Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жарылыстан кейін Түркістан облысының әкімдігі аймақта төтенше жағдай жариялады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласының тұрғындарын толық эвакуациялау қажет екенін мәлімдеді.

"Жарылыстың ауқымын көріп, Арыс қаласын толық эвакуция жасауымыз керек. Сондықтан барлық бағыттар бойынша арнайы көліктер адамдарды жақын маңдағы елдімекендердегі арнайы лагерьлерге апарады" деді Шөкеев.

24 маусымда Арыстағы әскери қоймада жарылыс болды. Жарылыс жайлы хабар таңғы 9.20-да түскен. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Арыстағы Қазақстан қарулы күштері бөлімдерінің бірінде өрт шығып, салдарынан әскери оқ-дәрі жарылған. Төтенше жағдайлар комитеті өртті сөндіру үшін ондаған өрт сөндіруші мен техника жұмылдырылғанын айтты.

Облыс әкімдігі Ордабасы және Отырар ауданында әрқайсысы жүз орындық екі госпиталь ашылғанын хабарлады.

Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жарылыстан зардап шеккен 25 адам Шымкенттегі № 1 қалалық ауруханаға жеткізілді. Оның бесеуі - бала. Аурухана бас дәрігері Абылай Донбайдың айтуынша, халі ауыр үш адам жан сақтау бөліміне жатқызылған. Бұдан бөлек, Отырар ауданындағы орталық ауруханасында Арыстағы жарылыстан жапа шеккен 34 адамға медициналық көмек көрсетілген.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter парақшасына "қорғаныс, ішкі істер министрлеріне және Түркістан облысының әкіміне Арыс қаласындағы әскери бөліміндегі оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстың зардаптарын жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырдым. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жарылыстың себептерін анықтау қажет" деп жазды.