
Францияны бірнеше жыл паналаған қашқын банкир Мұхтар Әбілязов босқын мәртебесінен айырылды. Әбілязовке босқын мәртебесін Францияның босқындар құқығы жөніндегі соты 2020 жылы берген. 2021 жылы Францияның мемлекеттік кеңесі бұл соттың шешімінен құқықтық қате тауып, Әбілязовті босқын мәртебесінен қайтадан айырған. Әбілязовтің адвокаттары бұл шешімге шағым түсірді. Бүгін белгілі болғандай, Франция соты мемлекеттік кеңес шешімінің күшін сол күйінде қалдырды. Енді Франция Әбілзовті депортациялау керек. Оны қайда депортациялайды? Қашқын банкирді қай мемлекеттің қолына береді?
Бұл сұраққа «Әбілязов Қазақстан азаматы, оған мұнда бірнеше қылмыстық іс қозғалып, сырттай сотталған, сондықтан оны Қазақстанға депортациялайды» деген пікір бар. Ақиқатында, бұл - қате пікір. Себебі, Қазақстан прокуратурасы қашқын банкирді бұрын сұратқан емес, сұратса да бұл процесс бейресми болған секілді. Сондықтан Франция «Әбілязов қазақ екен» деп оны Қазақстанға бере салуы неғайбыл. Қазақстанның құқық жүйесі ресми сұрату процесінің процедурасын жеделетіп Әбілязов депортациясына дейін үлгеруі мүмкін. Десек те, бұл жағдайда да Франция Әбілязовті Қазақстанға лоқ еткізіп бере салмайды.
Әбілязовті жазалауға Қазақстаннан басқа үш мемлекеттің тиеметі бар. Әбілязов алғашында Англияға қашып барған. БТА банк Лондон сотына қаржы жымқыру ісі бойынша Әбілязовтің үстінен шағымданған. Бұл эконмикалық қылмыс болатын. Сот процесі кезінде Әбілязов өзінің Лондондағы активтерін жасырып, сотты әуреге салған. Бұл да экономикалық қылмыс санатына жатады. Сондықтан Лондон соты Әбілязовке 11 ай түрме жазасын кесті. Үкім оқылатын күні Әбілязов сотқа қатыспай түн жамылып Францияға қашып кеткен.
Осы кезеңде Ресей мен Украинада Әбілязовке қарсы қаржы алаяқтығы бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Аталған екі мемлекет те интерполға ресми іздеу салып, күдіктіні құрықтаған жағдайда депортациялауын ресми сұратқан. Еуропа бой тасалап жүрген Әбілязовті француз арнайы күштері із кесіп құрықтап, тергеу изоляторына қамады. Кезек бойынша Әбілязовті Ресейге беру керек болатын. Украинаның тиеметі екінші орында, Англия үшінші орында тұрған.
Дегенмен, геосаяси себептерге байланысты Әбілязов Ресейге депортацияланбады. Кейін оған Франция босқын мәртебесін берді. Қазір Әбілязов сол босқын мәртебесінен айрылып отыр. Бұл жағдайда «Әбілязовті Ресейге депортациялайды» деген пікір тумауы керек. Өзара соғысып жатқан Ресей мен Украинаның дәл қазір Әбілязовтің депортациясымен шұғылданатын уақыты жоқ. Ал Англия үшін сот шешімін жүзеге асыру принциптік мәселе. Сондықтан Франция Мұхтар Әбілязовті жазасын өтеу үшін Англияға депортациялауы мүмкін. Ол жазасын өтеп болған соң Бут сияқты Англияның халықаралық саяси саудадағы тауарына айналады.
Ораз Әлімбеков,
Фейсбук парақшасынан алынды