Баспасөзге жазылу: молдалар жылап жатыр

none

Үкіметтің «Егемен» мен «Казправдаға» күштеп жаздыратыны секілді ҚМДБ да «Мұнара» газеті мен «Иман» журналының 2022 жылғы шығарылымына күштеп жаздырып жатыр. Үкімет ісі мен ҚМДБ-ның науқандық шарасында ерекшелік бар. Үкімет өз басылымдарын бюджеттік мекемелердегі адам санына лайықтау қылып жаздырады, ал аз жалақы алатын қызметкерлерді газет оқуға мәжбүрлемейді. Ал ҚМДБ болса мешіт қызметкерлерінің санынан жиырма-отыз есеге артық газет-журнал тиражын жинауды талап етуде. Бұл мешіттегі қарапайым молдалардың әлеуметтік жағдайын ауырлатып, оларды жамағатқа жеккөрінішті қылып барады.

«Қолыма алатын жалақым қырық мың теңгеге жетпейді. Әр молдаға «Мұнара» газеті мен «Иман» журналына жазылуды талап етіп жатыр. Бала-шағамның аузынан жырып алып, алты мың теңгемді ешкімге керегі жоқ газет шығарып пайда тауып отырған журналистерге берем. Осы әділеттілік пе?! Бұдан басқа жеті-сегіз адамды газет-журналға жаздыруым керек. Бұл - қиынның қиыны. Намазхандардың да ақшасы жоқ» дейді Шымкенттің орталық мешітіндегі құпия дереккөз.

text

text

Дереккөздің айтуынша, ол «Мұнара» газетін де, «Иман» журналын да бір-екі мәрте оқыған. Басылымдар Бас мүфти «анда барды, мұнда келді, мешіттің, медресенің лентасын қиды» деген жарнамадан басқа ештеңе жазбайды. Дін мен діни реформаға қатысты мардымды мәлімет өте аз.

«Интернет дамыған кезде қағаз газеттің не керегі бар. Жаңалықты да, діни қиссалар мен уағызды да интернеттен оқып отырмыз. Мүфтияттың да, үлкен мешіттердің де жеке сайты бар. Қағаз газетті ешкім оқымайды, тіпті ол дәретхана қағазын алмастыра алмайды» дейді дереккөз.

Атыраудағы құпия дереккөз жіберген құжатта қаладағы екі үлкен мешіттің әрқайсысына діни басылымның бес жүзге жуық данасын жаздыру жоспарланған. Екі мешітте де сонша адам жұмыс істемейді.

text

«Бір-екі газетті өзіміз жаздыртып алармыз. Басқа тиражды жинау үшін «Алла разы болсын, газетке жазылшы» деп намазхандар мен кәсіпкерлерге жалынамыз. Бұл да қайыр сұрағанмен бірдей. Біздің қайыр сұрап тапқан ақшамыздың қызығын дым жұмыс істемей мүфтияттағы жылы кеңседе отырған журналистер көреді. Бұрын мүфтиддің баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайды және журналист Серікбол Хасанды халықтың сөзін сөйлейтін, әділетшіл жігіттер деп білуші едік. Сөйтсек, заманнан қалып қойған, бір жапырақ қағазын қымбатқа пұлдайтын пайдакүнем біреулер екен. Осы заманда қағаз газеттің не керегі бар?!

Одан да мүфтияттың сайттарын, әлеуметтік желідегі парақшасын дамыта бермей ме?! Халықтың байлығын билік бір жағынан, мүфтият екінші жағынан сүліктей сорып жатыр» дейді Атыраудағы дереккөз.

Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы бекіткен нұқсаулық құжат бойынша, «Мұнара» газеті мен «Иман» журналына мешіт молдаларының көмегімен 50 мыңнан астам тираж жинап алмақшы. Бұл тираж ақшаға шаққанда 150 миллион теңгеден асады. ҚМДБ-ның қағаз баспасөзіне спонсорлардан бұдан басқа да қаржы тартылатыны әдеттегі жағдай. Ал газет-журналдың өзіндік құны көрсетілген сомадан бірнеше есеге кем. Сонда қарапайым молдалар арқылы жұрттан қайыр сұрағандай жинап алған қаржының пайдасын кім көреді? Бұл ҚМДБ-дағы жең ұшынан жалғасқан сыбайластық емес пе?!

Ораз Әлімбеков

Айдары: Текемет 05.10.2021 1873

Қатысты мазмұн