«Адольфтің» баласы «Адал» партиясында жүр

none

«Адал» партиясы ForbesKazakhstan журналының рейтингі бойынша Қазақстандағы 50 ірі компанияның бірі - «Нефестройсервис ЛТД» компаниясының басшысы Ибрагим Ақдрашевтың ұлы Халиолланы Мәжіліс депутаттығына кандидат етіп ұсынды. Партия басшылығын мұндай шешімге не нәрсе итермелегенін айтпас бұрын, Халиолла Ақдрашевтің «Нұр Отаннан» неге меселі қайтып қалғанын зерделеген жөн.

«Адал» партиясының кандидаттар тізімінде Халиолла Ақдрашевты «кәсіпкер» деп көрсеткен. Дегенмен, Ақдрашевтар бизнесінің құрылымдық жүйесіне көз салсақ, «Нефестройсервис ЛТД» мен оған еншілес компаниялардың түгелге жуығы бір адамның қолында, Ибрагимнің меншігі саналады. Тіпті Атырау қаласындағы сауналар, сұлулық салоны, қонақ үй және басқа да көңіл көтеретін ойын-сауық орындарынан бастап, Теңіз жұмысшылар қалашығындағы «Тропикана» түнгі клубы Ибрагимнің қатаң қадағалауында. Сондықтан Халиолла Ақдрашевты «өз алдына кәсібін дөңгелетіп отырған тәуелсіз кәсіпкер» деп атауға келмейді. Оның бұл саладағы тәжірибесі де жеткіліксіз, кәсіпкерлікті дамыту жолдарын айтатын ойы да шамалы. Оның үстіне, «жас келсе, іске» деген, депутат болып Мәжілісте отыратын уақыты жоқ. Қысқасы, Ақдрашевтар әулетінен отағасы Ибрагимнің депутат болатын жөні бар еді. Бірақ әулет басқаша шешім қабылдап отыр. Неге?

Өзін бірде журналист, бірде әртіс, бірде кино режиссері болып көрсеткісі келетін Ибрагим Ақдрашев осы жылдың басында мемлекеттің экономикалық-әлеуметтік саясатына қарсы әрекет жасады. Елді коронавирус індеті жайлаған тұста әлеуметтік желіде (ютуб) «Живи на 100%» деп аталатын канал ашып, коронавирустың бар екенін жоққа шығарып, насихатты күшейтті. Ақдрашевтің айтуынша, эпидемия кезінде адамдар үйінде тығылып отырмай, фитнес орталықтарына келіп жаппай спортпен шұғылдануы керек екен. Жұрт «қорқыныштың инфекциясына» бой алдырмай, ойын-сауық жасап көңіл көтеріп жүргені дұрыс» деген тұжырым жасады. Мұның бәрі жұқпалы індетпен күресіп жатқан үкімет ісіне әдейі кедергі жасау болатын.

Теңіз кенішінде шоғырланған он мыңдаған жұмысшыға вирус жұғып, мұнай-газ өндіру ісінің тоқырап қалуына да Ақдрашевтар әулеті «үлес» қосты. Әулеттің меншігіндегі «Тропикана» секіліді ойын-сауық орталықтары мен сауналар жұмысшылар арасында вирустың кең таралуына себеп болғанын айта кету керек (мұндай қиямпұрыс істің мән-жайы serke.org сайтындағы «Атыраудағы тұрақсыздық «вирусы» атты мақалада кеңінен жазылған, https://serke.org/news/atyraudaghy-turakhsyzdykh-virusy). Соның кесірінен Теңіз кенішінде эпидемия басталды, үкімет он мыңдаған жұмысшыны басқа қалаларға эвакуциялауға мәжбүр болды. Ибрагим Ақдрашевтың «күйеуі пышақтап тастаған Баян Есентаеваға қатысы» жөніндегі шулы оқиға да оның беделіне нұқсан келтіріп кетті. Оның Жылой ауданы әкімімен «бір қызға бола» жанжалдасып қалуы да өңірдегі билік элитасының Ақдрашевтар әулетіне деген ашуын туғызған еді.

Билік пен «Нұр Отан» партиясы тұтасып кеткенін бәрі біледі. Партияның аймақтардағы филиалдарын облыс, аудан әкімдері басқарады. Сондықтан жергілікті әкімдер де Ақдрашевтар әулетіне қырын қарай бастады. Олар Ибрагим Ақдрашев пен оның туыстарының «Нұр Отан» патиясына баратын «жолын» жауып тастады. «Нұр Отанның» орталық аппаратындағылар да атышулы Ақдрашевтан сақтанып, оны немесе оның фамилиялас туысын партиялық тізімге қосу саяси ұйымның беделіне нұқсан келтіреді деп санаса керек.

Әулетттің бизнесі мен байлығын қорғау және биік мінберден лобби жасап отыру – Ақдрашевтар үшін маңызды бағыттың бірі. Осы мақсатты жүзеге асыруы үшін, «Нұр Отанның» партиялық тізіміне кіруге талпыныс сәтсіз аяқталған соң, әулет Халиолла Ақдрашевты «Адал» партиясына депутаттық қандидаттар тізіміне қосып жіберді. Әрине, баласы әкесінің ісі үшін жауапты емес, дегенмен, «Ақдрашев» дейтін фамилия «Адал» партиясының абыройын асқақтатып, саяси бедел қосып бермейді. Оны партия функционерлері де біледі. Десек те, бұл жерде мәселені ақша шешті...

Ақшасы барды депутат қылуды алғаш тәжірибеге енгізген - «Ақ жол» партиясы. Соның кесірінен былайғы жұрт «рэкет» санайтын атышулы Аманжан Рысқалиев Мәжілістің депутаты болып сайланды да, миллионнан астам доллар төлеп, партияға тиесілі мандат жетпей қалған «ақжолдық» басқа кәсіпкерлер шу шығарған. Бұл шу партия мүшелерінің арасында алауыздықты үдетіп барып әрең басылған болатын.

Депутаттықа кандидат ұсынудың «коммерциялық блогы» деп аталатын бұл тәжірибе «Ақ жол» партиясында әлі де бар. Дегенмен, ол бұрынғыдай миллион доллармен есептелмейді, елдегі қаржы дағдарысына байланысты біршама азайды. Осы тәжірибені Мәжілістің он шақты депутаттық мандатынан дәмелі «Адал» партиясы да енгізіпті. Атыраудан жеткен мәліметке сенсек, Ақдрашевтар әулеті 500 мың берген. Мүшелік жарна, «коммерциялық блог» арқылы келетін табыстың басым бөлігі саяси ұйымның сайлауалды насихатты сәтті жүргізуіне жол ашады. Осы тұрғыдан алғанда «Адал» партиясы ұтады. Ұтылатыны да көп. Мәселе, «ұту» мен «ұтылудың» ара салмағы қанша болады? Гәп - сонда.

Партиялық тізімге енген Ақдрашев батыс өңірде, қала берді Атырау облысында партияның бәсін арттырып, сайлауда жеткілікті дауыс алуға септігін тигізе ала ма? Күмән көп. Керісінше, бала Халиолланың тұлғасы Ибрагим әкенің көлеңкесінде қалып, оған да жағымсыз әсерін береді. Үнемі дау-дамай мен сорақы оқиғаның ортасынан табылатын Ибрагим Ақдрашев қазір өзін жаңа «қырынан» көрсете бастады. Ол әлемді қанға бөктірген фашизм идеясын насихаттағысы келе ме, әлде «атың шықпаса, жер өрте» деген қара пиардан бедел жинағысы келе ме, ойында не бары белгісіз, неміс нацистерінің формасын киіп, фотосессия жасап жүр. Фотоларын отбасылық альбомға тігіп қойып тыныш отырса, мейлі ғой. Жоқ, ол осы суреттерін әлеуметтік желіге жүктеп, халықтың ашу-ызазын туғызып жатыр. Сірә, ол мұны хайп жасау деп түсінсе керек. Оның бұл ісі Екінші дүниежүзілік соғыстан зардап шегіп, қасірет қайғысынан арылмаған миллиондаған қазақстандық сайлаушыны да бейжай қалдырмайды. Сондықтан олар «Адольф» Ақдрашевтың ұлын депутатыққа ұсынып жатқан «Адал» партиясына сайлауда дауыс бермей, сырт айналып кетуі бек мүмкін.

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 30.11.2020 374

Қатысты мазмұн