты көрінеді.
Заңсыз жолмен алынған қаражат, аквивтер тақырыбы көкірегі ояу әр қазақстандықтың көкейінде тұрғаны анық. Сондықтан популист саясаткерлер оны қайта-қайта мәселе етіп көтеруден саяси ұпай жинау оңай екенін түсінеді. Бұрынғы режим олигархтарының ұрлағанын елге қайтару керек деген әңгіме әр үйде шай үстінде айтылып жүргеніне күмән жоқ. Сондықтан өз-өзіне жұмыс істейтін пиаршылар бір күннің ішінде бәрін төңкеріп тастауға итермелейтін мәлімдеме жасауға құмар. Әлбетте, қаперге алынатын Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвилидің «реформа – тез бұзылатын өнім, оны тез іске асыру керек» деген сөзі дұрыс. Бірақ бұл жердегі әңгіме реформа туралы емес, әлі де позициясын түгел бермеген бұрынғы режимге қарсы іс-қимыл туралы болып отыр. Бұл жолда жасалатын әр қадам жан-жақты ойластырылуға тиіс.
Мемлекет тарапынан құрылған, барлық өкілеттігі бар комиссияның жұмысының нәтижесін күту керек. Егер ешқандай нәтиже болмаса, сонда талап қою керек. Кез келген мәселе зайырлы жолмен шешілуге тиіс. Ал елге қайтару деп жалаң ұранмен онсыз да әлеуметтік мәселеден басы қатып жүрген халықты қоздыру төңкеріс сияқты жағымсыз құбылысқа ұрындыруы ықтимал. Қазір мемлекеттің іргесін шайқалтуы мүмкін кез келген айқай-шулы нәрседен қашық болып, посткеңестік дүниеден әлі толық арылмаған Қазақстан «варвар» емес, зайырлы ел екенін, онда заңның жұмыс істейтінін бүкіл әлемге дәлелдеу керек. Популист саясаткерлер мұны ойлайды ма екен?
Берік Мыңжасар