Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мырза!

Мен, Сайрагүл Сауытбай, 16.09.1976 жылы Қытай Халық Республикасы, Іле-Қазақ автономиялы облысы, Мұңғол-Күре ауданы, Ақаяз ауылында дүниеге келгенмін. Жоғары оқу орнын аяқтап, 2018 жылы Наурыз айына дейін Мұңғол-Күре аудандық оқу-ағарту басқармасының директоры болып істедім. Қытайдың мұсылмандарға арналған «Қайта тәрбиелеу (концлагерь) орталығында» мені сабақ беруге мәжбүрледі. Онда мен бір жылға жуық жұмыс істедім. 2016 жылы жұбайым мен екі балам тарихи отанымызға оралу үшін Қазақстанға қоныс аударды. Ал мен қытай компартиясының мүшесі және мемлекет қызметкері болғандықтан, олармен бірге кетуге мүмкіндігім болмады. Қытай үкіметі төлқұжаттарымды тартып алып, Қазақстандағы отбасыма, балаларыма уақытылы келе алмадым. Хабарласуға да үзілді-кесілді тыйым салынды.

Қытайдың мұсылмандарға жүргізіп жатқан фашистік саясатын білген жұбайым Қытайға барудан бас тартып, 2017 жылы маусым айында екі баламен Қазақстан азаматтығын алды. Қытайдың құзырлы органдары жолдасым мен екі баламның қазақ азаматтығын алғанын білген соң, мені қудалап, қатаң тексеруге алды. Алдымен директорлық міндетімнен алып тастап, іле-шала концлагерьге (түрмеге) жабу жөнінде шешім шығарды. Үш жылға сотталғанымды білдім. Өзім тірі шықсам да, жынданып шығатыныма көзім әбден жетті.

Осындай өлім мен өмірдің ортасында жедел шешім қабылдап, не көрсем де ата-мекеніме жетіп, балаларымды бір көріп барып өлуге бекіндім де, шекарадан құжатсыз өтуге мәжбүр болдым. 21.05.2018 жылы Ұлттық қауіпсіздік мекемесі үйімнен алып кетті. Үш ай түрмеде отырдым. 01.08.2018 жылы өзіңіздің дана саясатыңыз бен әділ сотыңыздың арқасында бостандыққа шығып, Қазақстанда уақытша қалдырылдым. Содан бастап Астанадағы құзырлы органдар маған екі мемлекет арасындағы экономикалық және дипломатиялық жағдайға әсер ететін ешқандай артық сөз айтуға болмайды, ақпаратқа таратуға болмайды деп, сыртқа шығуыма шектеу қойды.

Осы шарттарды орындағанда ғана тездетіп азаматтық алып береміз деп уәде берді. Бірақ 04.10.2018 жылы Талдықорған мен 29.12.2018 жылы Астанада маған босқын мәртебесін беруден бас тартты. Осындай жағдайда барар жер, басар тауым қалмай, өзіңізден ғана пана тілеп, бірнеше мәрте хат жолдадым.

Мен секілді балапандары үшін шырылдаған бір бейшара ананың тағдыры қазір сіздің төрелігіңізге қарап тұр. Ана ретінде, қазақтың бір қызы ретінде аңсап жеткен қазақ елінде отбасыммен, балаларыммен қауышып, еркін өмір сүруіме мүмкіндік беруіңізді сізден өтініп сұраймын!

Сізге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілеймін.

Сайрагүл Сауытбай!

19.02.2019 жыл.