Жармахан Тұяқбайды оппозицияға кім алып келді?

none

Министр бола тұра, Алтынбек Сәрсенбаевтың 2004 жылғы 19 қыркүйекте өткен парламент сайлауындағы заңсыздық жөніндегі мәлімдемесі оппозиция алаңында ойқастап жүрген Заманбектің саяси маршының жолын кесуге бағытталған алғашқы жария қадам еді. Ол сайлаудағы құйтырқы көзбояушылықтың (подтасовка) жауапкершілігін үкіметтің мойнына артты да, үкіметті (президентті емес) кінәлап, лауазымына доғарыс жасайтынын мәлімдеп, оппозиция алаңына қайта оралды. Заманбекті жуасытудың сценарийі бойынша, Алтынбектен кейін Мәжіліс спикері қызметін атқарып жатқан Жармахан Тұяқбай да тура сондай мәлімдеме жасап, биліктің «есігін» тарс еткізіп қатты жауып кетуі тиіс еді.

«Ірі» саясаткер мен «пәкене» саясаткерді қатар қойса, жұрт бірден «іріні» таңдайды ғой, сондықтан жұртқа сенімді болу үшін білдей Мәжілістің төрағасын, «Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарын оппозицияға алып келіп, оны Заманбектің қатарына қою керек болды. Дегенмен, «көйлегі көк, қарны тоқ болып» билікте жүргенді кім жек көрсін?! Ұзақ уақыт жоғары лауазымды қызметте жүрген адам үшін билік деген есірткі сияқты нәрсе ғой. Оның үстіне, оппозициядағы адам қайтадан билікке келе ала ма?!. Бұл сұраққа да нақты жауап жоқ екенін білді Тұяқбай. Қысқасы, Тұяқбайдың биліктен оппозицияға кетуге құлқы болмады. Осы аралықта оған қатты қысым жасалған сияқты. Оның «Отан» партиясының актив мүшелеріне арналған мәлімдемесі 14 қазанда Назарбаевтың жеке газеті саналатын «Времяда» жарық көрді. «Время выбора» деген сол мақалада Тұяқбай парламент сайлауының оңды жағын атап өтті, ал кемшілігін сипай қамшылап кетті. Оның оппозицияшыл жартыкеш мәлімдемесіне «Заманбекті жуасытуды» ойластырып жоспар құрып жатқандар риза болмады.

Министр орынтағын тәрік қылып, оппозицияға оралған Алтынбек 2004 жылдың 17 қазанында, яғни жексенбінің кешінде Алматыдағы оңаша бір кафеде достарымен демалып отырған. Олардың арасында Алтынбекпен университетте бірге оқыған достары - республикалық басылымдардың басшылары да бар. Кенет Алтынбек өзінің билік олимпісіндегі аса маңызды орнын, үлкен саясаттағы құдіретін көрсеткісі келді ме екен,... ол достарының көзінше Астанада отырған Жармахан Тұяқбайға телефон соқты. Дереккөздің айтуынша, Алтынбек өктем-өктем сөйлепті: «Бәрі «үлкен кісімен» келісіліп, шешіліп қойған мәселе, көп сөзді қойыңыз, мәлімдеме де, баспасөз клубы да дайын тұр, ертең ұшып келіңіз» деп шорт кесіпті. Шындығында да солай болды. Жармаған Тұяқбай ертесіне Алматыға ұшып келіп, 18 қазанда түс ауа Ұлттық баспасөз клубында өзінің атышулы мәлімдемесін жасады: сайлаудың әділ өтпегенін, сайлау заңының нашар екенін тіліне тиек етіп, Мәжіліс төрағалығынан, «Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарлығынан бас тартты. Көп уақыт өтпей-ақ, қараша айында Жармахан Тұяқбай Қазақстан демократиялық күштерінің үйлестіру кеңесінің төрағасы болды. Келесі жылдың басында «Әділетті Қазақстан үшін» ұйымы құрылды, оған да Тұяқбай төраға болып сайланды.

Осылайша 2005 жылғы президент сайлауында Назарбаевқа саяси бәсекелес ретінде Жармахан Тұяқбайдың «біріккен оппозиция» атынан қатысуының негізі қаланды. Мұның бәрі, сол кездері Алтынбекпен тізе қосып әрекет еткен Болат Әбілевтің қазір айтып жүргеніндей, «саяси қателік» болған жоқ, «Заманбекті жуасытудың» - Нұрқаділовтің президент сайлауында Назарбаевпен саяси текетіресіне жол бермеудің стратегиялық жоспары-тұғын. Дегенмен, оппозицияның шынайы демократиялық қанатының қолдауына арқа сүйеп алған Нұрқаділов «оңай шағылатын жаңғақ» емес екен. Оны президент сайлауына қалайда қатыстырмай көткеншектетіп (задний ход) жіберудің тағы бір жоспары үлкен саясаттың күн тәртібіне шықты. Мұны да Алтынбектің оппозициядағы тобы жүзеге асырды

(Ораз Әлімбековтің әлеуметтік желідегі жазбасы)

Айдары: Бақ-бақ 24.01.2024 58

Қатысты мазмұн