Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты республикалық қоғамдық-саяси "Темірқазық-Ой" газетінің бас редакторы Анаргүл Сүлеева және онымен бірге тағы үш адамның - Әбдіраман Тұрмағанбетов, Бағила Қадырбаева, Хабиддин Рахманбердиев ісін қарай бастады. Аудандық соттың там-тұмдап таратқан ақпараты бойынша, күдіктілерге Қылмыстық кодекстің 147-баптың 5-бөлігі («Жеке өмiрге қол сұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу») , 125-баптың 2-бөлігі («Адам ұрлау»), 274-баптың 3-бөлігі («Көрінеу жалған ақпарат тарату»), 293-баптың 2-бөлігі («Бұзақылық»), 311-баппен («Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату») айыптары тағылған. Бұл сот жәбірленуші ауыл имамының арызы бойынша қаралады. Сот жабық жағдайдай өтіп жатыр. Себебі, жәбірленуші соттан журналистер мен іске қатысы жоқ адамдарды процеске кіргізбеуді талап еткен.

Десек те, бұл істің мән-жайы баяғыдан белгілі. Осы жылдың басында "Темірқазық-ой" газетінің бас редакторы Анаргүл Сүлеева (2-суретте) қамауға алынғанда оның және онымен бірге қылмыстық жауапкершілікке тартылған үш адамның не бүлдіргені айтылған. Анаргүл Сүлеева (ол өзін кейде «Анар» немесе «Анара» деп таныстырады) 2016 жылдың басында «Әділдікті қорғайық» қоғамдық бірлестігінің тілшілері Бағила (3-суретте) Қадырбаева және Хабиддин Рахманбердиевпен бірігіп, ауыл молдасы Асабай қажы Тасқараевты кафеге отырғызып, алдап арақ ішкізіп, удай мас қылып жалдамалы пәтерге алып барған. Сол жерде есін еміс-еміс білетін қажыны тырдай жалаңаш шешіндіріп, видеоға, суретке түсірген. Одан соң, қажыны жалаңаш күйінше көшеге алып шығып келеке қылып, онысын тағы да бейнекамераға жазып жүрген. Сағат түнгі екі шамасында жалаңаш күйіндегі А.Тасқараевты үйінің алдына түсіріп, бұл сәтті де бейнекамераға жазып алған. Кейін бейнематериалдың бәрін интернетке салып жіберген.

Асабай қажы Тасқараевтың (5-суретте) айтуынша, «Әділдікті қорғайық» қоғамдық бірлестігінің журналистері мұндай сорақы әрекетті әлдебіреудің өзін масқаралау үшін арнайы тапсырысы бойынша жасаған. Бірақ оның кім екенін, журналистердің одан қанша ақша алғанын дөп басып айта алмады, тек өзінің бұрынғы құдасына күмәнмен қарайды. Журналистерге тапсырыс содан түсті ме деп ойлайды.

2016 жылдың басында болған оқиғаға кінәлі адамдарды екі жыл өткен соң ғана жауапқа тартудың астарында гәп бар. Бұрын «қажыны масқаралау операциясына» қатысқан журналистер өзара тату болған. Кейбір мәліметтерде, күмәнді іспен айналысқан бұл топқа алпыс жасты алқымдаған Бағила Қадырбаева басшылық жасаған. Ол өзін былайғы жұртқа «Нұр Отан» партиясының белді мүшесімін» деп таныстырып, «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасымен Шымкенттен үй алып бере алатынын айтып, «қамқоршы журналистің» кейпін көрсетіп жүріпті. Тіпті, мемлекеттің есебінен тегін үй алудан үміттенген қауым өздерінің «қамқоршысын» «Домалақ ана» деп атап, құрметтеп, ардақтапты. Әрине, «Домалақ ана» «құрғақ қасықсыз» жүрмейтін. Сотқа жеткен тергеу мәліметінде Бағила Қадырбаева кемі 19 адамды алдап, алаяқтықпен жалпы сомасы 90 миллион теңгесін иемденіп кеткені айтылады.

Бағила Қадырбаеваның алаяқтығына қатысты 2016 жылдың күзінде өткен сот отырысына Анаргул Сүлеева мен Хабиддин Рахманбердиев куә ретінде қатысқан. Олар да Шымкенттен бюджеттік үй алғысы келетін таныс-туыстарының ақшасын Бағила Қадырбаеваға жеткізіп беріп, екі арада делдал болған. Бірақ, сотта «Темірқазық-Ой» құқықтық-ақпараттық газетінің бас редакторы Анаргул Сүлеева өзінің әріптесі Хабиддин Рахманбердиев сияқты бейтарап позиция ұстанбады, «Домалақ анаға» (Бағила Қадырбаеваға) кәрін төге сөйледі. Тіпті, ол Б.Қадырбаеваны жұртты алдау үшін «гипноз қолданды» деп айыптап, «мен бұл мәселені соңына дейін жеткізбей қоймаймын» деп доқ көрсеткен еді...

«Қажыны масқаралау операциясына» қатысқан Хабиддин Рахманбердиев 2017 жылдың күзінде қамалды. Ал Бағила Қадырбаева ұлы екеуі алаяқтығы бойынша жазасын өтеп жатқан тұғын. Асабай қажы Тасқараевтың арызы бойынша бұл екеуі қайта тергеуге алынды. Тергеу кезінде Рахманбердиев пен Қадырбаева алшаң басып бостандықта жүрген Анаргул Сүлеева көрсеткен сияқты. Көп уақыт өтпей-ақ ол да қамауға алынды.

Бұған дейін жәбірленуші Асабай қажы Тасқараев өзін масқаралау үшін арнайы тапсырыс берген адамға анық көзі жетпеген соң атамаған. Тергеу кезінде журналистер өздерінің кімнен тапсырыс алғанын мойындаған сияқты, енді «қажыны масқаралау операциясына» қатысты айыпталып жатқан төртінші адам ретінде бұрын ОҚО Ордабасы аудандық мәслихатының депутат болған Әбдіраман Тұрмағанбетовтің (4-суретте) аты аталып жатыр.

«S»