Әбілязов өз еркімен Қазақстанға келмейді

none

Қазақстанда президент сайлауы өтетін 20 қараша күні билікті құлатып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнатамын деп өзінің ессіз идеясын қоймай насихаттап жүрген қашқын олигарх Мұхтар Әбілязов арам ойын ашып қойды. Елдің ішін бүлдіріп, билікке наразы адамдарды көше-көшеге шығарып, қаңтар оқиғасын қайталамақшы. Бірақ өзі бұған «қолын былғамайды». Шетелде жылы жерде отырып бәрін тамашалайды. Қылмыстық жоспары іске асқан жағдайда ғана Қазақстанға келіп ел тізгінін қолына алмақшы.

Қазақстанның жалғыз нағыз оппозициясымын деп ойлайтын қашқын банкир өзіне-өзі пиар жасау арқылы ішіндегі психологиялық комплекстерін жеңуге әрекеттенетін сияқты. «Бүкіл өмірімді режимге қарсы күреске арнап, отыз жыл бойы шетелден билікке қарсы күрес жүргізіп келе жатқан, талай бұқаралық ақпарат құралы мен ұйымға қыруар ақша салған менің оппозициялық күрескерлік тәжірибемнің дүние жүзінде теңдесі жоқ» деп мақтанып қояды. Өйткені өзін Қазақстандағы, тіпті дүние жүзіндегі «ең құнды» саясат қайраткері деп есептейді. Оның ойынша, өзіне төнген қауіппен бетпе-бет келген Саакашвили мен Навальный одан әлдеқайда ақымақ екен. Ал шындығында ол қамалып кетемін деп қорқады. Қамалғысы келмейтінін өзі де айтады. Сондықтан өз еркімен Қазақстанға келмейді.

Өз-өзіне іштей беретін бағасын жоғарылату және жұрт алдында аз-маз бедел жинау үшін тіпті кезінде бұрынғы президент оны өзіне қауіпті саяси оппонент деп есептегенін, сондықтан билік элитасындағы саяси интриганың салдарына оны қамауға алып кейіннен бостандыққа шығарғаннан кейін Назарбаев Әбілязовтан кешірім сұраған деп айтады. Бірақ желідегі видеоматериал бойынша қайта керісінше сол кездегі биліктен өзінің кешірім сұрап, қателескенін, ақымақтық жасағанын айтқанын «ұмытып қалыпты».

Бұған қоса Әбілязовтың шетелге қашуының себебі де таза криминалдық сипатта екені баршаға мәлім. БТА банктен мол қаржы жымқырғаны және БТА банктің өзіне дейінгі басшысы Ержан Тәтішевті өлтіруге тапсырыс бергені үшін айыпталғаны факт. Мұны өзі "ұмытса" немесе қазір басқаша тәпсірлесе, оған халық сене ме? Немесе халықты ақымақ тобыр деп ойлай ма? Дәл солай.

Назарбаевтың командасында министр болып жүргенде Әбілязовтың маңызды шешім қабылданатын кезде жиналыстарға ақшаға толы «дипломат» ұстап келетіні аңызға айналған. Сөйтіп ол тиісті адамдарға пара беріп барлық шешімді өзіне пайдалы етіп қабылдатып келді. Шетелдік инвесторларға елу де елу шартын қойғаны да анық. Тіпті министр Әбілязов келіссөз жүргізу үшін шетелдік ірі компания басшыларының бірін «менің жекеменшік қонақ үйіме барып сөйлесейік» деп шақырғанда, оның «Қазақстанда шенеуніктердің бизнес жүргізуіне бола ма?» деп жағасын ұстағаны анық ақпарат.

Егер сол кездегі жағдай еш өзгеріссіз осылай қала бергенде, Әбілязов одан да мол байлыққа кенеліп, осы уақытқа дейін Назарбаев режимінің ықпалды адамы болып жүретін еді және қаңтар оқиғасынан кейін ғана Дубайға қашып жасырынуына тура келетін еді. Бірақ ол асығыстық жасапты. Саяси интригаға белшесінен батып, ұрлықы ақшасын алып шетел асуына тура келді. Сөйтіп ұры Әбілязов бір күнде «жаңа туған демократ» болып шықты. Оның өкінішіне орай, халықтың санасы мен жадын "перезагрузка" жасап, тазартып қою мүмкін екен. Сондықтан түпкі мақсаты ақша, ол үшін бәрін де сатып жіберетіні мәлім Әбілязов ел үшін лидер бола ала ма?

Айдары: Түтін 06.11.2022 73

Қатысты мазмұн