Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, журналистерге аккредитациялау ережесін қатаңдатуды қазақстандық БАҚ-тың бас редакторлары өтініп сұрапты. Бірақ ол ешбір редактордың аты-жөнін айтпады.

Министрдің сөзінше, бас редакторлар басылымда бұрын жұмыс істеп кеткен журналистер қулық жасап, сол БАҚ-тың атынан аккредитация пайдаланып келгенін айтыпты. Мұндай қулықтың алдын алу үшін қандай да бір шараға тіркелу кезінде журналист белгілі бір БАҚ-та жұмыс істейтінін растайтын құжаттың көшірмесін қоса тапсыру керек.

«Қазір көптеген шағымдар түсіп жатыр. Журналистер мемлекеттік органдарға бір шараға барған кезде, олар басқа бөлмелерді де аралап кетеді. Ішкі регламент болған кезде, мұндайға жол бермеу керек. Жұмыс этикасы деген болады, алдын ала сұрау жолдау керек. Біз жауап беруге міндеттіміз. Егер сіз шенеунікті дәлізде кездестіріп қалсаңыз, сауалдар қоюға болады, ал жұмыс кабинетіне кіріп баруға жол берілмейді, ол дұрыс емес» деді Абаев.

Журналистерді аккредитациялау ережесіне өзгерістер енгізу қоғамның алаңдаушылығын туғызып жатыр. Себебі журналиске аккредитация беретін мекеме ғимырат ішінде орынның болмауы, БАҚ пен журналистің еңбек шартының дұрыс толтырылмауы, киімінің сай келмеуі, сақалының өсіп кеткені және басқа да сылтаумен жиынға кіргізбей қоюы мүмкін. Бұл ереже әлеуметтік желі мен түрлі ақпарат құралдарына ақпарат беретін тәуелсіз журналистердің жұмысын тіпті қиындатады. Елдегі сөз бостандығы мен ақпаратқа қол жеткізу еркіндігін шектейді.

Ресми жиындардан ақпарат алуын шектейтін, кәсібіне кедергі келтіретін аккредитациялаудың жаңа ережесіне қарсылық білдірген журналистердің бір тобы Алматы қаласында митинг өткізу жөнінде өтініш түсірді.

serke.org