Бас мүфтидің мұнысы қалай?

none

2021 жылдың 18 маусымында Батыс Қазақстан облысының Жымпиты елді мекенінде өздерін нағыз мұсылман санайтын жас жігіттер республикалық маңызы бар күрежолды жауып тастап, шеру жасап наразылық танытты. «Такбир, Аллаху акбар!» деп айқайлап ұрандаған олар бір ай бұрын ғана облыстың және Орал қаласы орталық мешітінің бас имамы болып тағайындалған Бақытжан Құралбайұлы Сабыралиевті қызметінен кетіруді талап етті. Басым бөлігі шоқша сақал қойып, балағы шолақ шалбар киген жастардың айтуынша, өңірдің бас имамы Сабыралиев мұсылман жамағатының ортасына іріткі (фитна) салып жатыр екен. Тобырға тән эмоцияға берілген кейбір дінкештер рушылдық пен жершілдікті қоздыратын ұранды көтеріп, оңтүстік тумасы Сабыралиевтің соңынан ит қосып Оралдан туалай қуып жіберуге шақыратын үндеу тастады.

Осы оқиғаны сипаттайтын видеодан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) жұмысының әбден ақсағаны, бас мүфти Наурызбай Тағанұлының кадр саясатындағы өрескел қателігі байқалады. Жымпиты жамағатының ашу-ызасын туғызған Бақытжан Сабыралиев бір ай бұрын ғана бас мүфтидің бұйрығымен өңірдің бас имамы қызметіне тағайындалған болатын. Ол бұған дейін Оралдағы облыстық мешітте наиб имам қызметін атқаратын. Бақытжан Сабыралиевтің еңбек жолына көз салсақ, ол 2015 жылдан бері Батыс Қазақстанда діни қызмет істеп келген. Бас имам осы өңірге төтеннен келген бөтен адам емес. Солай бола тұра, Б.Сабыралиев бас имам қызметіне тағайындала сала, Жайықтың жағасын жайлаған жамағаттың оған қарсы шығып, оның оңтүстіктен келген кірме екенін еске алып, өңірден туалай қуып жіберуге әрекеттенді. Бас имамға қарсы наразылық акциясын бастағандардың түр-сипатына және ұранды сөзіне қарап, оларды тәкпіршілер немесе осы діни ағымға жақын радикал жамағат деп айтуға келмес. Дегенмен, тепсе темір үзетін қазақ жастарының өңірдегі әлеуметтік-экономикалық проблемалар түгел шешімін тауып, бітпеген басқа іс қалмағандай, қоғам дамуы бас имам Сабыралиевиің діни уағызына тіреліп тұрғандай дүрлігуі оңаза ойға жетелейді. Алаң жамағаттың «Такбир, такбир!», Аллаху акбар!» деп жау шақырғандай салған айқайы радикал әрекетке бел буған бұзақы тобырды еске түсірді. Наразы жамағаттан нағыз мұсылманға тән жібектей жұмсақ мінез байқалмады. Бұған кім кінәлі? Әрине, бұл ретте діни салаға рухани монополия жасап отырған ҚМДБ-дан басқа ұйымды атай алмаймыз. Оның ішінде Орал өңірінде талай жылдан бері имам қызметін атқарып келе жатқан Бақытжан Сабыралиев те бар. Батыс Қазақстандағы мұсылман жамағатының радикалданып, буквализм жетегіне еріп кетуіне айтарлықтай үлес қосқан молданың қызметін өсіріп аймақтың бас имамы етіп тағайындау бас мүфтидің кадр саясатындағы өрескел қателігі екені айқын.

text

Әсілінде, ислам дінінің принципі бойынша, мұсылмандар ұлтқа, нәсілге бөлінбейді. Ұлты араб Мұхаммед пайғамбар қара нәсілді Біләлді құлдықтан құтқарып алып, қауым алдында мерейін өсіріп тұңғыш азан шақырушы етіп қойғаны ислам тарихында ізгі амалдың мысалы ретінде баяндалады. Ал Жымпитыдағы мұсылман қауым «анау оңтүстіктен», «мынау басқа рудан» дегенге саятын бүліншілік ұран көтеріп жүр. Осы кесірлі пиғыл - ру-жүзге бөліну, жершілдік, жалпылама айтсақ, трайбализм қайдан тарамдап жатыр? Бұл сұраққа жауапты «Неге?» сайтында бір ай бұрын жарияланған мақаладан табамыз. Мақалада ҚМДБ-ның кадр саясаты сөз болады. Редакцияға арызданған қатардағы дін қызметкері мүфтият қарамағындағы мешіт молдаларына жаппай анкета толтыртып жатқаны айтылған. Анкета бойынша әрбір молда және мешіт қызметкерлері өзінің ұлтымен қатар, қай жүзге жататынын, қай рудың өкілі екенін көрсетуі тиіс. Бұрын мұндай болмаған, бұл – Наурызбай қажы Тағанұлы тұсындағы кадр саясатындағы «жаңашылдық». Мұндай істің ислам діні принципіне мүлдем жат екенін айттық. Тіпті мемлекеттік қызметкерге де анкета толтырғанда жүзін, руын көрсету міндеттелмейді. Керісінше, зайырлы мемлекеттің бәрі рушылдық, жершілдік, жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстық секілді жаман әдетпен күресіп келеді. Ал ҚМДБ, ұйымның қазіргі басшысы Наурызбай қажы Тағанұлы «дін мемлекеттен бөлек» деген тезисті желеулетіп, «мүфтият ішінде не істесем де, өзім білемге» салып өпірім әрекетке барып отыр. Ол ҚР Қылмыстық кодексінде нәсілдік, ұлттық, рулық араздық қоздырғандарды жазалайтын арнайы бап бар екенін біле ме екен?!

Басшылар кез келген адамды жұмысқа алар тұста оның кәсіби біліктілігіне назар аударады, сондай қызметкер сеніп тапсырылған саланы өркендетеді. Әлемді дүрліктіріп тұрған діни экстремизм мен терроризмнің тұсында руханият саласын да білікті мамандарға сеніп тапсырған жөн. Әйтпесе, кадр саясатында қателіктің ауыр салдары болатыны анық. Қазақстан мемлекеті де, қазақ қоғамы да дін мәселесіндегі салғырттықтың кесірінен қасіретті бірнеше оқиғаға тап болды. Еліміздің батысы мен оңтүстігінде діни экстремизмге бой алдырған радикалдар бірнеше мәрте террорлық әрекет жасағанын көрдік. Санасы діни радикализммен уланған жүздеген қазақстандық Сирия мен Иракқа өтіп кетіп, «ислам мемлекеті» атты террорлық ұйымның қатарында соғысты. Олардың негізгі бөлігі Қарағанды облысының, атап айтқанда, Сәтбаев кентінің тұрғындары болатын. Дәл осы өңірде көп жыл бойы Наурызбай Тағанұлы діни қызмет атқарды, 5-6 жыл аймақтың бас имамы қызметінде болды. Бас имам сеніп тапсырған діни жазирада мешіт құрылысы, «Сұлу әлем», «Нұрлы мінбер», «Жұлдызды гол» секілді жұртқа түсінксіз, жастардың діни сауатын ашуға және радикализмге бейім адамдардың санасын сауықтыруға ешбір қатысы жоқ әуейі жобалармен шұғылданып кетті. Кимоно киіп өзін джиу-джитсудің қас шеберіндей көрсетіп, ережесіз жекпе-жек спорты өкілдерінің, дәлірек айтсақ, жуан жұдырық жігіттердің қасында жүрді. Нәтижесінде, бас имам өңірдегі діни насихат жұмысын қараусыз қалдырды. Мұның қандай салдары болғанын жоғарыда айттық. Өз жұмысына салғырт, жауапсыз қарайтын имамның қалайша бас мүфти дәрежесіне көтерілгені Қазақстан мұсылмандарына, жалпы қазақ қоғамына түсініксіз болып тұр.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Текемет 24.06.2021 865

Қатысты мазмұн