«Алтын Орда» базарынан береке кетті

none

Алматыны азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған "Алтын Орда" базарын басқару қырғыз кәсіпкері Данияр Әлпиевтің қолына өтті. Базар қожайынының өзгеруі 20 сәуірде болған. Жаңа басшылық келе сала жаңа тәртіп орнатуға көшті. Ол базардағы сауда орындарын бұрыннан жұмыс жасап келген кәсіпкерлерден тартып алып, оны басқа адамдарға таратып бермек. Базардың бақылаушылары мен күзетшілерін Қырғызстан азаматтарымен ауыстырып тастаған. Соның кесірінен көптеген қазақстандық кәсіпкер жұмысынан айырылып күнкөріссіз қалуы мүмкін.

Базардың жаңа иесі мен сауда орындарын жақсарту үшін көп қаржы салған қазақстандық кәсіпкерлер арасында дау күшейіп барады. Мәселенің мәні мынандай: 2007 жылдан бастап «Алтын Орда» базарыдың иесі "Құрылыс LTD" компаниясы болған, ал компанияның атынан базарды жедел басқаруды "Altyn Orda QazTrade LTD"компаниясы жүзеге асырған. Бұл компания 2020 жылдан бастап жаңа сауда кешенін салуды бастайды. Құрылысқа базарда сауда жасайтын кәсіпкерлердің күшін біріктіріп, сауда орындарын жақстарту үшін 4 млрд теңгеден астам қаражатты инвестиция етіп құйдырады. Бұрынғы келісім бойынша бұл қаражат сауда ұзақ жылдар бойы пайдалану арқылы өтелетін болған. Осылайша базардың бұрынғы иесі мен кәсіпкерлер арасында өзара тиімді келісім жасалған.

«Алтын Орданы» басқаруға алған Данияр Әлпиев Қазақстан кәсіпкерлерінің құрылысқа салған миллиардтаған қаржысын есепке алғысы келмейді. Базардың бұрынғы иесі мен кәсіпкерлер арасындағы келісімшартты мойындағысы жоқ. Жеке кәсіпкерлердің қаржысына салынған сауда орындарын меншік иелеріне беруден бас тартып отыр. Әйтпесе, базардағы сауда кешені құрылысының 95% -ы біткен, ғимыраттардың тек әрлеу жұмыстары ғана қалған. Бұл «дайын асқа тік қасық» деген тәмсілді еске салады, «рейдерлік» деп атауға да болады.

Данияр Әлпиев «Алтын Орда» базарының иесі емеспін, іс жүргізетін басқарушымын» дейді. Ол өзін қазақстандық кәсіпкерлердің талабын базар иесі жеткізуші адам ретінде көрсеткісі келеді. «Алтын Орданың» жаңа иесі базар құрылысына қаржыларын салған кәсіпкерлердің мүддесі ескерілетінін, оларды қуып жібермейтіні жөнінде уәде беріпті. Бірақ бұл ауызекі әңгіме, бәрін нақтылайтын келісімшарт жасауға құлық танытпай отыр. Ал кәсіпкерлер мен базардың бұрынғы иесі арасында жасалған келісімшарт жоғалып кеткен. Жаңа басшылық ол келісімшартты білмейтінін, компанияның құжаттары арасында жоқ екенін айтады. Қысқасы, базардың бұрынғы басшысының міндеттемесін «Алтын Орданың» жаңа иесі мойнына алғысы жоқ.

Осындай түсініксіз жағдайда «Алтын Орда» базары құрылысына инвестиция салған кәсіпкерлерге Қырғызстанның қылмыс әлемінде белгілі рэкеттер психологиялық қысым көрсетіп жатыр. Мұндай әдіс біреудің мүлкін тартып алу кезінде жиі қолданатын жанама қысым. «Алтын Орда» базарын басқарып отырған Данияр Әлпиевтің бұл басбұзарлыққа қатысы бар ма, жоқ па, оны анықтау қиын. Дегенмен, Данияр Әлпиев бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған адам. Оның әкесі де қылмыстық элементердің өзара дау-дамайы кезінде болған тартыстың құрбаны болғаны айтылады. Ал Данияр Әлпиев қазір қай елдің азаматы екені түсініксіз, ол Қырғызстан пен Қазақстанның азаматтығын қатар пайдаланып жүру де мүмкін. Мұның бәрі «Алтын Орда» базары төңірегінде күмәнді істің көп екенінен хабар бергендей.

«Алтын Орда» - Алматы секілді үлкен қала үшін әлеметтік-экономикалық стратегиялық маңызға ие базар. Оны қаланың «азық-түлік қақпасы» деп те атауға болады. Базарда мыңдаған саудагер мен кәсіпкер күнделікті нан-шайын айырып отыр. Сондықтан бұл базарда аласапыран болмағаны, тұрақты жұмыс істеп тұрғаны Алматы облысы мен Алматы қаласы әкімдігі үшін керек-ақ. Ол үшін базардың жаңа басшылығы кәсіпкерлер мен саудагерлерге бұрын берілген міндеттемелерді орындап, тұрақтылық сақтауы тиіс. Олай болмаған жағдайда таласушы екі тарап та береке таппайды.

Берік Мыңжасар

Айдары: Текемет 27.04.2022 131

Қатысты мазмұн