Өзі басқарған БТА банкін тақырға отырғызып, шетелге қашқан банкир, қазір айтуынша, бір тиынсыз қалған олигарх Мұхтар Әбілязов Франция сотында саяси баспана мәселесін қайта қарау үшін қажет деп халықтан ақша жинаудан жалықпай жүр. Қазақстанның шетелдегі бірден-бір және нағыз оппозиционері деп санайтын оның мәлімдеуіше, қазір қажетті соманың жартысы ғана жиналыпты.
Әрине, елдегі жемқорлық жүйеден шаршаған бірен-саран адам сеніп, жемқорлықтың шебері болған оған аз-маз тиын-тебенін жіберуі мүмкін шығар. Әбілязов әр адам ең азы 500 теңгеден бастап (және одан көп) ақша жіберсе, керек қаражат бір күнде жиналады деп үгіттейді. Бірақ оның ондай аудиториясы жоқ. Қажетті сома жиналған жағдайда, оны өзінің сыбайластары жинап береді, бірақ спектакль үшін «өзін қолдайтын» халыққа алғыс айтып қояды. Оны барынша нанымды етіп көрсетуге тырысады.
Бұған қоса 25 қарашада елде төңкеріс жасап, жаңаша Қазақстан құрамыз – дұрысын айтсақ, «25 қарашада елдегі заңды билікті төңкеріп, маған премьер-министр креслосын дайындап қойыңдар, содан кейін мен келіп сендерге заманауи, әділетті ел құрып беремін» деп популистік ұрандарын алға тартып, қызыл сөзді көпіртіп, актерлік шеберлік саласында жаттығып жүр. Ара-арасында көп қиындық көргенін айтып, өзінің адами келбетін жасауға күш салып, сентиметке орын беріп қояды. Бірақ қарапайым адамдарға пайдасынан гөрі, кесірі көп екенін білетін жұрттың оған ермейтіні анық. 20 қарашада өтетін сотқа 20 миллионы да халықтан жиналмайды.