Жақында ғана жаңа басшысын сайлап алған Қазақстан Жазушылар одағының төңірегінен тағы да шу шықты. Бұл жолы Жазушылар одағына қарасты «Жұлдыз», «Простор» журналдары мен «Қазақ әдебиеті» газеттерін біріктірген «Қаламгер-Медиа» орталығының директоры қызметін 2008 жылдан бері атқарып келе жатқан Жанарбек Әшімжан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында қазақтың белгілі ақыны Мұқағали Мақатаевты саналы өмірін ішумен өткізді, қазақ тілі мен қазақ рухы үшін күреспеді деген сыңайда жазылған өлеңді жариялап (суреттерде), былайша дабыл қақты:

«КЕЗЕК МАҚАТАЕВҚА КЕЛДІ МЕ? Енді қазақ поэзиясының даңқты тұлғасы Мұқағалидың әруағына тас ату басталды ма?.. Әй,соры қайнаған... Біткен екенбіз ғой... Надандық пен пасықтықта,жарыместікте шек болса ше?Мына шатпақты тақпақ еткен қос аяқты кім болса да есінен ауысқан шығар,сірә... Масқара... Абай... Жамбыл... Сәкен... ендігі кезек күллі қазақ жата жастана оқитын Мұқағалиға келіпті... Бұл кімнің шатпағы?Ұлыларымызға тас ату қашан тиылады?» деп торықты Жанарбек Әшімжан.

Бірақ, «Мұқағалидың әруағына тас атқан» өлең авторының кім екенін Жанарбек Әжімжан құпиялап, айтқысы келмегенімен, оның жерлестері былай тұрсын, Нұрлан Оразалиннің Жазушылар одағын 22 жыл басқарып келуіне мүдделі топ өкілдері ақын Мұхтар Шахановқа дүрсе қоя берді. Қарағанды өңірінде тұратын ақын Серік Ақсұңқар да бұл байбаламға үн қосып тастады.

«МҰХТАРДЫҢ МҰҚАҒАЛИДА НЕСІ БАР?!

Ұят қой?! Мынаның ақыл-есі дұрыс па?! Мұқағали---қазақ жырының ХХ ғасырдағы қорытпа саф алтыны емес пе еді?! Қайдан жүр бұл шатпақ?! Сілтемесін салмайсыңдар ма? Қазақ жырының босағасынан имене аттап, енді оның төріне нәжісін тастап, талтаңдап кетіп бара ма бұл ағамыз?! Абайдан--Махамбетті жоғары қойып еді... Асау ақынның бір эмоциясы шығар дедік оны. АБАЙ--Алаштың Рентгені! Біздің бәріміз де кеудемізді ашып, соның алдында тұрмыз ғой? Ішімізде нендей өрт, кеудемізде қандай дерт? Соның бәрі содан көрініп тұрған жоқ па?! Ендігісі--мынау?! Бір кезде бәрімізге пір болған кісінің мұнысы несі?! Бұл шынында Мұхтар Шаханов па?!.» деп «таңданды» Серік Ақсұңқар.

Шындығында, бұл өлеңнің авторы Мұхтар Шаханов екенін бәрі біледі. Осы және басқа да қазақ ақын-жазушыларын сынап-мінеп тастаған Мұхтар Шахановтың өлеңдер топтамасы (кітабы) 12 мың данамен баспада басылып жатыр. Наурыз айының басында кітаптың 10 данасы (сигнал нұсқалары) авторға берілген. Ол оны біраз адамға сыйлық ретінде таратып тастады. Атақты ақын Мұқағали Мақатаев туып-өскен өңірде дүниеге келген Жанарбек Әшімжан әлеуметтік желіде жариялаған өлең сол кітаптан алынған болатын. Оның өлең авторын айтпай, ауатаяқ сын жазба жариялауында гәп бар: интриганы ширықтырып әбден қоздату және бұған Мұхтар Шахановтың көп нәрседен хабарсыз жақтастарын да кірістіріп жіберу. Себебі, қазақ поэзиясында ойып орын алған Мұқағали Мақатаевтың «әруағына тас атылған» кезде арқасы қозбайтын қазақ қалмайтыны белгілі. Жанарбек Әшімжан осы мақсатына жеткен сияқты. Дегенмен, осы тұста Жанарбек Әшімжанның Нұрлан Оразалиннің тапсырмасымен жұрттан құпиялап отырған басқа мақсатын айта кеткен жөн.

Наурыздың 12-і күні Жазушылар одағын 22 жыл басқарған Нұрлан Оразалин қызметінен кетті. Құрылтай кезінде жазушы Қабдеш Жұмаділов пен ақын Мұхтар Шаханов ащы тілмен Нұрлан Оразалинді оңдырмай түйреп алғанын дүйім жұрт біледі. «Оразалин ұлттық мүддеге келгенде Қоразалин болмады. Тауықәлин, Шөжалиннің деңгейінде самғады. Ол биліктегі басшылардың туфлиін шеберлікпен жалады. Оның еңбегі сол. Бұл да қазіргі кезеңнің үлкен өнері» деген еді Мұхтар Шаханов.

Әрине, Шахановтың мінбеде тұрып айтқан бұл сөзі Жазушылар одағын амалсыздан қимай кетіп бара жатқан қамкөңіл Оразалинге ауыр тиіді. Ол да жауап сөзіне «Шаханов – Шакалов» деген тіркесті қосып жіберген. Бірақ, шындығына келсек, Жанарбек Әжімжанның қазір қоздатып жатқан интригасы құрылтайдағы Шаханов-Оразалин «айтысына» қатысы жоқ. Оразалинді ағасындай көріп, соның шапағатына талай жыл бөленіп жүрген Жанарбек Әжімжанның ішкі қыжылы басқа нәрседен туындап жатыр.

Жазушылар одағын ширек ғасырға жуық басқарған Оразалин кетті. Оның орнына келген Ұлықбек Есдәулет жаңа команда жасақтап жатқаны белгілі. Одақ төрағасының орынбасары болып Бақыт Беделхан, Ақберен Елгезек, Мереке Құлкенов сайланды. Жаңа басшылықтың алдында қиын сынақ тұр: Одақ қызметкерлеріне берілмеген жалақы көлемі 36 млн теңгеге жеткен. Басқа да проблемалар шаш-етектен. Мұның бәрі Оразалиннің Ұлықбек Есдәулет командасына қалдырып кеткен «мұрасының» бір бөлігі ғана...

Жазушылар одағына келген жаңа басшылық ұйымның жұмысын жолға қою үшін қаржы көзін іздестіреді. Мұнымен Одақ төрағасы орынбасарларының бірі Мереке Құлкенов шұғылданатыны белгілі. Ол Одаққа тиесілі (немесе тиесілі болған) дүние-мүлікке аудит жасауды бастайды. Ол Одақтың Алматы облысындағы жоғалып кеткен алма бағын, тау бөктеріндегі Шығармашылық үйіне тиесілі болған жер телімінің бір бөлігі кімге жырамдалып берілгенін, Одақ ғимараттарының арендасынан түсетін қаржы көлемін анықтауды бастайды. Бұдан туындайтын сұрақтың бәрі Оразалинге, оның командасына бағытталатыны анық. Оразалиншілер осы даудың алдын алып жатыр. Осы тұста Жанарбек Әшімжанның Мұқағали Мақатаевтың әруағын саяси саудаға салып, Шахановқа шүйлігіп жатуының себебі де жоқ емес. Ол Шахановқа «халықтан кешірім сұра, Мақатаевтың әруағынан кешірім сұра» деп шантаждап, сол арқылы Мереке Құлкеновтің желігін баспақшы. Себебі, Мереке Құлкенов Мұхтар Шахановтың жақтасы, екеуі талай жылдан бері қоғамдық-саяси істерде тізе қосып, ұлт мүддесі үшін күресіп келеді. Екеуінің де Одақты 22 жыл басқарған Оразалинге бітіспес оппозиция болғанын білеміз.

Оразалиннің командасының белді мүшесі саналатын Жанарбек Әшімжанның дегбірін кетіріп, «соққы тимей жатып, жұдырығын бірінші болып ала жүгіріп», шабуылдап кетуінің тағы бір себебі бар. Одақтағы құпия дереккөздің мәлімдеуінше, бір-екі аптаның ішінде Жанарбек Әшімжан Жазушылар одағындағы қызметінен қуылады. Бұл Жазушылар одағын оразалиншілерден тазалау «операциясы» аясында жасалып жатқан шаруа. «Операцияға» Одақ төрағасының жаңадан тағайындалған орынбасарларының бірі Бақыт Беделхан да ілігіп кетуі мүмкін. Себебі, ол да Нарынқол жақтың тумасы. Оны осылай деп азғырған болуы кәдік, Ұлықбек Есдәулет інісіндей жақсы көріп жүрген Беделхан оразалиншілерге үн қосып, Мақатаевтың «шотын шауып», Шахановтың «жанды жеріне» тілін сұққылап жатыр. Оның сатқындыққа иеңестірілген бұл қылығын ерте ме, кеш пе, Есдәулет командасы ескерусіз қалдырмайды» дейді дереккөз.

Қазір Мұхтар Шаханов тамағы ауырып ауруханада жатыр. Оның жақтастарының айтуынша, Шаханов Оразалиннің тапсырмасы бойынша ұйымдастырылған Әшімжанның әрекетіне қарсы мәлімдеме дайындауда екен. Мәлімдеме өлең түрінде болуы да мүмкін. Бірақ, Мұхтар Шаханов оразалиншілердің талабын орындамайды: өлеңі үшін халықтан да, Мұқағалидің әруағынан да кешірім сұрамайды. Ақынның мәлімдемесі оразалиншілерге қарсы бағытталып, Жазушылар одағы төңірегінде туындаған дауды одан бетер өршіте түседі деп болжам жасауға негіз беріп тұр.

Берік Мыңжасар