Біз неге Аллаға емес, нанға табынамыз?

none

Аз-маз тарихқа ой жіберсек, адам етін жегізіп, миллиондаған жанның басын жалмаған аштық та, баласы әкесіне жау болып, бір біріне мылтық кезеген зорлық пен зомбылық та, қысқасы, жер бетіндегі бар қайғы-қасірет бір қазақтың басында екені көрінеді. Осыдан кейін «қойдай жуас, түйе үстінде ит қапқан момын халық қой, осынша сорлайтындай құдайға не жазды екен?» деген сұрақтың әр кеудеде тұруы табиғи нәрсе. Біз бұл сұрақтың жауабын қиырдағы Петрбордың шаң басқан архивінен емес, күнделікті тірлігімізден іздеуді жөн көрдік.

Қазақ наннан қорқады

Жақында көрген бір мысал: ауыл ақсақалы немерелеріне «Ордалы жылан» туралы аңыз әңгімені желдіртіп әңгімелеп отыр. « ..Кісі өлтірушіні іздеп серкенің мүйізіне оралған сала құлаш қара жылан Тәшкеннің базарына жақындағанда шуатылып жерге түседі. Қашқын қарақшы бұл кезде біреуге жалданып, осы маңда диханшылық жасап жүрген. Шай қайнатым уақыт өтті ме, өтпеді ме жылан әлгіні тауып оқша атылады. Қапелімде не істерін білмей сасқалақтаған ол қаңғалақтап, кетпенін тосады. Жылан кетпенді тесіп өтіп, уын шашып қанішерді буындырып өлтіреді».

Ертегі тыңдап отырған баланың не болса, соны сұрай беретін әдеті емес пе. «Ата жылан неден қорқады?» деп немересі сұрау салды. «Ой, қызталақ, заты темір демесең кетпенде қауқар бола ма, наннан өзге не болушы еді жыланның мысын басатын. Нан өмірдің нәрі, тірегі онсыз өмір жоқ» деп қария ары қарай зуылдатты.

Ақсақалдың қандай логикаға салып айтып отырғанының анығын өзі білер. Біздің түсінгеніміз нанды ақсақал құдаймен, яғни Алламен қатар қойып отыр. Бұған салғыласқан екі қазақтың біреуі күйкі тірлікте «Нан ұрсын! деп шыр-пыр боп қарғанатынын қоссаңыз, қараңғылықтың құшағында жүргеніміз анық көрінеді. Бұл енді масқара! Бір Алланы ұмытқан соң оған от та, су да, нан да құдай! Сонда мұсылмандығымыздың жайына қалғаны ма? Құдай көбейсе, өмір сүру де қиындай түсетінін ұға алмағанымыз ба? Басымызға сәлдені шыр айналдыра орап алып, шекеміз жіпсіп, шариғаттан соғып қашанға дейін жүре береміз? Бір ауық мешітке қамалып отыра бермей сыртқа шығып, айналаға көз салатын уақыт жетті емес пе?

Қазақ неге қоқыс жейді?

Автобуста келе жатқанбыз. «Асқазаны жалап барады қайтсін!» дейтіндей емес, киім-басы бүтін, орта жастағы, жігіт ағасы жын ұрғандай орнынан ыршып тұрды да, жерге шашылған нанның уағын көріп: «Әй, тоқшылық-ай!» деп басын шайқап, айналасына сүзе қарап біраз тұрды. Сосын « Обалды!» деп күңк етіп, едендегі наның қоқымын алақанына теріп, ар-бері аударыстырып үргіштеді. Жұрт «Енді қайтер екен» дегендей сілтідей тына қалған. Әлгі кісі осыны аңдып тұрғандай қолындағы «қоқысты» аузына құя салды... Біз бұл мысалдан иісі қазақтың нанға деген ілтипатын, махаббатын, құрметін, табынушылығын сезіне алғандаймыз ба, қалай?

Қап-қара болып отқа күйіп кеткен нанды да «бетің қызыл, шырайлы болады» деп кішкентай балаларға жегізіп қоятынымыз тағы бар. Өзіміз көгеріп кеткен нанды буға бір қақтап алып жей береміз. Мұның бәрі адам денсаулығына өте зиян екенін білеміз. Бірақ, нанға деген наным-сеніміміз бізге осылай жасатады. Енді мына әңгімеге құлақ түрелік.

Армяндар бөлке нанмен футбол ойнайды

«Нан болса әнде болады» деп әндететін кеңестік кезеңде бес-алты қазақ баласы әскерде бірге болдық. Бізбен бірге армян ұлтының төрт жігіті қызмет етті. Шетінен қағылез, пысық, намысқой, бауырмал, ұйымшыл десе болатын. Әсіресе, олар футбол десе ішкен асын жерге қоюшы еді. Екі сөздерінің бірі ұлттық командалары «Араратты» жер-көкке тигізбей мақтау. Олар мақтағанда біз іштен тынып, 1-2 қазағы бар командамыз «Қайратты» аузымызға ала алмай құса боп өлетін едік. Футболдан да хабарымыз шамалы, біздерге «Арарат» әлемді аузына қаратқан азулы командадай көрінетін.

Бірде кеменің палубасына таза ауа жұтып, теңізді тамашалайық деп сыртқа шықсақ... Мәссаған! Армяндар палубада бөлке нанды доп қылып теуіп, футбол ойнап жүр... Түгел қайран қалдық. Ол бер жағы-ау! Тұла бойымыздан тоқ жүріп өткендей күй кешіп, әңкі-тәңкі болдық. «Таза, құдайдан безгендер екен!» деп бәріміз бірауыздан үкім айтқанымыз осы күнге дейін анық есте. Енді соған ұяламыз. Құдайды ұмытқан өзіміз екен. Нанға табынып құрметтегеннен, оның аузымызға терлеп-тепшіп еңбек етпей, өзі келіп ешқашан түспейтінін түсіне алмаппыз...

Бекболат Есімов

Айдары: Текемет 29.11.2019 127

Қатысты мазмұн