Бапи «көпес» пе, «ұсақ ұры» ма?

none

31 арнаның «Неге?» ток-шоуында «Дат» басылымының жетекшісі және ЖСДП белсендісі Тазабек Сәмбетбай арасындағы жанжалдан кейін қоғамдық пікір екіге жарылды. Бір топ Сәмбетбайдың «саясатты саудаға салдың, ЖСДП-ны сатып жібермекші болдың, саудагер-көпессің» деген сыңайда Бапиге қаратып айтқан ащы сөзін «Ермұратқа дәл берілген баға» деп санайды. «Көпес» сөзі шымбайына батып кетіп, ашуға булығып Тазабекке стақан лақтырып, онысымен қоймай жетіп келіп жұдырық жұмсап, теппекші болған Ермұраттың әрекетін батырлыққа балап, тіпті кәсіби боксшыға теңегендер де көп.

Жанжалдың төркініне, мәселенің мәніне үңіліп бас қатырғысы келмейтін көпшілік қауым Ермұрат Бапидің шынымен де саясатты, сөз бостандығын саудалап, сол жерден пайда іздеп жүретін адам екенін ескеріп жатпады. Шындығына келсек, Бапидің билікпен астыртын саяси саудаға барып «Дат» жобасы аясында шығарып жүрген газетінің бірін («Тасжарған» газеті) әдейі жауып тастағаны әшкере болған. Бұл - журналист Гүлжан Ерғалиеваның «Свобода слова» газетін билікке сату процесімен қабилас болған оқиға. Оның ЖСДП-ны Бергей Рысқалиевқа «пұлдауға» да тікелей қатысы бар. Оның қулығын Сәмбетбай сияқты жас демократтар кесіп, Бапиді ЖСДП төрағалығынан қуып жіберіп, партияны қолды болудан аман алып қалды. Сондықтан Сәмбетбайдың Бапиге қаратып «... саяси саудагер, көпес» деп айтуында еш сөкеттік жоқ секілді.

«Ермұрат кәсіби боксшылар сияқты жұдырығын сауатты жұмсады» деген пікір де өсіріп айтқандық. Кебеже қарыны кедергі жасап, Ермұраттың сілтеген жұдырығы діттеген жеріне тиген жоқ, тебуге әрекеттеніп еді, қара саны бөксесіне тіреліп еденнен 30 см де көтерілмей күйдірді. Ол қарсыласын мұқалтатын соққы жасай алмады. Бәрі - көбеже қарынның кесірі. Соны көре тұра Бапидің жақтастары тасырта мақтай женелді...

Қоғамдық пікір Бапидің ыңғайына жығылып бара жатқан тұста журналист Бигелді Ғабдуллин әлеуметтік желіде естелік жариялады. 1998 жылы «Дат» газетінің қаржы мәселесіне жауапты болған Ермұрат Бапи бар, «қажыгелдиншіл» «ХХІ век» газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллин бар және басқа да оппозицияшыл белсенділер (Әбділдин, Құттықадам, Таукина, Савостина, т.б.с.с.) бар, бәрі жиналып шетелге қашып кеткен Әкежан Қажыгелиннің алдына барыпты. Қажыгелдин өзі қаржыландыратын «Дат» газетінің журналистеріне жалақы төленбей жатқанынан хабардар екен. Ашуға булыққан Қажыгелдин оппозиция серкелерінің алқалы жиынында Бапиге шүйлігіп, «Ермурат, мне доложили журналисты газеты ДАТ, что ты уже несколько месяцев не выдаешь им зарплату! Куда ушли деньги? Вон, бери пример у Бигельдина. День в день выдает зарплату своим журналистам. Ермурат, ты оказывается, не просто вор, а воришка» деп қатты ренжіпті...

Журналист Бигелді Ғабдулиннің осы естелігінен кейін Бапи мен Сәмбетбай арасындағы жанжалдан туған қоғамдық пікір қалай өзгереді екен?..

Сәкен Түсіпбек

Тараз қаласы

Айдары: Түтін 04.12.2020 861

Қатысты мазмұн