Күні ертең, 12 наурызда Алматыдағы Опера және Балет театрында Қазақстан жазушылар одағының кезекті құрылтайы (сиезі) өтеді. Онда Одақтың жаңа төрағасы мен оның орынбасарлары сайланады. Бұған дейін бірнеше мәрте мәлімдегеніндей, Одақты 22 жыл жеке-дара басқарған Нұрлан Оразалин сайлауға түспейді, төрағалыққа таласпайды. Осы жағдай Одақ басшылығы үшін таласты тіпті күшейтіп жіберді. Мұны жазушы Совет-Хан Ғаббасұлының (суретте) жан-айқайынан көреміз. Төменде оның Abai.kz сайтына жарияланып, бірақ бір сағат өтпей жатып жойылып кеткен мақаласын сөз бостандығын қалпына келтіру мақсатында қайта жариялап отырмыз.

serke.org

«Қазақстан Жазушылар одағы Құрылтайы делегаттарының наразына!

Құрметті әріптестер! Одағымызда 22 жылдан астам уақыт өткенде үлкен өзгеріс болғалы жатқанынан хабардарсыздар. Өткен пленумда одақтың бұрынғы төрағасы Нұрлан Оразалин өзінің сайлауға түспейтінін мәлімдеген еді. Ол бұл мәлімдемені өз еркімен жасамағанын көпшілік біліп отыр.

Бүгінгі күні Нұрлан мырза төрағалықтан өзінің үміті үзілгеніне әбден көзі жеткеннен кейін қайткенде одақ төрағалығына, ең болмаса оның бірінші орынбасарлығына өзінің сенімді адамын енгізуге жанталаса кірісіп жатқанын көзіміз көріп отыр. Сонымен бірге Құрылтай кезінде өзін мақтап әрі жақтайтын, оның ұсынған адамын қолдайтын бірнеше «ақсақалдың» аты-жөнін сөз сөйлейтіндердің тізіміне енгізіп қойған сияқты. Ол өзінің көптен бергі қолдаушысы болып келген бірнеше адамды ұсынып, олардың өтпейтіні белгілі болғаннан кейін тағы бір қолдаушысы әдебиеттегі өте көмескілеу тұлға Өтеген Оралбаевты төраға, ең болмағанда бірінші орынбасар ету үшін бар күшін салуда. Ал Өтеген Оралбаевтың қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі – Нұрлан Оразалиннің шығармашылығы туралы кандидаттық диссертация болатын.

Құрметті делегаттар! Мынаны естеріңізге сала кетейік: Нұрлан Оразалин баяғы үйреншікті тәсіліне басып, уақытты созу үшін өткен пленумда жасаған есепті баяндамасын тағы да қайталап тұрып алмақшы. Бұған жол беруге болмайды. Сонымен бірге Нұрлан мырза осы Құрылтайда өзінің бір-екі жақтастарына сөз бергізіп, өзін «Құрметті төраға» етіп қалдыруды ұсындырмақшы. Бұл өрескелдікке де ешқандай жол беруге болмайды.

Құрметті делегаттар! Бұл жолғы Құрылтайымызды Нұрлан Оразалин басқарған 22 жылдан бергі әдіс бойынша бас шұлғып, мақұлдап, жаппай қол көтеріп қолдау арқылы емес жаңаша бір белсенділікпен өтсін! Осы жылдар ішінде жұртшылық алдында қадыр-қасиеті кетуге жақын қалған одағымыздың абыройын асқақтататын азаматтарымызды төрағалыққа ұсынайық!

Бір топ жазушылар атынан жазушы, проф. Совет-Хан Ғаббасұлы»