Арнайы "Жусан" операциясының нәтижесінде елге оралған қазақстандықтардың бірі Сириядағы көзбен көрген сұмдықтарын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарнаның мәліметінше, қазір олар Ақтаудағы бейімдеу орталығында, оларға барлық жағдай жасалған. Орталықта бөбектерге балабақша, жеткіншектерге арнайы мектеп ашылған.

Сириядан жеткізілген отандастарымыздың бірі Жаннаның елден кеткеніне 5 жылдан асыпты. От пен оқтың ортасына махаббатқа сеніп, күйеуімнің артынан ердім деген ол, жан жарын ниетінен қайтаруға тырысқанын айтады. Алайда Жанна Түркиядан күтіп алған күйеуімен бірге Сирияға өтіп кетеді. Бірақ 1 жарым жыл бұрын жары сол жақта қаза тапқан.

"Ол кезде менің аяғым ауыр болды. Күйеуім баланы тастап өзің қайта бер деді. Өлемін осы жақта деді. Басында бәрі әдемі ғой. Тұратын үй ішінде бүкіл дүниесі болды. Бәрі бар. Әйел болғасын қызықтық. Ракка деген қалада болған кезде небір қуыстармен жүрдік. Сонда адамдардың бастары ілініп тұрды. Соны көріп қатты жыладым.", - дейді қазақстандық әйел.

Жаннаның айтуынша, ол Қазақстанға қайтатынына ұзақ уақыт сенбеген.

"Ұшақтан түскен кезде жылайтын да, күлетін де шама болған жоқ. Үйіме туған жеріме қайтқаныма біразға дейін сене алмай жүрдім. Енді бір мүмкіндік береді деп ойлаймын. Мүмкіндік берсе, балаларымды дұрыс тәрбиелеп, түзу жолға түскіміз келеді", - дейді ол.

Телеарнаның мәліметінше, қазір олардың құжаттары реттеліп жатыр. Дегенмен әлеуметтік қызметкерлер жат сенімнің жетегіне еріп, Сирия асып кеткен жерлестерімізді қайта бейімдеу ұзаққа созылатынын жасырмады. Ал адасып қайта үйірін тапқандар туған-туысқандарымен кездесуге асығып отыр.