Арман Шораев кімді алдамақшы?

none

Саяси белсенді Арман Шораевтың «Ұлысмедиа» сайтына берген видео сұқбатын көріп шықтым. Әр мәселенің басын бір шалып сөйлеген ол сұхбаттың орта тұсында полицейлерге атыс қаруын (тапанша, автомат) беруге болмайтынын айтты. Егер ол депутат бола қалса, парламент мінберінен осы мәселені күн тәртібіне қойып, полицияны атыс қаруынан айырып, резеңке сойылмен ғана қалдырады екен.

Арман Шораевтың айтуынша, Жаңаөзен оқиғасы кезінде полиция мен ішкі әскерге наразы халықты атуға ешкім бұйрық бермепті. Мұздай қаруланған полиция жасағы шеп құрып ереуілшілерге қарай беттеп келе жатады. Кенеттен шепте келе жатқан бір полицейдің жүйкесі сыр беріп, өзін өзі ұстай алмай шыдамсызданып қолындағы қаруынан оқ атып жібереді. Осыдан кейін шептегі келе жатқандар тобырлық психология беріліп кетсек керек, полиция жасағының бәрі жаппай оқ жаудыра бастапты-мыс. Шораевтың осы сөзі ақылға қона ма? Әлде, ол барлық бәлені қатардағы полицейлерге артып, Жаңаөзендегі ереуілшілерге қарсы оқ атуға бұйрық берген басшыларды қорғап қалмақшы ма?

Шындығына, полицейлік операция кезінде жаппай оқ ату жөніндегі шешім ең жоғарғы деңгейде, яғни президенттің бұйрығымен жүзеге асады. Ол кезде президент - Назарбаев, ал ІІ министрі Қ. Қасымов болатын. Ал Арман Шораев «оқ ату жөнінде бұйрық жоқ» дейді. Әрине, Назарбаевтың Қасымовқа, Қасымовтың Маңғыстаудағы полиция горнизонының басшысына берген бұйрығын көрген ешкім жоқ шығар. Құпия операция кезіндегі бұйрықтар да құпияланады. «Сол бұйрықтар жоқ екен» деп, «біз оны көрмедік» деп, «Жаңаөзенде полицияға оқ атуға бұйрық берілген жоқ» деген қорытынды жасауға бола ма?! Әрине, жоқ. Жоғарыдан бұйрық болған, полиция жасағы Жаңаөзенде сол заңсыз бұйрықты орындады. Сол үшін Шораев айтқандай полицияны атыс қаруынсыз қалдыру керек пе?!. Мәселе тіпті басқада. Авторитарлық билік кезінде құқық қорғау органдары өз функциясына ауытқиды, тым саясиланып кетеді, жағдайды екшеп жатпай саяси тапсырманы мүлтіксіз орындауға көшеді.

Заң бойынша, полицияның өз міндеті бар: ел ішіндегі тәртіпті қадағалайды. Ереуіл, митинг, жаппай тәртіпсіздік секілді әлеуметтік толқуды басып-жаншу үшін немесе қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру үшін «полицейлік операция» қолданылады. Онда ереуілшілерге қарсы оқ жаудыру деген атымен жоқ. Гәп авторитарлық саяси биліктің құқықтық нормаларға қысым жасап отырған өктемдігінде болып тұр ғой. Сол өктем, әпербақан авторитарлық биліктің ығына жығылған полиция өзінің Конституция мен басқа заңдарда жазылған функциясын ұмытып, саяси биліктің қолшоқпарына айналғанында емес пе? Осыны Шораев неге түсінбейді? Әлде ол әлі күнге шейін Назарбаев режимінің қоғамдық қорғаушысы болып жүр ме?

Oraz Alimbekov,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Түтін 17.03.2023 103

Қатысты мазмұн