Атыраудағы тұрақсыздық «вирусы»

none

Атыраулық кәсіпкер Ибрагим Ақдрашев ютубтағы «Живи на 100%» каналында дәстүрлі емші Валерий Яшковтан сұхбат алып, екеулеп адамзатқа қауіп төндіріп тұрған коронавирус індетін жоққа шығаруға күш салып жатыр. Бірінің пікірін екіншісі 100% қолдайтын әңгімеден көрермен мынадай ой түюі тиіс: коронавирус - маусымдық қарабайыр тұмаудың бір түрі, коронавируссыз-ақ жыл сайын миллиондаған адам өледі; коронавирус деп дүрлігудің пайдасы жоқ, адамдарды вирус инфекциясы емес, «қорқыныш инфекциясы» өлтіріп жатыр; сондықтан адамдар оқшауланып, омалып отыра бермей үйінен шығып, белсенді өмір сүруі керек; т.б. с.с.

Өздерін эпидемиология мен вирусология саласының маманы етіп көрсеткісі келетін екеуі коронавирустан сақтану мен оған қарсы қолданатын ем-дом жөнінде де сөз қозғайды. Валерий Яшковтың айтуынша, вирустан сақтану оңай – сарымсақ жеп, лимон қосылған шай, айран, шұбат, қымыз ішу керек, мұның бәрі организмдегі қышқылды көбейтеді, вирус атаулыны жойып жіберетін де көмір қышқыл газы. Ал коронавирустан демі жетпей қиналып жатқан науқасты жасанды өкпе желдеткішке қосу зиян екен. Себебі шамадан тыс оттегі науқасты жылдам өлтіріп жібереді-мыс. Адамның дене қызуын басатын дәрі-дәрмектің түк пайдасы жоқ. Қайта дене қызуын еркіне жіберсе, адам ағзасындағы ыстық вирусты тез жояды. Қысқасы, вируспен табиғи жолмен күрескен тиімді. Вирусқа қарсы иммунитетті көтерудің әдісі де қарпайым: кеудеңді соққыласаң, иммунитетің бірден жақсарып кетеді, бас бармақтарыңды бір-біріне ысқыласаң, өкпенің жұмысы қалпына келеді... Кәсіпкер Ибрагим Ақдрашевтың сұхбатты өзінің меншігіндегі фитнес орталығының бос залында өткізгеніне, экранның екі бұрышына COVID-19 вирусының белгісін шаптап қойғанына да назар салған жөн. Ақдрашевтің айтуынша, эпидемия кезінде адамдар үйінде тығылып отырмай, осындай фитнес орталықтарына келіп жаппай спортпен шұғылдануы керек. Жұрт «қорқыныштың инфекциясына» бой алдырмай, ойын-сауық жасап көңіл көтеріп жүргені дұрыс...

text

Бүткіл әлемді дүрліктіріп тұрған жұқпалы қатерлі вирусқа қарсы тұру үшін Қазақстанда төтенше жағдай жарияланып, көптеген елді мекен карантин режиміне өткен тұста халыққа жалған ақпарат таратып жатқан екеудің әрекетін «еріккендердің ісі», «ютуб каналы мен сайттары арқылы өзін өзі танытқысы келіп жанығып жүрген Ақдрашевтың кезекті пиары ғой» деп қолды бір сілтеп қоя салу салғырттық, халықты адастыратын хабар таратқаны үшін «карантин режимін бұзу» бойынша жауапкершілікке тартуға әбден болатын қиямпұрыс іс. Әрине, жұртты адастыратын жалған ақпарат таратушы екеу «елде төтенше жағдай жариялап, өзі бас болып коронавирусқа қарсы күрес жүргізіп жатқан Қазақтан Президентінің саясатына саботаж жасап отыр» деп айта алмаймыз. Себебі Ақдрашев та, Яшков та мемлекеттік қызметкер емес. Дегенмен, кәсіпкер Ақдрашевті мұндай қиямпұрыс іске итермелеп отырған экономикалық мүдде, бас пайдасының қамы екені анық. Республиканың былайғы жұрты Ибрагим Ақдрашевтың ныспысын «Баян «Есентаеваға қызғаныштан күйінген күйеуінің пышақ тығып алуы» оқиғасы кезінде алғаш рет есіткен. Сол кезде ерлі-зайыпты екеудің арасындағы жанжалға «Баянның атыраулық кәсіпкер Ақдрашевпен жақын қатынаста болуы себеп болды» деген ақпарат тараған. Алайда Ибрагим Ақдрашев «Бұл жарияланымдардың барлығы - мүлдем өтірік, мен Баян Есентаевамен таныс емеспін. Тіпті өмірімде оны бетпе-бет көрген де емеспін. Мен бұл лас қауесеттерге мән бермес едім, алайда Есентаеваның өмірінде сұмдық отбасылық трагедияның орын алғаны белгілі. Қазақстандықтар секілді, мен де тек аяушылық пен шынайы тілектестік білдіре аламын» деп мәлімдеп, басын даудан арашалап алды.

Шынтуайтында, Ибрагим Ақдрашев іскерлік ортада танымал адам. Мұнай-газ өндірісінің орталығына айналған аймақтағы бизнестен сүбелі үлес алып отырған оны атыраулықтар «Бергей-2» деп біледі әрі оның ықпалы мен беделін мойындайды. Кейбіреулер оны Иманғали Тасмағамбеовтың «адамы» деп ойлайды.

Ибрагим Ақдрашев - шетелдік «Теңізшевройл» компаниясына құрылыс-монтаждау және басқа да мердігерлік қызмет көрсететін, бес мыңға жуық жұмысшысы бар «Нефестройсервис ЛТД» ЖШС-нің жалғыз иесі. Бұл ЖШС ForbesKazakhstan журналының рейтингі бойынша Қазақстандағы 50 ірі компанияның тізімінде. Компания құрамына «Сonsolidated Contractors-Kazakhstan» ЖШС, «CIS Kashagan»ЖШС, «Kentz Kazakhstan» ЖШС, «Қазақнефтегазсервис» ЖШС, «Карат LLP» сауда компаниясы кіреді. Кәсіпкер консерві өнімдері, ауыз су, нан-макарон секілді маңызды азық-түлік түрлеріне монополия жасап отыр.

Атыраудағы ойын-сауық, сауда оталықтарының негізгі бөлігі Ақдрашев пен оның туыстарынң иелігінде. Соның бірі «АБК» элиталық SPA-комплексі деп аталады. Онда «орыс», «түрік», «финн» моншасы бар, ұлтық менталитетке ыңғайластырылған «Ысық», «Әлім», «Шеркеш», «Адай», «Берiш», «Таз» деп аталатын сауналарда «жақсы эмоция тудыратын», «күш-қуат энергиясын беретін» массаж жасалады. Орталықта сұлулық салоны, қонақ үй және басқа да көңіл көтеретін ойын-сауық орындарында күндіз-түні ханбазар болып жататын. Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері бизнестің бұл түрі түгел тоқырап қалды. Өмірін қалай да мол ақша тауып баюға арнаған кәсіпкердің соған іші ашиды. Сондықтан ол дәстүрлі емші Валерий Яшковпен бірге «Живи на 100%» каналында әлемді жайлаған жұқпалы қатерлі дертті – коронавирус пандемиясын жоққа шығарып, халықты баяғы өміріне тездетіп қайта оралтуды, той-тойлап, ойын-сауық салып жүре беруді мақсатты түрде насихаттап жатыр.

«Нефтестройсервис ЛТД» қожайыны Ибрагим Ақдрашевтың қатерлі кононавирусты елегісі келмей, елдегі төтенше жағдай мен карантин режиміне қарсы насихат жасауының тағы бір себебі бар. Сәуір айының 22-і күні «Теңізшевройл» компаниясы елдегі төтенше жағдайға байланысты Теңіз кенішінен 17 мың жұмысшыны шығарып, оларды үйіне қайтаруды жоспарлады. Әрине, мұнай өндірісіндегі жұмысшылар қалады, себебі мұнай скважиналарын тоқтатып тастауға болмайды, әзірге керексіз болып тұрғандар – «Нефтестройсервис ЛТД» секілді қосалқы шаруамен шұғылданатын мердігер компаниялардың жұмысшылары. Олардың басым бөлігі батыстағы төрт облыстың азаматтары, қалғаны Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облысынан келіп вахтамен жұмыс істейтін мамандар. Атырау облысының төтенше жағдайлар штабы 27 сәуірде Теңіз кенішінің тағы да тоғыз жұмысшысынан коронавирус табылғанын хабарлады. Оның сегізі 24 пен 51 жас аралығындағы еркек, біреуі 1983 жылы туылған әйел. Бұған дейін екі жұмысшының вирус жұқтырғаны анықталған. Осындай мәліметті елемей, аймақтағы ірі кәсіпорын басшысының коронавирусты жоққа шығарып, жұртты адастыратын ақпарат таратып жатуы көңілге күдік ұялатып, оның қандай мүдде көздегенін зерттеуге итермеледі.

Шетелдік «Теңізшевройлдан» келісімшарт бойынша тапсырыс алатын мердігер компаниялар жұмысшыларының қауіпсіздігіне, әлеуметтік жағдайына өздері жауапты. Дегенмен, кей жағдайда мердігерлер міндеттемесін орындай бермейді, пайдакүнем басшылар жұмысшыларына аз жалақы төлейді, жұмысшы жатақханаларындағы санитарлық, тұрмыстық жағдай сын көтермейді. Отандық мердігер компаниялар мен шетелдік компаниялардағы жұмысшыларға берілетін киім-кешек пен тамақ та салыстыруға келмейді. Сондықтан болса керек, отандық мердігер компаниялардың жұмысшылары наразы болып, жиі-жиі ереуілге шығады. Бұл мұнай-газ кенішіне жауапты «Теңізшевройлдың» да, биліктің де мазасын алатын, тұрақсыздықтың бітпейтін көзіне айналған қиын жағдай болып тұр. Тіпті, 2000-шы жылдардың соңында «Теңізшевройл» кеніштегі әлеуметтік тұрақсыздықты болдырмау үшін келісімшарттан бөлек мердігер компаниялардың жұмысшыларының жалақысын көтеруге қосымша қаржы бөлуге мәжбүр болды. Бірақ мердігер компаниялардың басшылары ол қаржыны жұмысшыларына бермеді, қалтасына басып қалды, мұның арты үлкен дауға ұласты. Қазақстандық мердігер компаниялардың басшылары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ескертуіне де құлақ аспай келеді.

2013 жылдың басында Ибрагим Ақдрашевтың «Нефтестройсервис Лтд.» компаниясы «Теңізшевройлға» мердігер болып жүрген венгриялық «Хемимонтаж-Атырау» компаниясын (жұмысшыларының 80 пайыздан астамы қазақстандықтар) өзіне қаратып алды. Қосылғанға дейін «Хемимонтаж-Атырау» жұмысшылары 90 мың теңге жалақы алатын, ал Ақдрашев Қазақстанның оңтүстігінен алып келген көмбіс жұмысшыларына 45-50 мың теңге ғана төлейтін. Ол «Хемимонтаж-Атырау» жұмысшыларына да осындай жалақы ұсынып, соның кесірінен Теңіз кенішінде ереуіл басталды. Жағдай ушығып бара жатқан соң, бұл мәселеге «Теңізшевройл» компаниясы мен жергілікті билік араласып, жұрты мәмілеге шақырып, ереуілді әрең басқан.

Осы ретте «Теңізшевройлға» емініп алған қазақстандық мердігер компаниялардың мұнай-газ кенішінде әлеуметтік һәм ұлтаралық қақтығыстың себепшісі болып отырған тағы бір жайтты еске сал кеткен жөн. 2019 жылдың 29 маусымында Теңіз кентінде жанжал шығып, төбелестен 40 адам зардап шекті. Төбелес Сonsolidated Contracting Engineering and Procurement S.A.L Offshore (CCEP) мердігер компаниясының жұмысшы, Ливия азаматы Әли Даудтың WhatsApp желісінде жариялаған фотосынан басталды. Фотода ол қолындағы рацияны жанындағы қазақ қыздың аузына бағыттап тұрған. Бейәдеп осы фото жариялана сала кенттегі қазақ жұмысшылары шетелдіктерді ұрып-соғып, мұның соңы мыңға жуық адам қатысқан төбелеске ұласты. Мұнымен тоқтамаған ереуілшілер шетел жұмысшыларының елдеріне кетуін талап етіп тұрып алды. Даулы мәселеге тағы да облыс әкімдігі араласып, жағдайды реттегендей болған. Бірақ осындай дау-дамайдың туындауына кінәлі адамның аты аталмады...

text

«Теңізшевройл» игеретін мұнай кеніші - Атыраудан 350 км жерде, Жылыой ауданында орналасқан. «Теңіз» деп аталатын жұмысшылар кентінде жүздеген жатақхана бар, онда бірнеше мың адам айлық ауысыммен жұмыс істейді. Кенттегі жалғыз көңіл көтеретін ойын-сауық орталығы - «Тропикана» түнгі клубы Ибрагим Ақдрашевқа тиесілі. Кенттегі жұмысшылардың түгелге жуығы еркектер екені белгілі. Шетелдіктер жұмыс істейтін кентке, әсіресе «Тропиканаға» жеңіл жүрісті қыздар жарыққа үймелеген көбелектей әуес... Олардың көбі «Тропиканадан» пана табады... Осы жағдай кенттегі әлеуметтік тұрақсыздықтың бір бастауы болып тұр.

Жақында Жылыой ауданының әкімі Азамат Бекет пен «Нефтестройсервис Лтд.» қожайыны Ибрагим Ақдрашевтың арасында бір әйелге қатысты дау туды деген хабар тарады. Мәліметте дау екі азаматтың бас араздығы түрінде сипатталған. Сондықтан оның қыр-сырына дәл қазір тоқталып жатпаймыз. Дегенмен, Ибрагим Ақдрашевтың әрекеті «екі асап, биге шығуға» көздейтінін, «Теңізшевройл» мен жергілікті билікті үнемі шантаждап отыруға бағытталғанын баса айта кеткен жөн. Оның бүткіл елде коронавирус індетіне қарсы күреске кедергі жасап, Атырау мен Теңіз кенішіндегі карантин режимін алып тастау жөнінде насихатты күшейтіп жатқаны да осы жоспардың бір тармағы. Қолына мол ресурс топтаған кәсіпкердің аймақта әдейі тұрақсыздық туғызу пиғылы бар әлдебір шетін саяси күштерге арқа сүйеп отырғаны да зерттеліп, зерделенетін тақырып, ақ-қарасын анықтайтын маңызды жайт. Бұл келесі зерттеудің өзегіне айналады...

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 28.04.2020 707

Қатысты мазмұн