Тараз әкімі Ғалымжан Әбдірайымов қаладағы тұрмысы нашар отбасылардың шиеленіскен әлеуметтік мәселесін қарапайым халықтың есебінен шешпекші. Мұндай жағдайда басты ауыртпалық онсызда жалақысы мардымсыз мұғалімдер мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне түседі. Әкім кеше Тараз қалалық мәслихатының кезектен тыс 42 сессиясында көп балалы отбасыларды қолдап, оларға көмек көрсету туралы ұсыныс жасады. Ал депутаттар дәл қазір өзекті болып тұрған проблеманы шешуге қаржы көздерін іздеп, мәселеге кешенді қарап жатпады, қарапайым халықтан жылу жинау үшін қала тұрғындарына үндеу жариялады.

Мәслихат депутаттары үндеуін «Құрметті қала тұрғындары!», «Құрметті тараздықтар!» деп бастады. Алдымен «Тұрмысы төмен азаматтарға қол ұшын созып, қолдау көрсету – адамгершілік парызымыз. Бұл ұлттық дәстүріміз арқылы біздің сүйегімізге сіңген қасиет. Қиын сәтте көмекке мұқтаж бауырларымызға жәрдем беру баршамыздың азаматтық міндетіміз» деп міндетсіп алды.

Бұдан кейін «Халықтың әл-ауқатын көтеруде, аз қамтылған отбасылар мен көп балалы аналарға қамқорлық жасауға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, басқа да әлсіз топтардың тұрмысын жақсартуға белсенді атсалысайық! Қаламыздың барша тұрғындарын, қалталы азаматтар мен кәсіпкерлерді, үкіметтік емес ұйымдарды, мемлекеттік және бюджеттік мекемелерде, кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкерлерді бір күндік айлық жалақыларыңызды аударуға шақырамыз!» деп жылу жинауды бастап кетті.

Үндеудің ең сорақы тұсы сол, жылу ақшаны «Көне Тараз» қоғамдық қорынның» есепшотына жинамақшы. Бірақ үндеуде бұл қордың кімге тиесілі екені айтылмады. Анығы – қордың атауы айтып тұрғандай, мемлекеттің қарауындағы ұйым емес. Бұл қорға жиналған қаржыны кім қадағалайтыны да түсініксіз болып тұр.

Үндеу әлеуметтік желіге жариялана сала көп балалы аналар мен тұрмысы нашар отбасылардың проблемасын халықтың есебінен шешуге наразылық күшейді. Жұрт қала басшылығына аста-төк тойлар мен форумдар өткізіп, ешкімге пайдасы жоқ ескерткіштер салуды доғаруға шақырды. Кейбір пікір айтушылар онсыз да сіңірі шыққан халықты сора бергенше, шенеуніктер көп балалы аналарға дүние мүлкін бөліп берсін деп жатыр. Қалай айтса да, қалалық мәслихат депутаттарының үндеуі халықтың көңілінен шыққан жоқ, қайта ушығып тұрған әлеуметтік проблеманың қызарған шоғына май тамызғандай әсер етіп тұр.

serke.org