«Атажұрт» тығырыққа тірелді

none

Қытай қазақтарының проблемасымен шұғылданатын қоғамдық ұйымдар қаржы жетіспеуіне байланысты тығырыққа тірелді. Бір апта бұрын тіркелмеген «Нағыз Атажұрт еріктілерінің» лидері Серікжан Біләшұлы «ұйымды таратуға қаржы мәселесі түрткі болды, ешқандай саяси қысым болған жоқ» деп мәлімдеген. ҚР Әділет министрлігінің ресми тіркеуіндегі республикалық «Атажұрт еріктілері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ербол Дәулетбек те ұйымның қиын кезеңді өткеріп жатқанын айтады.

Қоғамдық ұйым ретінде ресми тіркелген «Атажұрт еріктілерін» Қытай қазақтарының көсемі саналатын С.Біләшұлы тобынан былтыр бөлініп кеткен Ербол Дәулетбек пен Қайрат Байтолла басқарады. Олар адвокат Айман Омаровамен келісімге келіп, оны ұйымның заңгері қызметіне алған. Ұйымның ресми тіркелуін жүзеге асырған да Айман Омарова еді. Ресми тіркелген және тіркелмеген екі ұйымның қаржы қиыншылығын айтпас бұрын, мына жайтқа назар аударған жөн. 2019 жылдың басында Серікжан Біләшұлы «тіркелмеген ұйымға («Атажұрт еріктілеріне») басшылық жасады» деген айыппен әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл төлеген. Бұдан кейін «Атажұрт еріктілері» ұйымын тіркеу ісімен белгілі адвокат Шынқуат Байжанов айналыса бастады. Бірақ, бір ай өтпей жатып, Серікжан Біләшұлы ҚК 174-бабы бойынша қамауға алынды, ол Астанада бес айдай үйқамақта отырды. Бұл Қытай қазақтары үшін күтпеген жағдай болды. «Атажұрт еріктілері» ұйымын тіркеу мәселесі ұмыт болып, еріктілер тобы түгел Серікжан Біләшұлына Айман Омарованы адвокат ретінде жалдап, оны сотталудан арашалап қалумен айналысып кетті. Сонымен қатар олар Серікжан Біләшұлын халықаралық Нобель сыйлығына ұсыну үшін қол жинау акциясын бастаған. Кейбір мәліметте бұл идеяның Серікжан Біләшұлына қатты ұнағаны айтылады. Ал Ербол Дәулетбек пен Қайрат Байтолла «С.Біләшұлын халықаралық сыйлыққа ұсыну» акциясына іштей қарсы болған. Е.Дәулетбектің айтуынша, олардың Серікжан Біләшұлын қолдаушылардан бөлініп кетуінің басты себебі де осы.

Қылмыстық жауаптылыққа тартылған С. Біләшұлының шешуші сотта адвокаты Айман Омаровадан бас тартып, өзінінің қорғаушысы ретінде Шынқуат Байжановты шақыртуының себебінде де гәп бар сияқты. Өйткені адвокат А.Омарова С.Біләшұлының прокурормен процестік келісімге келіп, шартты жазамен бостандыққа шығуына қарсы болған. Кейбір мәліметте Е.Дәулетбек пен Қ.Байтолла да С.Біләшұлының түрме жазасын арқалап, қамалып кеткеніне мүдделі болыпты. «Өзі жоқтың көзі жоқ» жағдай бола қалса, «Атажұрт еріктілері» ұйымының тізгіні әлгі екеуінің қолына өтетін еді. Олар «Атажұрт еріктілері» ұйымын ресми тіркетіп, ұйым атынан С.Біләшұлын емес, А.Омарованы Нобель сыйлығына ұсынады» деген болжам айтылған. Сол болжам әзірге жартылай жүзеге асты: Е.Дәулетбек пен Қ.Байтолла адвокат А.Омарованың көмегімен «Атажұрт еріктілері» ұйымын ресми тіркеп, өз алдына кетті, бірақ олар Қытай қазақтарының қолдауынсыз қалды, оралмандардың түгелге жуығы тіркелмеген «Нағыз Атажұрт еріктілерінің» жағында.

«Атажұрт еріктілерінің» лидері Е.Дәулетбектің айтуынша, адвокат Айман Омарова айына екі мәрте халыққа ақылы кеңес беріп, одан түскен қаржыны ұйымға беріп отырады. Адвокаттың әрбір адамға берген кеңесі орта есеппен 30 мың теңгеге бағаланған. Ол бір күнде кемі 10 адамға заң кеңесін бере алатынын айтқан. Дегенмен, наурыздың 7-сі күні адвокаттан заң кеңесін алуға 6-7 адам ғана келген. Ақылы заң кеңесінен түскен қаржы түгел Е.Дәулетбекке тапсырылды.

«Атажұрт еріктілерінің» шығыны көп емес, кеңсенің арендасы 70 мың теңге, офисте отырып жұмысты үйлестіруші қызметкерге айына 100 мың теңге төлейміз. Әзірге басқа шығын жоқ» - дейді Е.Дәулетбек. Айтуынша, «Атажұрт еріктілері» ресми тіркеуден өткен ұйым болғандықтан, халықаралық қорлардан грант және басқа да қаржы көмегін алуға үміт бар.

Серікжан Біләшұлының айтуынша, «Нағыз Атажұрт еріктілерін» тіркеу мүмкін емес. Сондықтан халықаралық қорлардан грант алу да мүмкін болмай тұр. Тіркелмеген «Нағыз Атажұрт еріктілерінің» шығыны қомақты. Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматыдағы офистің арендасы мен басқа да шығындарын өтеу үшін ай сайын 2,5 млн теңге керек. Оның үстіне Қытай концлагерлерінде қамауда болып, ауруға ұшыраған оралмандарды емдетуге, асыраушысы Шыңжаңда қалып қойған отбасыларды азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етуге көп қаржы қажет. Қытайдан шекара бұзып қашып келген Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын сотта қорғау үшін 2,5 млн теңге жұмсалған. «Тұрмыс тауқыметінен қиналған жұрт алақан жайып бізге келеді. Қорымыздағы соңғы 50 мың теңгені Шыңжаңдағы концлагерден босап шыққан ауыру кісінің емделуіне бердік. Қазір офистің арендасын төлейтін ақша таппай отырмыз» - дейді С.Біләшұлы.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Текемет 11.03.2020 586

Қатысты мазмұн