Бауыздалған имам кімнің туысы?

none

Астанадағы «Шейх Кунта қажы» мешітінің имамы Муслухиддин Надыровты (29.01.1985 ж.т.) өлтіру үшін қарулы шабуыл жасалғаны жөніндегі оқиғаның жай-жапсарын жасыру үшін ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбай жанталасып жатыр. Астана полициясы оқиға болған күні нақты ақпарат таратқан және оны мен жарияладым. Мүфтияттың ықпалынан кейін Астана полициясы департаментінің баспасөз қызметі басқаша сайрап кетіпті.

Департамент мәлімдемесінде «Астанада әйеліне ашуланған ер адам мешітке келіп, имамды пышақтады... Ол мешітте әйелімен шариғат жолымен ажыраспақ болған... Ашу үстінде келіп, намаз оқып жатқан имамға пышақ ұрған...» деп әркі-тәркі сөз жазылған. Бұл мәлімдеме журналист А.Қонарбай әмпей-жәмпей қатынас жасап жүрген «Күн.кз» сайтында жарияланды.

Бұл жерде мынандай сұрақ туады: «Шариғат жолымен ажырасу» қалай жүзеге асады? Ажырасатын адам мешітке бара ма?! Әрине, жоқ. Мүфтият езеуреп қоймайтын «шариғат» бойынша, еркек әйеліне қаратып «талақ, талақ, талақ» деп 3 мәрте айтса, болды емес пе?! «Әйеліммен ажырасам» деп мешітке, имамның алдына барған мұсылманды кім көріпті?

Рас, кейбіреулер үйленгенде молдаға неке қидыру үшін мешітке барады. Көбіне мұндай неке жасайтындар: заңды әйелінен жасырып тоқал алғыштар және уақытша бірге тұратын әйел мен еркектер. Бірақ, бұл заңды неке емес, заң бойынша ЗАГС-тің неке куәлігі ғана жарамды. Сондықтан ажырасатын еркек пен әйел ЗАГС-ке барады. «Ол мешітте әйелімен шариғат жолымен ажыраспақ болған» деп мүфтият полицияны да, халықты да алдамай-ақ қойсын...

ҚМДБ басшылары Оңтүстіктегі Фирдауси ауылының тумасы Муслухиддин имам Надыровтың қылығын ақтамай-ақ қойсын. Ол және басқа имамдар ауруына ем таппай қиналып жүрген адамдарға «дем салып, дұға оқып емдейтіні» жасырын емес. Мұны олар «Құранмен емдеу» деп атап, мешітке шақырып алып халықтың миын ашытып жүр. Сонда не, Құдайдың сөзі жазылған Құран кітап медициналық құрал ма, әлде химиялық дәрі ме? Ал Муслухиддин Надыров секілді мешіт имамдары шетінен адамды емдейтін дәрігер болып кеткен пе? Әлде олардың қолында мединституттың дипломы бар ма?

Мешіт имамдарының миссионерлікпен шұғылдануға рұқсаты бар шығар. Онда ол діни уағызды мешіт ішінде ғана айтуға қақы бар. Ал имамдардың медицинамен шұғылдануға, яғни адамды емдеуге лицензиясы бар ма? Әрине, жоқ. Олай болса, мешіт имамдарының «Құранмен емдеуі» заңсыз. Адамның өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін мұндай шарлатандарды мешіт-мешіттен іздеп тауып, заң бойынша жазасын беріп, тиым салу керек.

ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбай Муслухиддин Надыровты мешіт ауласын сыпырушы секілді «шаруашылық қызметкері» етіп көрсеткісі келеді. Бұл – өтірік. Қолына пышақ ұстаған қаскөйдің аула сыпырушыда қандай әкесінің құны бар?! Шындығында, Муслухиддин Надыров «Шейх Кунта қажы» мешітінің имамы. Кейде ол жұма намазды да өткізеді. «Бұл жалған» деп мүфтият «тәпәшкесінен секірмей-ақ» қойсын.

Муслухиддин Надыровтың ұлты – тәжік, оңтүстік Қазақстан өңірінің тумасы. Осы ұлт өкілдерінің Астана қаласындағы мешіттерде сараншадай қаптап кеткені бұған дейін жазылған. Тіпті, Бекболат Тілеухан тарауық намазын жақсы өткергені үшін Астанадағы мешіттің ұлты тәжік екі имам-қариіне пәтер кілтін тапсырғаны кеше ғана. Мұндай имамдардың қаптап кетуі Тоирджон Ибрагимов деген VІР-имаммен байланысты. Ол бұрын Өзбекстанның ұлты тәжік азаматы болған.

«Тоирджон ака» 90-жылдардың соңында Өзбекстандағы антитеррорлық операциядан бассауғалап Қазақстанның өңтүсітігіне өтті. Қазақстанда ол «Ибрагим шейх» деген лақап атпен белгілі. Астанадағы өңкей жоғарғы лауазымды шенеуніктер тұратын Шұбар мешітінде бас имам болды, Қазақстанның азаматтығын алған соң әйелі екеуі шенеуніктерді Мекке-Мединаға қарай жетектеп VІР-қажылықпен шұғылданды. Тілі мен жағына сүйенген «Ибрагим шейх» біздің саяси билікке де, оған тәуелді ҚМДБ-ға да ықпалы зор еді. Бас мүфти Наурызбай Өтпенов те Өзбекстанның Кәттәқорған қаласында туған, мұны басқаша айтсақ, Өтпенов пен Ибрагимов жерлес. Қазір Тоирджон Ибрагимов «көлеңкеде» жүр, бірақ оның әлі де ҚМДБ-ға деген ықпалы зор. Міне, бүткіл проблема осыдан туындап жатыр. Ал бас мүфти Наурызбай Өтпенов ҚМДБ мешіттерінде осындай қанды оқиға болып жатса да түк білмегендей мүләйімсіп жүр... Оның осы қылығы дұрыс па?

Oraz Alimbekov,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Текемет 16.03.2023 260

Қатысты мазмұн