Әбілязовшілер айлаға көшті

none

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың конституциялық реформа жөніндегі мәлімдемесінен кейін саяси партия құруға ниетті белсенділер көбейді. Бұл науқанға әбілязовшілер де белсене кірісіп кетті. Алғашында «мен саясатқа араласпаймын, Қытай қазақтарының құқығын қорғаумен ғана айналысамын» деп, кейіннен шетелде қашып жүрген Мұхтар Әбілязовпен ауыз жаласқан Серікжан Біләшұлы «Атажұрт» атты партия құратынын мәлімдеді. Онымен қатарласа Жасарал Қуанышәлин «Алға Қазақстан» атты партия құратынын жариялады. АҚШ асып кеткен соң Әбілязовтің ығына жығылған Серікжан Біләшұлының партия құру үшін қандай әрекет жасап жатқаны әзірге белгісіз, ал Ж.Қуанышәлин білек сыбанып іске жылдам кірісіп кетті.

Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» заңына сәйкес, құрамында 1000 адамнан кем емес бастамашыл топ жиналуы керек. Қуанышәлиннің айтуынша, ол 2000 қатысушыдан тұратын бастамашыл топ құрмақшы. Себебі, бастамашы топты онлайн тіркеу кезінде кейбір адамдар өзі туралы нақты мәлімет бермейді, аты-жөнін қате жазып жіберетіндер де бар. Тізімді Әділет министрлігі тексеріп, нақты әрі өмірде бар адамдарды іріктегенде тізімдегілердің саны межеден төмендеп кетпеуін қамдау керек. Бастамашыл топтың тізімі бекітілген соң ғана саяси партияның құрылтайы өтеді. Құрылтай өткізудің де нормасы заңда көрсетілген.

Бір қарағанда, екі әбілязовшіл – Біләшұлы мен Қуанышәлин Қазақстан заңдарын мойынсынып, саяси партия тіркеудің нормаларын сақтауға ықыласты секілді көрінеді. Шындығында олай емес. Мұнда кемі бір қулық бар. Екеуі де Мұхтар Әбілязовті және сол құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) ұйымын белсенді түрде қолдайды. Олар мұны ашық айтып жүр. Қазақстанда ҚДТ ұйымы соттың шешімімен экстремистік деп танылып, ұйым қызметіне тиым салынған. Біләшұлының «Атажұрты» да, Қуанышәлиннің «Алға Қазақстаны» да түптеп келгенде экстремистік ҚДТ-ның заңдастырылған филиалы болып шығады, бұл ұйымдарды Әбілязов басқаратын болады.

Қуанышәлин партия құратыны жөнінде мәлімдей сала халықтан саяси ұйым ісіне қаржылай көмек сұрады. Бұл – оның ұрлықы ақшасы көп олигарх Әбілязовтен өзін бөлек етіп көрсету үшін жасаған қулығы. Серікжан Біләшұлы да өзінің миллиондаған оралманға ғана арқа сүйейтінін айтып қаталып жатыр. Ол да осылайша былайғы жұртқа өзін Әбілязовтен тәуелсіз саясаткер ретінде көрсеткісі келеді. Шындығында, екеуін де - Біләшұлы мен Қуанышәлинді Әбілязов қаржыландырып отыр, олар соның нұсқауынсыз бір қадам баспайды. Әрине, олардың бұл қулығына Әділет министрлігі алдана қоймайды.

Әділет министрлігінің «Атажұрт» және «Алға Қазақстан» атауымен партия тіркемей қоюға қақысы бар. Себебі, бір атаумен екі бірдей ұйым тіркеуге алынбайды. Қытайдан көшіп келген қандастардың мүддесін қорғайтын «Атажұрт» деп аталатын ұйым бар. Әділет министрлігіне ресми тіркелген «Атажұртты» Серікжан Біләшұлының бітіспес қарсыластары басқарады. Сондықтан Серікжан Біләшұлының саяси партия тіркету әрекетінен түк шықпайды.

Әділет министрлігі «Алға Қазақстанды» да тіркемеуі мүмкін. Себебі, «Алға!» атауымен қоғамдық қозғалыс бұған дейін болды, кейін оны саяси партия ретінде тіркеу процесі кезінде заң талаптарының бұзылуына байланысты ұйым жұмысына сот тиым салды. «Алға!» ұйымына тиым салу «Жаңаөзен» оқиғасын арандатты» деп айыпталған әбілязовшіл белсенді Владимир Козловтың сотталуына байланысты. Сонымен қатар, Әділет министрлігі 2000-шы жылдардың басында атауында ұқсас сөз кездесетін бірнеше ұйымды тіркеуден бас тартқан. Сондықтан «Атажұрт» және «Алға Қазақстан» атауымен жаңа саяси ұйымның тіркелуі неғайбыл.

Әрине, Мұхтар Әбілязовтің қулығына құрық бойламайды. Екі партияның да тркелмейтінін біле тұра, Әбілязовтің екі бірдей «нөкерін» нәтижесіз іске итермелеуінің бір ғана себебі бар. Әбілязовшілер «бізге партия тіркеуге мүмкіндік бермей жатыр» деп дабыл қақпақшы. Осылайша олар президент Тоқаевтың саяси реформа жасау жөніндегі бастамасына күмән туғызуды көздейді.

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 21.04.2022 143

Қатысты мазмұн