«Ел тірегі» - демократияның тежегіші

none

ҚР Әділет министрлігі «Ел тірегі» партиясын тіркеу туралы құрылтай құжаттарын талапқа сай келмегендіктен 16 рет кері қайтарған. Министр Марат Бекетаев «партия құру жөніндегі бастамашы топ кемшіліктерді түзетпей, құжаттарды сол қалпы қайта-қайта өткізе береді» деп мәлімдеді.

«Сол құжаттар пакетін қайта-қайта тапсырады. 16 рет болды. 16 рет кері қайтаруға мәжбүр болдық, себебі біз айтқан кемшіліктер түзетілмеді. Неге бұлай істеп жүр, соны ойлану керек. Олар үнемі тіркемей қояды деген иллюзия тудырып, құрбан образын жасауға тырысып жүргендей» деді Бекетаев.

«Ел тірегі» партиясын құру туралы бастамашы топ жетекшісі Нұржан Әлтаев Марат Бекетаевтың бұл сөзін жоққа шығарды. Оның айтуынша, әділет министрлігі әр кез әртүрлі сылтаумен партияны тіркемей келеді. Министрлік алдымен партия құру жөніндегі бастамашы топ ішінде «статусы белгісіз, қайтыс болған адамдар бар» деп құжаттарды қайтарса, кейін «олардың жеке мәліметтері дұрыс толтырылмаған» деген уәж айтқан.

Нұржан Әлтаевтың айтуынша, ұсынылған тізімде «өлі жан» жоқ, барлығының ЖСН-ы бар. Мұны дәлелдеп шығыпты. Бұдан кейін министрлік «тізімде басқа саяси партия құрамындағы адамдар жүр» деген сылтау айтыпты.

«Билік бастамашы топ мүшелеріне қысым жасай бастады. Бір әйелді жұмыстан шығарамыз деп қорқытты» дейді Н.Әлтаев. Осындай кедергілердің кесірінен «Ел тірегін» саяси партия ретінде тіркеу мүмкін болмай тұр.

Бұл саяси сөзжарыста екі тараптың да уәжі дұрыс болып көрінеді. «Ел тірегінің» партия ретінде ресми тіркеуден өтпегені рас. Дегенмен, «Ел тірегі» атты партия құрамын деп белсеніп шыққан «Нұр Отан» партиясының бұрынғы мүшесі, экс-депутат Нұржан Әлтаевтың кенеттен оппозицияшыл бола қалуынында күмәнді жайт көп. Ол соңғы парламент сайлауында «Нұр Отанның» тізіміне ілікпей қалды. «Оппозициялық партия құрамын» деп мәлімдеген соң, Н.Әлтаев билік партиясы қатарынан шығарылды. Нұржан Әлтаев бастаған топтың «Ел тірегі» деген атаумен партия тіркетуге ұмтылысы да сылбыр. «Бізді тіркеуден өткізбей жатыр» деген байбалам «Ел тірегін» оппозицияшыл етіп көрсету үшін ғана керек секілді. Мұндай сылбыр әрекеттің себебін «Ел тірегі» - биліктің саяси жобасы» деген пікір төркінінен іздеген жөн.

2010 жылдан кейін Қазақстанның саяси аренасында партия тіркетпей-ақ саяси белсенді әрекет жасайтын үрдіс пайда болды. Бұл саяси ұйымдарды қаржыландырудың қиындығынан және саяси монополияның күш алуымен байланысты туындады. Тіркелмеген саяси ұйымдардың қайсысы шын оппозиция, қайсысы жалған екенін – «биліктің оппозиция алаңына әдейі жіберген саяси жобасы» екенін анықтау қиын.

Мұндай ұйымдарды әлеуетіне қарай екі топқа бөлеміз. Белсенді Санавар Закированың «Біздің хақымыз» партиясы,Тоғжан Қожалиеваның «Халыққа адал қызмет» (ХАҚ) қозғалысы өздеріне ұқсас маргинал саяси топтармен бәсекелесу үшін құрылған секілді. Бұл ұйымдардың жетекшілерінен басқа қолдаушылары жоқ, «жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпастай» болып жүруі сондықтан.

Жанболат Мамайдың «Қазақстанның демократиялық партиясы» (ҚДП) жобасы қашқын банкир Мұхтар Әбілязовтің «Қазақстанның демократиялық таңдау» (ҚДТ) қозғалысымен бәсекелесіп жатыр. Бұған жеткілікті қаржы және адам ресурсы жұмылдырылған. «Ойыннан от шығады» демекші, Мамайды да «ұзын арқан, кең тұсаумен» тежеп ұстамаса, ол да «басқаша ойнап кетуі» кәдік. Сондықтан Нұржан Әлтаевтың «оппозицияшыл «Ел тірегі» ұйымы «Мамай жобасының» «тежегіші» міндетін атқарып жатыр.

Мұндағы гәп мынада: әбілязовшіл «Көше партиясы» ресми тіркеуден өтпеді, тіпті партия ретінде тіркеуге де ұмтылған жоқ. Кейін ұйым сот шешімі бойынша экстремистік деп жарияланды. Қазір «Көше партиясының» үні өшті. Сәйкесінше, әбілязовшіл кішігірім ұйыммен бәсекелесуші Санавар Закирова мен Тоғжан Қожалиеваның да саяси белсенділігі бәсеңсіді.

Әбілязовшіл жаңа тұрпаттағы ҚДТ да Қазақстанда ресми тіркеуден өтуге ұмтылған емес. Олай болса, ҚДТ-ға саяси бәсеке жасау үшін құрылған Мамайдың партиясын тіркетудің қажеті жоқ. Саяси жоба авторлары осындай бірізді логика бойынша ҚДП-ның мақсатын өзгертті. Жоба сызығанан аттап кетудің салдары жаман болатынын түсінетін Жанболат Мамай партияны тіркеу ісін жарты жолға келгенде тастап кетті.

«Ел тірегі» саяси жобасына қатысты жағдай да осыған ұқсас. Егер Мамай ҚДП-ны ресми тіркеуден өткізбесе, Әлтаев та «Ел тірегін» тіркетуге шындап кіріспейді. Министр Марат Бекетаев Әлтаев тобы жөнінде «...үнемі тіркемей қояды деген иллюзия тудырып, құрбан образын жасауға тырысып жүргендей» деп айтқанда осы жағдайды меңзеген секілді.

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 31.12.2021 64

Қатысты мазмұн