Егеубаевтар «Ескі Қазақстанға» байланып қалған ба?

none

2023 жылдың басында журналистерге қарсы ұйымдастырылған қорқыту-үркіту және арандату бойынша шығарылған сот шешімі жұрттың көкейінде көп сұрақ тастап кетті. Оқырманның есінде болу керек, 2023 жылдың басында бірнеше БАҚ-қа және журналистерге шабуыл жасалды. Журналист Гүлжан Ерғалиева басқаратын «Елмедиа» офисінің есік-терезесін әлдебіреулер қиратып, есік алдына қоқан-лоққы сөз жазып кетті, Орда.кз сайтының жетекшісі Гүлнар Бажкенова мен «Ұлыс-медиа» сайтының редакторы Самал Ыбыраеваға шошқаның басы секілді қан тамшылаған мал мүшесіне журналистердің және олардың жақын туыстарының фотосын қоса «сәлемдеме» жіберіліп, психологиялық қысым көрсетілді, «Гиперборей» ютуб каналын жүргізетін Вадим Борейко тұратын пәтердің есігін құрылыста пайдаланатын көбікпен желімдеп кетті, видео жазатын операторларының машинасы өртелді. Мәжіліс сайлауына қатысуға ниет білдірген журналист Динара Егеубаеваның да машинасы өртелді, оның шетел азаматтығын алған ұлының шекесіне әлдекімдер тапанша тақап қорқытып кеткен. Бұл Қазақстан тарихындағы журналистерге қарсы ұйымдастырылған ең ауқымды террор болатын.

Әрине, журналистерге қарсы қылмысқа тапсырыс беруші Аркадий Клебанов айыпты деп танылды, бірақ оның психиатриялық тексеру барысында ауру екені анықталып, ол жүйке ауруларын емдейтін арнайы мекемеге жатқызылды. Аркадий Клебановтың тапсырмасын орындап, журналистерге қарсы нақты әрекетті жүзеге асырған 18 қазақстандық бозбаланы қылмысқа айтақтап тасада тұрған Украина азаматы Олексий Токарев 4 жыл 6 айлық шартты жазаға кесілген. Жәбірленушілер адвокаттарының шығыны – 3 млн теңгені де дәл осы Токаревтің есебінен өтелді.

Сот шешімі бойынша, ең көп зардап шеккен адам – журналист Динара Егеубаева екен. Ол шала өртенген машинасының нарықтағы құнынан екі есе көп ақша - 12 млн теңге алатын болды. Бұл қаржының 10 млн теңгесін Токарев өтеп берген, қалғанын Клебанов өтейді. Кейбір ақпаратта Д.Егеубаева машинасының тек орындықтары ғана жанып кеткен. Оның үстіне, Д.Егеубаева мен Вадим Борейко өздерінің мүддесін қорғап жатқан сот процесіне белсенді қатысуға құлықты болған жоқ. Олар қылмыстың басты ұйымдастырушылары Клебанов пен Токарев ұсталғанда беттесуге бармай қойған.

Моралдық тұрғыдан ең ауыр зардап шегіп, қатты қысым көрген Г.Бажкенова, С.Ыбыраева және Г.Ерғалиева шындықты анықтап, қылмыстың ашылуына мүдделі болды, тергеуге де, сотқа да белсене қатысты. Ал Д.Егеубаева сот процесін сырттай бақылап отырумен шектелді. Дегенмен, Д.Егеубаева есесін жіберген жоқ, сот процесінде ұтымды позицияға шыққан да осы журналист болып тұр. Мұндайды «қандай жағдай болмасын бас пайдасын ұмытпайтын адам» дейді. Ол өртенген көлігіне тыңғылықты экспертиза жасап, өзінің моралдық тұрғыда шеккен зардабын медициналық анықтамалар арқылы негіздеп, құжаттарды сотқа жолдаумен шұғылданды. Әрине, Д.Егеубаева заңгер емес, бұл істе оған інісі Айдар Егеубаевтың көмектескені байқалады. Айдар Егеубаев 2021 жылы «Транспаренси Казахстан» қоғамдың қорының құрылтайшылары қатарына кірді. Сонымен бірге бұл қорда бір кездері Қазақстан Жоғарғы кеңесінде депутат болған Виталий Воронов пен құқық қорғаушы Евгений Жовтис бар. Сонымен қатар А.Егеубаев Вороновтың әйелі екеуі «Воронов и партнёры» деп аталатын заң кеңесін беретін фирманы басқарады. Фирманың Қазақстаннан басқа Украинада ғана кеңсесі бар.

Журналистерге қарсы Клебанов пен Токарев ұйымдастырған шабуылдан зардап шеккен Динара Егеубаеваның Дариға Назарбаева кланына қатысы бары айтылады. Ал Д.Назарбаева Клебановтар отбасымен тығыз байланыста болғаны белгілі. Айдар Егеубаевқа келсек, ол 2013-2017 жылдары Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаевтың ықпалындағы мұнай-газ компанияларында қызмет атқарған. Тіпті Айдар Егеубаев пен оның әйелі Алина Егеубаева «Almex» холдинг тобының» тізімінде Тимур Құлыбаев және Динара Назарбаевамен қатар тұрған. Ерлі-зайыпты Құлыбаев-Назарбаева өздеріне тиесілі «Halyk bankті» дәл осы «Almex» арқылы басқарады. Алина Егеубаева «Almex» тобының «Almex Engineering», «Almex Petrochemical», «Almex Estate», «Almex Petrochem», «Almex E&P» секілді еншілес компанияларының директоры болды және әлі де осы құрылымдық жүйенің біріне басшылық жасайды. Сонымен қатар, Алина Егеубаева марқұм Бердібек Сапарбаевқа туыс болып келеді. Ол күйеуі Айдар Егеубаев екеуі «ALBA DYNAMIC» компаниясының тең құқылы құрылтайшысы болған, бірақ Айдар Егеубаев «Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қорының құрылтайшылары қатарына кірердің алдында аталған компаниядағы статусын жойып жіберді. Қазір ол Құлыбаев-Назарбаева бизнесін жүйелеп тұрған «Almex» холдинг тобына» қатысты болғанын да өзінің өмірбаянында көрсеткісі келмейді.

Көріп отырғанымыздай, Дариға Назарбаеваның «адамы» деп айтылатын Динара Егеубаева Нұрсұлтан Назарбаев билікті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырып берген соң саяси белсенді әрекетке көше бастады. Дәл осы кезеңде бұрын Құлыбаев-Назарбаеваның «Almex» холдинг тобын» төңіректеп, табыс тауып өз бетімен жүрген Айдар Егеубаевтың да «Транспаренси Қазақстан» қорына келіп кіруі бекер емес. Журналист Динара Егеубаева осы қордың белді мүшелерінен, атап айтқанда Воронов, Жовтис, Қожахметов, Шишкин, Ержанов секілді мүшелерінен жиі сұхбат алып, оларды «Жаңа Қазақстанға» қарсы бағыттап отырады. Егер осы процеске қатысып жатқан саяси сипаты бар фигураның бәрін шаршы тақтаға тізбектеп қойып, төбесінен қарасақ, «Ескі Қазақстан» реванш алуға әрекеттеніп жатқанын көреміз. Қаңтар оқиғасы да тасада тұрып саяси амбициясын қанағаттандыра алмаған реваншистердің әпербақан әрекетінің кесірінен болды. Осы қайғылы оқиғаны Динара Егеубаева сияқты журналистер мен құқық қорғаушылар одан бетер саясиландыруға тырысты. Тіпті Динара Егеубаеваның өзі де тасада тұрып тас лақтыратын лас ойынның құрбаны болып кете жаздады. Дегенмен, ол «Жаңа Қазақстанның» керегесін шайқаудан бас тарта алмайды. Оның інісі де, келіні де «Ескі Қазақстанға» ажырамастай байланып қалған.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Түтін 28.12.2023 60

Қатысты мазмұн