"Мұқалмас" Әлтаевтың жеке меншігі болған ба?

none

Биыл аты-шулы "тұқым сепкіш" экс-депутат, фейк оппозиционер Нұржан Әлтаевтың қылығынан кейін бүкіл елге мәлім болған "Мұқалмас" бақылаушылар бірлестігі қайта тіркелді. Белгілі болғандай ұйым енді тек сайлау ғана емес, жалпы биліктің әрекетіне бақылау жасамақ екен. 1 қарашада Астанада өткен баспасөз мәслихатында хабарланғандай, "Республикалық "Мұқалмас" қоғамдық бірлестігі – халық бақылауы" деп аталады, сондай оның құрылтайшылар құрамы мен жетекішісі де ауысқан.

Жаңа жетекші Ғазиза Әмірбекованың айтуынша, қоғамдық ұйымның республиканың әр өңірінен ашылған 24 филиалы бар және жаңа басқарма мүшелері де әділет министрлігінде тіркеуден өткен. Ұйым басшысы алда өтетін президент сайлауына бақылау жасауға дайындалып жатқанын және алда жалпы саяси мәселелерге белсене араласатынын, Қаңтар оқиғасына қатысты зерттеулер мен саяси тұтқындардың мәселесінен шет қалмайтынын жеткізді.

Биыл қазанда "Ел тірегі" тіркелмеген партиясының лидері Нұржан Әлтаев "Мұқалмас" республикалық қоғамдық бірлестігі атынан Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде ұсынылғанын жариялаған болатын. Кейін Орталық сайлау комиссиясының алдына "Мұқалмас" қоғамдық бірлестігінің белсенділері жиналып, митинг өткізді. Сөйтсек, "Ел тірегі" ұйымы "Мұқалмас" ұйымының басшыларымен ауыз жаласа келіп, жалпы жиынның хаттамасын бұрмалап өзгертіп, президенттікке кандидат етіп Әлтаевты тіркетіп жіберіпті. Оның бәрін ұйымдастырып жүрген осы Әлтаевтың өзі екен.

Дау-дамайдан кейін "бәрінен ақылдымын" деп құжатты бұрмалап, фальсификация жасаған Әлтаевтың президент лауазымынан үміткер боламын деген жоспарының күл-талқаны шықты. Содан кейін ұйым айлакер саясаткермен ат құйрығын кесті.

Осы оқиғадан кейін абыройы айрандай төгілген және саяси сахнада қандай рөл ойнаймын деп басы қатып жүрген Әлтаевтың эмоциясы әлі де басылмаған екен. Кімнің жобасы болсам екен деп ешкімге қажетсіз болып қалған оппозициялық фейк саясаткер әлеуметтік желідегі парақшасында "МҰҚАЛМАС ҰЙЫМЫН БИЛІК РЕЙДЕРЛІК ЖОЛМЕН ТАРТЫП АЛДЫ!" деп жазып қойыпты. Сірә, Әлтаев "Мұқалмасты" өзінің жеке меншігі деп ойлаған болар.

Айдары: Түтін 02.11.2022 82

Қатысты мазмұн