Заңда парламент депутаты жоғары білімді болу тиіс деп көрсетілген. Бұл дұрыс талап. Тіпті, бұл талапты күшейтіп, 2000-шы жылдардан кейін университеттер мен институттарды сыртай оқып жоғары білім алғандардың дипломын тексеру керек секілді. Мұның себебін Алматы облысындағы 12-округте тіркелген кандидат Думан Мұхаммедкәрімнің бұралаң өмірі арқылы түсіндіріп көрейік.
Мамандығы журналист Думан Мұхаммедкәрім алғашында кандидаттыққа сәйкеспей қалған. ОСК (Орталық сайлау комиссиясы) оның тұрғылықты жері туралы мәліметке күмәнданды. Дегенмен, Мұхаммедкәрім сот арқылы өзінің құқығын қорғап, қайтадан саяси додаға қатысуға мүмкіндік алды. Рас, ол бұрын жалған құжат дайындау және оны пайдалану бойынша сотты болған. Оның соттылық мерзімі де аяқталған. Сондықтан ол сайлауға қатысып жатыр. Думан Мұхаммедкәрім ашық саясатқа шыққан соң, ол жөніндегі мәлімет те сайлаушыға ашық болуы тиіс. Бұл - жария саясаттың талабы. Олай болса, Мұхаммедкәрімнің алған білімі жөнінде сөз қозғаудың айыбы жоқ.
Думан журналистік қызметті 2000 жылы «Астана» телеарнасында бастаған. Телеарна басшылығы неге оның дипломын сұрамағаны таңғалдырады. Тамыр-таныстық, топшылдық, жеңұшынан жалғасу секілді жаман әдет журналистикада да бар. Осындай жаман әдеттің қыр-сырын жетік меңгеріп алған Думанның «Астана» телеаранасында, одан кейін «Қазақстан» ұлттық телеарнасының Павлодар филиалында (2003-2005), одан кейін ұлттық арнаның Астанадағы редакциясында (2006-2007) жұмыс істегені соның айғағы. Телеарна басшыларының «Думан, сенің дипломың бар ма?» деп сұрамағаны да күдікті қоюлата түседі. Сол кезде журналистер арасында «Думанды тіреп тұрған «дөкей» - Ақорда мен «үш әріп», олар бірлесіп, Думаннан ұзақ мерзімді саяси жоба дайындап жатыр» деген сыпсың сөз тараған.
Құпиясы ашыла бастағанын түсінген Думан Мұхаммедкәрім 2013 жылы БҚО әкімінің баспасөз хатшысы болуды көздейді, құжаттарын ұсынады. Телеарна журналисі деген мемлекеттік қызмет емес, ал әкімдікке қызметке тұратын адам қатаң тескеруден өтеді. Тексеру барысында Думанның 2010 жылы алған «мамандығы – журналист» деген дипломынан ши шықты. Тараз гуманитарлық техникалық университетінің мөрі басылған дипломның «түбі жоқ», «негізсіз» болып шығады, яғни бір мезетте сатып алынған диплом екен. Содан Думан Мұхаммедкәрім мен жалған дипломды сатқан адамға қарсы «жалған құжат дайындау және оны пайдалану» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалады, сотталады, шартты жаза алып әрең құтылады. Думан Мұхаммедкәрім мұның бәрін жұрттан жасырып жүреді. Бір қызығы сол, Думан дәл осы жалған дипломның көшірмесін сақтап қойған екен, 2014-2015 жылдары оны «Қазақстан» ұлттық телеарнасының Ақмола филиалында жұмыс істегенде кадр бөліміне тапсырған. Бұған дейін телеарна басшыларының бәрі Думанның «мен жоғары білімді маманмын» деген сөзіне имандай сеніп жүрген. Міне, «жаға ұстататын жаңалық» деп осыны айт...
Қазір Думан Мұхаммедкәрім жанқалтасына салып жүрген журналистік диплом - Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінікі, 2018 жылы берілген құжат. Мұнда да гәп бар: Думанның әйелі Арай Бошанқызы Жаныс сол жылдары Көкшетау университетінде қызмет еткен (Думанның «жүріс-тұрысынан әбден шаршаған» Арай кейін ажырасып кеткен). Бір жерде байыз тауып тұра алмайтын Думанның Көкшетауда унисерситет оқығанына, сабаққа қатысқанына күмән бар. Неге ол басқа емес, әйелі жұмыс істейтін университетке барып «оқиды»? Бұл сұрақтың әзірге жауабы жоқ. Дегенмен, Думан Мұхаммедкәрімінің «жоғарғы білімді маман» екеніне күмән көп. Мұны біз 19 наурызға дейін анықтап, сайлаушыға кандидат туралы толық мәлімет беруге тырысамыз.
Oraz Alimbekov,
Faceboоk парақшасынан алынды