Елімізде тасқын су қайда жіберіліп жатыр

none

Су ресурстары және ирригация министрлігі өңірлердегі тасқын судың қалай игеріліп жатқанын мәлімдеді.

«Қазсушар» мекемесінің Атырау облысы бойынша филиалы Жайық өзені арқылы келетін тасқын суды Каспий теңізіне бағыттау үшін қосымша 14,5 шақырым канал қазып жатыр. Бұл Атырау қаласы арқылы өтетін су көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Батыс Қазақстан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы Жайық-Көшім суару жүйесінен Қамыс-Самар көлдеріне ағын суды жібере бастады. Айта кету керек, бұл көлдерге соңғы 20 жылда су бармаған», - деді министрліктің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Ресми өкілдің мәлімдеуінше, 2000 жылдан бері алғаш рет Тобыл өзеніне (Қостанай облысы) судың көп келгені байқалды. Өзен 92%-ға толған, бұл осыған дейінгі жылдармен салыстырғанда әлдеқайда артық. Осы орайда су қоймалары ұзақ уақыт бойы аймақ тұрғындарын қажетті мөлшерде сумен қамтамасыз етпек.

«Астана су қоймасы елорда тұрғындарын ауызсумен қамтуға мүмкіндік береді. Былтыр қоймадағы су көлемі жетіспеді, осыған байланысты Сәтбаев каналынан қосымша су жіберілді. Бұл жұмыс қымбатқа түсті (2 млрд теңге). Ақмола облысындағы «Алва» және «Кеңбидайық» суару жүйелері 100%-ға толды. Сондай-ақ, Целиноград ауданының Қозыкөш, Мұқыр және Қарасу өзендерінің арнасы да толды. Қорғалжын қорығының Теңіз көліне 1,5 млрд текше метр су жіберілді», - дейді ол.

Сонымен қатар Мөлдір Абдуалиева тағы бірнеше облыстағы су тасқыны жағдайына жеке тоқталды.

Батыс Қазақстан облысы

Жайық өзенінен шамамен 1 текше шақырым ағын суды Жайық-Көшім суару жүйесіне жіберудің мүмкіндігі туды.

Қарағанды облысы

Өңірдегі су қоймалары 100% толған. Жиналған су жыл бойы аймақ экономикасының қажеттіліктерін толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Ұлытау облысы

Кеңгір су қоймасынан алғаш рет Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдеріне су жіберілді. Қызылорда облысының Телікөл көлдер жүйесінде судың жоғарылауы байқалады, бұл өңірдің ауыл шаруашылығына қолайлы әсер етуі тиіс.

Алматы облысы

Қапшағай су қоймасына трансшекаралық Іле өзенінен келген су ағыны Балқаш көліне шамамен 2,3 текше шақырым көлемінде экология үшін су жіберуді қамтамасыз етті.

Жамбыл облысы

Тасөткел су қоймасынан Шу өзеніне экология үшін су жіберілді. Бұл су сәуірдің басында Түркістан облысы Созақ ауданына жетті. Тасөткел су қоймасынан су жіберу жұмыстары 1 мамырға дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде Шу өзені арқылы Созақ ауданына шамамен 1 млн текше метр су жіберілуі тиіс.

Павлодар облысы

10 сәуірден бастап Ертіс өзенінің су қоймаларынан табиғатты қорғау іс-шараларына су жіберіле бастады. Бұл Павлодар облысының ауыл шаруашылығына қажетті жемшөп базасымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Су қоймаларынан жалпы көлемі 6,3 млрд текше метр су жіберу жоспарланып отыр.

Дереккөз: inform.kz

Айдары: Найзағай 23.04.2024 28

Қатысты мазмұн