Билікке Боқаевты аңду не үшін керек?

none

Экс-шенеунік, Алматының бұрынғы әкімі Бәйбектің бітіспес оппоненті, белсенді Санжар Боқаев құдды боевикте жүргендей, өзінің ізіне түскен агентті ұстап алыпты. Бұл туралы ол өзінің ютюб арнасында мәлімдеді.

Медеу аудандық ішкі істер басқармасының алдында тұрып түсірген видеосында Боқаев күні бойы өзін заңсыз аңдып, телефон камерасына түсіріп отырған екі агентті анықтап, соңынан біреуін қуып жүріп әлдебір үй-жайдың ішінен ұстап алғанын баяндап, түсірген кадрларын көрсетеді. «Неге қашып жүрсің?», «Қайда жұмыс істейсің?" деп тергей бастаған және бәрін видеоға түсіріп жатқан Боқаевқа «двдшник» ешқандай қарсылық көрсетпей, ұрлық жасаған кішкентай баладай қуыстанып, сүмірейіп қалыпты. Одан кейін Боқаев 102-ге хабарласып, полиция шақырыпты. Оның келгенін, үй-жайға кіріп бара жатқанын, бөлме ішінде тұрғанын камераға жазып алды. Құдды шпиондар туралы мини-фильм.

Ал полиция келгенге дейін оның тұтқыны біреумен жазысып, сөйлесіп, «Ана кісі мені ұстап алды» депті-міш. Полиция келгенде одан «Органда істейсің бе?» деп сұрағанда онысы үнсіз басын изепті. Кейін Боқаевты бөлмеден шығарарда ол тәртіп сақсышысына қызметтік куәлігін көрсетіпті, сонда Санжар «1593» деген цифрларды көріп қойыпты. Ал полицейлердің ұнжырғасы түсіп кетіпті. Боқаевтың «Ол кім?» деген сұрағына жауап бермепті.

Осылайша, Санжар Боқаев мемлекеттік биліктің оны үнемі аңдып жүретінін, яғни одан қорқатынын көрсететін күшті пиар-роликті дүниеге шығарды. Сонда бұл не? Жақсы түсірілген қойылым ба? Әлде Жаңа Қазақстан билігі оны аямай сынап жүрген, Ескі Қазақстан тұсында шенеунік болған, бұрынғы президенттің сенімді адамы Ахметжан Есімовты мақтап жүретін, бірақ сол команданың жас мүшесі, өзінің қызметтен кетірген Бауыржан Бәйбекті мүлдем жақтырмай, коррупционер деп кінәлаудан жалықпайтын белсендінің соны пиар-акциясы ма? Егер қауіпсіздік органдары Санжар Боқаевті шынымен де аңдып жүрген болса, онда оның Дариға Назарбаеваның тапсырмасымен белсенді қызмет атқарып жүргені туралы болжам рас болып көрінеді.

Айдары: Текемет 17.08.2023 68

Қатысты мазмұн